Үкімет жалдамалы жұмыскерлерге жойқын соққы жасамақ

4427

Қазақстанда ереуілдер қайтадан күш ала бастағандай. Осы орайда Тамара Дүйсенованың командасы ұсынып отырған заңнамалық өзгерістер әлеуметтік кернеудің күрт күшеюіне соқтыруы ғажап емес.

Үкімет жалдамалы жұмыскерлерге жойқын соққы жасамақ

Finprom мониторинг агенттігінің дерегінше, Қазақстан бүкіл Орталық Азиядағы наразылары ең көп елге айналыпты. Өңірдегі 5 наразылық шарасының 3-еуі Қазақстанда өтеді. Бұл ретте соңғы 3 жылда аймақта ұйымдастырылған барлық шерулердің 84%-ы Қазақстан мен Қырғызстанға тиесілі болған.

Сарапшылар Қарулы қақтығыстар оқиғалары мен олардың мекенжайы туралы дерекқор жобасының (ACLED) мәліметіне жүгініп отыр. Олар наразылыққа жемқорлық, демократияның аздығы, жұмыссыздық, кедейлік, биліктің халық өмірі мен тұрмысын нашарлататын шешімдер қабылдауы себеп болатынын атады. Салдарынан, соңғы үш жылда Қазақстанда шерулер саны 1,3 есеге өсіп шыға келген.

Сонымен бірге қарсылық шараларының көбін – 92%-ын ереуілдер мен бейбіт акциялар құрайды.

Сарапшылар осы салаға жауапты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ереуілдерге түрткі, бас көтерулерге триггер болатын факторларды жоя алмай отырғанын сынап жүр.

Осы орайда Учет.kz порталы Дүйсенова командасының оғаш бастамасына назар аудартты. Өйткені министрлік ұсынып отырған норма азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттармен (АҚС шарттары, орысша – договор ГПХ) жұмыс істейтін барлық жұмыскерге қосымша салмақ артқалы тұр. Министрлік осы арқылы Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының барған сайын артқан шығындарын өз бетінше нәпақа тауып жүрген азаматтарға аудара салуға ниеттеніп отырғандай.

Негізі, қазіргі кезде аутсорсинг пен аутстаффингке көшкен қаншама жұмысшы АҚС шарттарымен жұмыс істейді. Ал олар протесттік электораттың ең белсенді қанаты екені мәлім. Бұған қоса, қазіргі уақытта Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің көбі де АҚС шарттарымен істейді. Сондықтан осы норманы ұсыну арқылы онсыз да астындағы орынтағы шайқалған Үкіметтің отпен ойнап жүргені байқалады.   

"Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттармен қызмет атқаратын азаматтарға енді әлеуметтік аударымдарды да аударуға тура келмек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа Әлеуметтік кодексті әзірледі. Кодекс жобасы талқылауға шығарылып отыр. Әлеуметтік кодекстің ең маңызды жаңашылдықтарының бірі азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарға қатысты", – деп хабарлады бухгалтерия саласына маманданған Учет.kz порталы.

Министрлік "ҚР Әлеуметтік кодексін" Ашық НҚА порталында қоғамдық талқылауға шығарып отыр. Ол сондай-ақ қандастардың да жағдайын нашарлатады. Оларға да енді ай сайын шығындалып, табысының бір бөлігін МӘСҚ қорымен бөлісуге тура келеді.

Кодекс жобасының шикілігі бірден көзге ұрып тұр. Мысалы, мемлекеттік тілдегі нұсқасында баптар нөмірленбеген: "-бап" деп тұр.

Сонымен Әлеуметтік кодекстің орысша нұсқасында көрсетілгендей, 247-бапта мынадай өзгерістер ұсынылған:

"1. Міндетті әлеуметтік сақтандыруға жатады:

4) ҚР заңнамасына сәйкес салық агенттерімен жасалған азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын, оның ішінде Қазақстандағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, шет мемлекеттердің Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерінде және консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар (бұдан әрі – азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын жеке тұлғалар);

5) Қандастар, сондай-ақ Қазақстан аумағында тұрақты тұратын, Қазақстан аумағында табыс әкелетін қызметті жүзеге асыратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

6) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Кодекстің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар; 6) тармақша БЖТ алып тастау бөлігінде 01.01.2024 ж. дейін қолданылады

7) Интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, қызметтер көрсету (Жұмыстарды орындау) жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар жатады".

Соңғы бөлім блогерлерге қатысты.

"Әлеуметтік кодекс осы күйде қабылданып кетсе, жұмыс берушілерімен АҚС келісімшарттарын бекіткен қазақстандықтар міндетті әлеуметтік сақтандыруға шығындалуға мәжбүр болады. Құжат оларды МӘСҚ қорына әлеуметтік жарналар төлеуге міндеттемек. Қазіргі уақытта өзімен АҚШ шарттарын бекіткен жеке тұлғалардан компаниялар жеке табыс салығын (ЖТС), зейнетақылық жарналарды (МЗТ) және медициналық сақтандыру жарнасын ұстап қалады", – деп түсіндірді Учет.kz.

Оның мамандары АҚС шарттары бойынша МӘСҚ-ке әлеуметтік жарнаны төлеуші ретінде жұмыс беруші анықталатынын айтады: "Яғни, әлеуметтік аударымдарды жұмыс беруші жеке тұлғаның жалақысынан, табысынан ұстап қалмайды, өз есебінен төлейді". 

Демек, онсыз да еңбекақы қоры жөнінен жүктемесі салмақты жұмыс берушілерге қосымша ауыртпалық түскелі тұр. Оны жеңілдету үшін көптеген компания АҚС шартымен жалдаған жұмыскерінің табысын азайтып, соның есебінен МӘСҚ-ке жарна аударуға көшетіні сөзсіз.

Салықтық агенттер, жұмыс берушілердің есепші-бухгалтерлері АҚС шарттары бойынша қызмет көрсететін жеке тұлғалар үшін келесі айдың 25 күнінен кешіктірмей, МӘСҚ-ке әлеуметтік аударым аударуға тиіс.

Оның үстіне Үкіметтің араны ашылып, жарнаны ұлғайтпақ. Әлеуметтік кодексте әлеуметтік аударымдардың ставкасын ұлғайту көзделген.

"Параграф 2. Әлеуметтік аударымдар. бап. Әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесі: Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар немесе өз пайдасына төлеушілер қорға төлеуге жататын әлеуметтік аударымдар әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 3,5 пайызы, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді", – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Әлеуметтік кодекс жобасында.

Жалпы өз күнін өзі көріп жүрген азаматтарға биліктің тізесі қатты батып бара жатқаны байқалады. Жасыратыны жоқ, АҚС шарттарымен жалданған мамандар мен жұмысшылар – Қазақстандағы ең қорғалмаған жұмыскерлер. Олардың ай сайын алатын тұрақты жалақысы жоқ, табысы тек атқарған жұмысы мен қызметінің көлеміне байланысты болады. Ауырса, еңбекке жарамсыздығы үшін төлем алмайды. Салдарынан оларға сырқаттанса да жұмысын жалғастыруға тура келеді. Оларға жыл сайынғы демалыс-отпуск берілмейді. Штаттағы персоналға берілетін сыйақы, бонустардан да қағылады. Егер жұмыс беруші келісімшартты бұзса, ешқандай өтемақы төлемейді.

Үкіметтің қордаланған мәселелерді шешпей, қызмет сапасын арттырмай, тек жұмыс берушілер мен жұмыс істейтін азаматтарға жүктемені біржақты түрде арттыра беретіні қынжылтады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу