Үкіметке қай өңірлерде энергия бағасын қымбаттатуға тура келеді

2331

Билік электр энергиясына қатысты алыпсатарлықты жоюы шарт. 

Үкіметке қай өңірлерде энергия бағасын қымбаттатуға тура келеді Фото: google.com

Қазақстан биылғы қыс маусымына электр қуаты тапшы күйде енді: мамыр айынан бері секторда тұтыныс өндірістен асып түсті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"KEGOC" АҚ дерегінше, биылғы қыркүйекте қазақстандық электр станциялары 8,52 млрд кВт/сағат электр қуатын ғана өндіре алған. Яғни бір жыл ішінде көрсеткіш 3%-ға құлдырады. Ал бұрынғы жылдары үнемі профицитті болатын, артылған қуат Ресейге, Қырғызстанға экспортталатын. Биыл 8,54 млрд кВт/сағат электр тұтынылды.

Енді елімізде генерацияланатын энергия өзімізге де жетпейтін дәрежеге жетті. Мұндай тапшылық 2021 жылдың мамырынан бері, ай сайын жалғасуда.

Жалпы алғанда, 2022 жылғы 9 айда 82,2 млрд кВт/сағат қана электр қуаты өндірілді. Оның бәрін дерлік еліміз өзі шығындады. Былтырғы ұқсас кезеңде 83 млрд 852 млн кВт/сағат электр өндірілген еді.

Energyprom мониторинг агенттігінің сарапшылары бұл құлдырау теріс трендтің бастауы ғана деген байламға келді. Себебі, Қазақстанда биылғы жылғы үш тоқсанның қорытындысында небары 2 өңір ғана қуаттан таршылық көрген жоқ, бұлар – Павлодар және Атырау облыстары. Басқа он сегізінің бәрі энергетикалық тапшылыққа тап болды. Бір жыл бұрын қуат профициті екі емес, бес өңірде тіркелген.

Жағдайды түзету үшін Энергетика министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірлеуде. Оның басты жаңалығы сол, электр энергиясын орталықтандырылған түрде сатып алу және сату механизмін енгізеді. Саланы мемлекеттік реттеуді күшейтеді.

"Құжат көтерме сауда нарығының субъектілеріне электр энергиясын өткізу процестерін қайта форматтауды көздейді. Қауіпсіздік электр энергиясы нарығында ашық баға белгілеу тетіктерін енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ ол импортталатын электр энергиясының шығыны және атом электр станциясы, желу электр кешені сияқты капиталды көп қажет ететін жобаларға инвестициялардың жүктемесін барлық тұтынушылар арасында біркелкі бөлуге мүмкіндік береді. Бұл тұтынушыларды елдің белгілі бір өңірлерінде тарифтің күрт өсуінен қорғауға жол ашады", – деп түсіндірді Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті директорының орынбасары Асылжан Мусин.

Бірақ бұл тоқ тарифі көтерілмейді деген сөз емес, тек тарифтің күрт емес, барынша қалыпты өсуін ғана қамтамасыз етеді.

Маманның мәліметінше, бүгінде нарықтағы электр энергиясының басым көпшілігі орталықсыздандырылған сауда-саттық арқылы сатылады. Қарапайым тілмен айтқанда, қуат өндіруші мен оны таратушы компания екіжақты шарт жасасып, бағаны өзара келісе салады. Салдарынан, бұл құпия келісімдерде станцияның өзі генерациялаған қуатты кімге қаншаға сататынын уәкілетті органдар да біле бермейді. Жүйеде айқындықтың болмауы жемқорлыққа ықпал етеді, қауіпсіздікке нұқсан келтіреді.

Сондай-ақ, "орталықтандырылмаған сауда-саттық болашақта электр энергиясының капиталды көп қажет ететін жаңа көздерін енгізу нәтижесінде тарифтік жүктемені біркелкі бөлуге мүмкіндік бермейді".

Мысалы, Тоқаевтың тапсырмасымен АЭС салынбақ. Бірақ мемлекет салада мөлдірлікке қол жеткізе алмаса, ел қуат тапшылығынан бәрібір құтылмауы ықтимал. Себебі, соңғы жылдары ЖЭС-тер мен ГРЭС-тер қуатты қытайлық және отандық көлеңкелі майнерлерге су тегінге сатып, бүкіл елді жарықсыз қалдыра жаздады. Биыл тіркеуге тұрмаған қара майнерлермен құзырлы органдар белсенді күресуге кіріскен соң ғана қуат тапшылығы біршама еңсеріліп, сала қалыпқа келді.  

Сондықтан заң күшіне енсе, электр энергиясын өндірушілер оның бәрін Бірыңғай операторға сатуға міндеттеледі. Бұл талап көтерме нарықтың барлық субъектісіне таралады. Тиісінше, тұтынушылар да, электрмен жабдықтаушы ұйымдар да қуатты бір жерден сатып алады.

Осы арқылы елдің энергетикалық жүйесін монополияландырып алған олигархтарға бақылау орнатылады. Заң жүзінде олардың жауапкершілігі күшейтіледі.

Дегенмен, заң жобасын талқылау барысында сарапшылар өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмыс істеуі үшін ғана қуат өндіретін, яғни оны өзге тұтынушыларға таратпайтын электр станцияларын аталған тізілім-реестрге қоспауды ұсыныпты. Егер оларды өндірген қуатын операторға сатуға мәжбүрлесе, бұл "елдің экспорттық әлеуетіне теріс әсер етуі мүмкін".

Қалай болғанда, егер заң жобасын келесі жылы Парламент қабылдаса, онда 2023 жылдың екінші жартысында Бірыңғай оператор құрылады деп жоспарланған.

Энергетика министрлігінің сендіруінше, жаңа жүйе халыққа шығын шектірмейді. Дегенмен, кейбір өңірде қуат бағасын қымбаттатуға тура келеді екен: нақтылағанда, 3 өңірде тоқтың әр киловатт/сағаты Астана қаласында – 1,42 теңгеге, СҚО-да – 0,07 теңгеге, Шығыс Қазақстан облысында – 4 теңгеге өседі деп болжануда.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, бүгінде өңірлер арасында тарифтер айырмасы үлкен: түпкілікті тариф бойынша 17 теңгеден 25 теңгеге дейін құбылады. Ал көтерме нарықтағы шекті тарифтер 1,46 теңгеден 16,92 теңге аралығында, яғни тым ала-құла.

Ең қымбат тариф – БҚО-да, Атырау және Ұлытау облыстарында. Ал Абай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары үшін қуат басқаларына қарағанда арзанға түседі.

Энергетика министрлігі саладағы жаңа реформа аясында тарифтерді біршама теңестіріп, әркелкіліктен арылтуды ұсынып отыр. Өйткені әртүрлі тарифтер әр өңірде бизнес пен тұрғындар үшін тең емес жағдайлар туғызады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу