Үкіметтің Бағдат Мусиннің аса шығынды мұрасынан бас тартпағаны әшкереленді

3412

Қазақстан "қатаң үнемдеу режиміне" сол бойы көшпегенге ұқсайды. 

Үкіметтің Бағдат Мусиннің аса шығынды мұрасынан бас тартпағаны әшкереленді Фото: gov.kz

Inbusiness.kz таяуда Қостанай әкімдігінің Қостанай қаласының Ресей империясының құрамында болған заманын, яғни 145 жылдығын 6 күн тойлап жатқанын жазды. 

Астана одан да асып түсті: әлемнің 60-тан астам елінен ресми делегацияларды жиып, үш күн дүрілдетіп жаһандық құрылтай өткізбек. 2024 жылғы 3–5 қыркүйек аралығында Астанадағы ЭКСПО көрме кешені аумағында орналасқан "Астана Конгресс-орталығында" Біріккен ұлттар ұйымының Азия және Тынық мұхит экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (БҰҰ АТМЭӘК немесе ЭСКАТО ООН) халықаралық жиыны өтеді. Іс-шара "Цифрлық инклюзивтілік және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясы" деп аталады.

БҰҰ-ның ұйымы әлемдік құрылтайын Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен стратегиялық ынтымақтастықта ұйымдастыратынын мәлімдеді. Шынында, бұл әлемдік құрылтайды өткізудің барлық дерлік шығынын Қазақстан көтермек.

БҰҰ АТМЭӘК бұл жиынын әдеттегідей, ұйымның Бангкок (Тайланд) қаласында орналасқан штаб-пәтерінде өткізбек болған. Бірақ кейбір мәлімет бойынша Цифрлық даму министрлігінің басқарып тұрған тұста Бағдат Мусин бұл іс-шараны Қазақстанның Астанасында өткізуді ұсынады. Содан ел Үкіметі ұйымға жүгініп, қоярда қоймай жүріп, аттай қалап алған екен. ЭСКАТО оған келіскен, бірақ нақты шарт қойды: халықаралық конференцияны көшірудің және оны өткізудің барлық дерлік шығыны Қазақстан бюджетіне жүктеледі.

"БҰҰ АТМЭӘК 2023 жылғы 15–19 мамырда өткен өзінің 79-шы сессиясында Қазақстан Үкіметінің Цифрлық инклюзивтілік және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясын Астана қаласында өткізу туралы сұрауын қабылдады. Осыдан кейін БҰҰ Бас ассамблеясы өз қарарында келесіні растады: егер сессияны өз аумағында өткізуге шақыру жіберген Үкімет БҰҰ Бас хатшысымен консультациялардан кейін, іс жүзінде туындауы мүмкін барлық қосымша шығындарды өтеуге келіссе, онда БҰҰ органдарының сессиялары олардың тұрақты штаб-пәтерлерінен тыс жерде де өткізіле алады", – деп мәлімдеді ұйым.

Бұл ретте БҰҰ АТМЭӘК та, Қазақстан Үкіметі де әлемнің әр түкпірінен делегацияларды жинайтын ұлы жиналыстың жалпы шығыны қанша миллиард екенін ашып айтпады. Бірақ бірқатар шығыс баптары анықталды. Олардың өзі қайран қалдырады.

Біріншіден, ұйымның дерегінше, Қазақстан Үкіметі конференцияның Бангкоктан Астанаға көшіруге 237 302 доллар (шамамен 114 миллион теңге) жұмсайды. Бұл сомаға конференцияны жоспарлау, ұйымдастыру және өткізу кезінде Қазақстанға әрлі-берлі сапары үшін БҰҰ қызметкерлеріне төленетін жәрдемақылар, жол ақылары, басқа да шығындары, сондай-ақ қажетті жабдықтарды жеткізу құны да кіретіні айтылған. Егер шығын көлемі бұл көлемнен асып кетсе, Қазақстан қосымша қаржы бөлуге міндеттеме алыпты.

Екіншіден, ҚР Үкіметі ЭСКАТО-ға 535 212 АҚШ доллары (шамамен 256,9 миллион теңге) көлемінде жарна енгізеді. Конференцияны өткізу жөніндегі екіжақты келісім жобасында бұл жарна "Трансформация мен цифрлық технологияларға қолжетімділікті кеңейту мақсатында Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ынтымақтастықты нығайту" жобасын қаржыландыруға жұмсалатыны нақтыланған. Қазақстан тарапы халықаралық жиынды өзінде өткізуге ұйым мүшелерін иліктіру үшін осындай сый-сияпат ұсынғанға ұқсайды.

Үшіншіден. ЭСКАТО ұйымы қызметкерлерінің іссапарлық шығыстары – 146 385 долларды (шамамен 70,2 миллион теңге), ЭСКАТО дайындық миссиясының іссапар шығыстары – 34 920 долларды (16,7 миллион теңгедей), операциялық шығыстары, мысалы, 100 келі жабдықты тасуға және басқасына – 22 652 доллар (10,8 миллион теңгедей), резервтік қоры – 20 545 долларды (9,8 млн теңгедей), әкімшілік қолдау шығыстары – 11 300 долларды (5,4 млн теңгедей) құрайды.

Төртіншіден, қазақстандық бюджет мәртебелі меймандардың Астанаға ұшып келу билетінің құнын да өз мойнына алады. Мысалы, ұйымның атқарушы хатшысының және басқа да мәртебелі меймандардың Бангкоктен Астанаға бизнес-класпен ұшып келуге тиістігі көрсетілген, олардың әрқайсысының билеті 5 345 долларға түспек.

Бесіншіден, саяхатқа (Путешествовать) 326 000 доллар (156,5 миллион теңгедей) бөлу талап етілген, бірақ меймандардың конференция аясында осынша қымбатқа қайда саяхаттағысы келетіні нақтыланбаған.

Алтыншыдан, персонал және оларға қатысты басқа да шығыстар – 106 050 доллар (шамамен 50,9 миллион теңге), контрактілік қызметтер – 36 000 болатыны көрсетілген.

Жетіншіден, Қазақстан жағы ЭСКАТО-ның ICTSTI комитетінің төрағасын, атқарушы хатшыларын, комитеттің секцияларының командасын орналастыру үшін Астанада кеңселік жиһазбен, ноутбуктермен, түсті принтерлермен, 8–12 жұмыс үстелімен, диванмен, басқа жабдықтармен жарақтанған 7 кеңсе жалдайды.

Сегізіншіден, БҰҰ АТМЭӘК халықаралық цифрлық конференциясы аясында кем дегенде 300 жоғары лауазымды қонақ еркін сиятын пленарлық залды (Конгресс-центр Астана), сондай-ақ арнайы, жеке іс-шараларды өткізуге арналған конференц-залдарды, консультациялық залдарды, баспасөз орталығын, VIP Lounge, делегаттарға арналған залдарды және басқа да ғимараттар мен орынжайларды талап етті.

Тоғызыншыдан, қонақтарды елордадағы сән-салтанатты қонақүйлерге орналастыру, оларды күзетпен қамтамасыз ету, астына тегіс көліктер мінгізу (жеңіл автомобильдер, микроавтобустар, автобустар деп көрсетілген), тамақтандыру және басқа шығындары да ел бюджетінен шығарылады.

ЭСКАТО талабында пленарлық отырыс залында әрбір делегация үшін бір-бірден, жалпы саны 100 микрофон орнатылуға, ілеспе аударманы тыңдау үшін 200 құлаққап-наушник ұсынылуға тиіс делінген. Бұдан бөлек, залдарда жарықдиодты видеоқабырғалар, LCD проекторлар, LED-мониторлар, видео коммутаторлар мен камералар қойылуға тиістігі айтылған. Ноутбуктерде бағдарламалық қамтылымның соңғы нұсқасының орнатылуы, жасанды интеллектісі болуы сұралған.

Конференция тақырыбына сәйкес мүше елдердің жетістіктері мен жұмыстарын паш ету үшін кем дегенде 150 шаршы метрді құрайтын алаңы бар көрме орны бөлінуі қажет екен.

Жиынға қатысы бар осы және басқа барлық нысандар "конференция басталғанға дейін 2 күн және ол аяқталғаннан соң 1 күн ішінде 24 сағат бойы және толығымен БҰҰ иелігінде болады".

Халықаралық жиын 4 тілде – орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерінде өтетіні мәлімделді (қазақ тілі тыс қалды). Осы тілдерге ілеспе аударатын білікті тәржімашыларды да Қазақстан іздеп, табады.

Бүкіл телекоммуникациялық (Бангкоктегі штаб-пәтермен, БҰҰ ұйымдарымен және басқасымен телефон, электронды пошта, телекс бойынша халықаралық байланысу), коммуналдық шығыстарды ҚР Үкіметінің көтеретіні атап көрсетілген.

"Үкімет өз есебінен жеткілікті көлемде хатшыларды, стенографистерді, іс жүргізушілерді, құжаттарды дайындап, көбейтіп, тарататын, конференцияға қызмет көрсететін өзге де қызметкерлер мен олардың көмекшілерін, конференц-офицерлерді, швейцарларды, шабарман-посыльныйларды, екі тілді әкімшілерді, телефон операторларын, тазалаушылар мен конференцияның дұрыс жұмыс істеуі үшін қажетті жұмысшыларды, автомобиль жүргізушілерін жалдайды. Қазақстан Үкіметі сондай-ақ конференцияның дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет болатын БҰҰ-ның барлық жабдықтары мен жабдықтау заттарын Астанаға және кері қарай тасымалдау және сақтандыру шығындарын да өтейді", – деп хабарлады ұйым. Яғни, жолай ол жабдықтарға нұқсан келсе, оған Қазақстан жауап бермек.

Қабылдаушы тараптан конференцияны жан-жақты жарнамалап, баннерлер, жарнамалық қалқан және басқасын орнатуы талап етіледі.

"Жалпы алғанда, бұл конференцияға 60-тан астам елдің цифрландыру және ақпараттық технологиялар министрлері бастаған делегациялар қатысады деп жоспарлануда. Конференция инклюзивтілік пен тұрақты даму мақсаттарына жету үшін цифрлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған", – деп хабарлады Цифрлық даму министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, конференцияның алғашқы екі күнінде пленарлық талқылаулар, қосымша іс-шаралар және министрлер арасындағы екіжақты кездесулер өтеді. Тараптар түрлі меморандумдар мен келісімдерге қол қояды.

Конференцияның соңғы күні – 5 қыркүйекте болатын Kazakhstan Tech Solution Day шеңберінде IT-компаниялар, стартаптар мен Қазақстанның SmartBridge (қызмет көрсету көрмесі), Smart Data Ukimet (ақылды деректер үкіметі), eOtinish сияқты озық цифрлық әзірлемелері таныстырылады. Сонымен қатар, Astana Hub халықаралық технопаркінің мүмкіндіктері де паш етіледі.

"Конференцияда Алматыдағы Азия-Тынық мұхиты аймағының тұрақты дамуы жөніндегі БҰҰ-ның цифрлық шешімдер орталығын құру бойынша алдағы іс-әрекеттер талқыланады. Сондай-ақ іс-шара аясында Азия-Тынық мұхиты аймағының цифрлық трансформациясы туралы 2024 жылғы есеп жарияланады", – деп мәлім етті ведомство.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу