Үкіметтегі нағыз еркек әрі джентельмен кім екені белгілі болды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3461

Қазақстанда парламенттің қабылдаған заңдары мен үкіметтің шығарған шешімдері жұрт оқуы үшін автобустарда, қоғамдық маңызды орындарда ілінуі мүмкін.

Үкіметтегі нағыз еркек әрі джентельмен кім екені белгілі болды

Бүгін елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атқарушы және заң шығарушы билік өкілдеріне жаңа жөн-жоба көрсетіп, тың бастамалар көтерді.

Ел президенті 4 қыркүйек күні жазғы каникулдан оралған мәжіліс пен сенат депутаттарының бірлескен отырысына қатысып, оларға алтыншы сайланған парламенттің үшінші сессиясын ашып берді.

Депутаттық корпус алдындағы сөзінде мемлекет басшысы үкіметтегі жаңа тағайындауларға түсініктеме бере кетті. Таяуда үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаевтың орынбасарларының қатары екі есеге дерлік артып, жалпы саны беске жеткен болатын. Бұл ел тарихындағы рекордтардың бірі саналады.

Бұл ретте "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясын басқарған Асқар Жұмағалиев пен "Бәйтерек" ұлттық холдингінің тізгінін ұстап келген Ерболат Досаев премьер-министрдің орынбасарлары лауазымын иеленгендері мәлім.

Елбасының айтуынша, бұл шешім үкіметтің тұғыр-позициясын нығайту үшін қабылданған.  

"Әлем қазір тынышсыз. Державалар арасындағы диалог санкциялық саясатпен сүйемелденуде. Бұл әрине, Қазақстанға да ықпал етпей қоймайды. Өңірлік қақтығыстар бәсеңдер емес. Деструктивті идеология өз ықпалын кеңейтуді жалғастыруда. Сонымен бірге, әлемді жаппай цифрлану қамтуда, ол жаңа мүмкіндіктерді және қауіп-қатерлерді әкеледі. Яғни, модернизация сағатында жылдар емес, әр минут санаулы деген сөз. Қазақстан міндетті түрде осы барлық бағыттарда үлгеріп қалуы қажет. Екі жаңа орынбасарды тағайындау арқылы үкіметтің позициясын нығайту осыдан шығып отыр", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Президент Асқар Жұмағалиевтің "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын ілгерілетумен айналысатынын айтты.

"Біз көшкелі тұрған "Цифрлық Қазақстан" орасан зор мәнге ие. Бұл болашақ дамуымыз, бұл – еңбек өнімділігі, бұл – жаңа технологиялар. Онымен үкіметте нақты бір тұлға айналысуға және күн сайын үкімет атынан есеп беріп отыруға тиіс. Бұл орынға мен Асқар Жұмағалиевті тағайындадым, ол білімі бойынша ай-ти (ақпараттық) технология маманы болып табылады, әртүрлі лауазымдарда өзін тәп-тәуір менеджер ретінде көрсете алды. Міне, оған осы жұмыс учаскесі сеніп тапсырылуда. Оның әрбір министрлікте өз өкілі болады. Министрдің бір орынбасары осы бағдарламаны жүзеге асырумен айналысуға міндетті", – деп нықтаған мемлекет басшысы бірінші кезекте, ұлттық компанияларда, өндірісте, үкіметте цифрландыруға баса мән берілетінін атап өтті.

Ерболат Досаев болса, бұған дейін бірде бір тұлға жұртшылық алдында елбасы аузынан естімеген мақтау-комплимент естіді: Қазақстан көшбасшысы оны "нағыз еркек және джентельмен" деп атады.

"Бұл адам сіздерге белгілі! – деді депутаттарға қайырылған президент. – Бірақ белгілі жағдай да болды: ол нағыз еркек және джентльмен ретінде өз еркімен лауазымынан кетті, алайда ол оның кінәсі емес еді. Оның тәжірибесі, білімі және практикалық жұмысы бізге: "ол менеджер ретінде экономика, қаржы, макроэкономика, сондай-ақ біздің бюджеттің жартысын тұтынатын әлеуметтік блокты өз қолында нық ұстайды",- деп үміттенуімізге негіз болды. Меніңше, бұл өзін-өзі ақтайды. Алға қойылып отырған міндет қолымыздан келеді деген сенімдемін",– деді Нұрсұлтан Назарбаев.

2004--2006 жылдары Ерболат Досаев еліміздің денсаулық сақтау министрі болып тұрған тұста, оңтүстіктегі мемлекеттік медициналық ұйымдарда қатерлі СПИД ауруының бүлдіршіндерге жаппай жұқтырылуына қатысты жанжал туындаған болатын. Соның аясында Досаев мырза өз еркімен отставкаға кеткені белгілі. Ол содан біраз жыл жеке секторға кетіп, "ҚазИнвестБанкті" басқарды. Тек 2012 жылы ғана үкімет құрамына экономикалық даму және сауда министрі болып оралған-тын.

Парламент палаталарының бүгінгі бірлескен отырысында елбасы қазақстандықтарды билік басында болып жатқан оқиғалармен ақпараттандырудың "ескі, ескі де болса, жаңа" тәсілін көрсетті. 

"Соңғы уақытта заңнамалық үдеріс анағұрлым мөлдір бола түсті. Парламенттік тыңдаулар ұйымдастырылады, заң жобаларын қарауға сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері тартылады. Соған қарамастан, азаматтар әрдайым құлағдар бола бермейді, олар заңдардан туындайтын өз құқықтары мен міндеттемелерін білмейді. Айрықша "сезімтал" мәселелерге қатысты заң қабылдай отырып, біз қоғаммен, халықпен кеңеспейміз, бұл заңның не үшін қабылданып отырғанын түсіндірмейміз. Содан оның ақыры оқиғаларға соқтырады, мұндай бізде болды. Сондықтан депутаттар да, үкімет мүшелері де, облыс әкімдері де түсіндірме жұмысына ерекше назар аударған жөн. Қазақстандықтар барлық заңнамалық жаңашылдықтар мен шешімдер жайында хабардар болуға толық құқылы" – деп баса айтқан Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жастық шағынан бір мысал келтірді:

"Кеңес уақытында КСРО жоғарғы кеңесінің (парламенттің) қаулылары тіпті автобустарда, трамвайларда ілініп қойылатын. Студент едік, оның маңызын түсіне бермейтінбіз. Бірақ бұл еңбектен қолы босамайтын адамдарды ақпараттандыру үшін керек. Әйтпесе, халықтың бәрі күн сайын теледидар көріп, басылымдарды оқи бермейді", – деген президент билік өкілдеріне ақпаратты әрбір азаматқа дейін жеткізу жолдарын табуды тапсырды.

Өз сөзінде ол еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін күшейту үшін "Киберқалқан" жүйесінің құрылуы жеделдетілетінін де мәлімдеді. Өйткені Қазақстанда соңғы үш жылда "Интернеттегі құқыққа қайшы мазмұн-контент 40 есе ұлғайыпты". 

"Соңғы уақытта цифрлану, еліміздің ақпараттық қауіпсіздік мәселелері өзекті бола түсуде. Бұл тек біздің ғана емес, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін өте салмақты проблемаға айналуда. Одан ірі елдер де зардап шегуде. Бізге "Қазақстанның сенімді киберқалқаны" қажет. Біз оны құруды кейінге қалдыра алмаймыз. Біз еліміздің мүдделерін, мәдениетін, құндылықтарын қорғауға тиіспіз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Ол қазіргі заманғы әлемде елді құрту үшін оған әскери ұшақтар, танктер аттандыру міндет еместігін, "вирус жіберіп, электр стансаларын, пойыздарын және басқаларын тоқтатып тастауға болатынын" ескертті.

"Соғысудың да, солдат жолдаудың да керегі болмай қалды. Бұл – аса маңызды мәселе!" деді елбасы.

Экономика мен қаржы секторларының мәселелеріне тоқталған мемлекет басшысы ұлттық банктің өкілеттіктерін елеулі түрде кеңейтуді ұсынды.

"Уақыттың өзі көрсетті. Қаржылық реттеуші ретінде ұлттық банк алдын алу тәртібімен жұмыс жасауға тиіс. Тиісінше, оған банктерді бақылау үшін заң жүзінде анағұрлым көп мүмкіндіктер берілгені абзал. Естеріңізде болса, бұрын мен жыл сайын қаржыгерлер конгресін өткізетінмін. Ол шақ – аласапыран уақыт еді: Батыс бізге қанша қаласақ, сонша қарыз ақша беретін. Мінберден сөз сөйлейтін банкирлердің барлығы маған қайырылып: "Президент мырза, неге сіз бізге ұлықсат етпейсіз? Олар бізге осындай шағын пайызбен қаржы береді ғой. Біз бергенін алуға тиіспіз!" дейтін. Бірақ олардың ешқайсысы кейін сол қарызын қалай қайтаратынын ойлаған да жоқ. Кейін есептесер кез туғанда, "БТА-банктер" пайда болды. Мемлекетке араласуға тура келді, біз банктерге орасан зор қаражат салдық",- деген Нұрсұлтан Назарбаев бұған ұлттық банктің кінәлі екеніне назар аудартты:

"Бұл ұлттық банктің екінші деңгейлі банктердің әрбір қадамын бақылауға алмауының кесірі болды. Олар ақшаны Қазақстанннан шығарып әкетіп жатқанда, ұлттық банк, бақылаушы органдар қайда болды? Олар шетелге әлдеқайда қаржы құйып жатқанда, ұлттық банк қайда болды? Ұлттық банктің қазір де ондайға лайықты ден қояр құқықтары жоқ. Біз оның әрбір банкті қатаң бақылауына жол ашуымыз керек. Егер әлдебір банк солға қия басқан екен, ұлттық банк оны тоқтатып, қажет болса, лицензиясын кері қайтарып алуға тиіс. Мен депутаттардан осы мәселені мұқият қарауды қатты сұраймын. Бұл жеке банктер қызметінде кейін мемлекет есептесуге тура келетін кесапаттар болмауы үшін қажет",– деп түйді президент. 

Парламент мінберінен мемлекет басшысы сондай-ақ кәсіпкерлерге берілген, бірақ тиімділік әпермейтін жеңілдіктер мен преференцияларды жоюды тапсырды.  Сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуді жүктеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу