Үкіметтің жұмысы нарықтық экономиканың не екенін әлі білмейді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3728

Биліктегі тәжірибелі саясаткерлер мен жас менеджерлер бірін-бірі түсінбейді.

Үкіметтің жұмысы нарықтық экономиканың не екенін әлі білмейді

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген соңғы отырысынан кейін бизнес қауымдастықты "Бизнес те банктер секілді жаппай тазартуға ұшырауы мүмкін бе?" деген сауал алаңдата бастады. 

Өткен апта мемлекет басшысының қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев бизнестің асыра кредиттеліп кеткенін алға тартып, қарызға белшесінен батқан кәсіпорындардың мәселесін шешу керектігін айтты. Ақышевтың айтуынша, экономиканың нақты секторын қалыпқа келтірмей, өткен жылдардағы ахуал қайталануы мүмкін.

"Соңғы 10 жылда банктердің экономикаға берген кредиттері 5,5 трлн теңгеге немесе 70%-ға өсті. Осы уақытта 7 банкті тарату және 2 банкті сауықтыру есебінен есебінен 4,6 трлн теңге нашар кредиттер есептен шығарылды. Яғни қарыз алушылар барлық кредитті дерлік қайтарған жоқ", – деді Ақышев.

Ақышевтың екі ұсынысы
Бас банкирдің сөзіне сүйенсек, кредиттерді қайтармаған кәсіпорындардың көпшілігі бүгінде жұмыс істеп жатқан көрінеді. "Әсіресе бұл шағын бизнеске қатысты. Олар дәрменсіз және меншікті капиталы жоқ, жаңа арзан кредиттер талап етеді. Олар асыра кредиттелген. Ал борыштар өсіп жатыр", – деген Ақышев банк секторы секілді бизнесті де жаппай "тазартуды" ұсынды. "Қаржы секторы үлгісімен нақты секторды тазарту саясатын жүргізу қажет. Дәрменсіз компанияларды нарықтан шығару бойынша жүйелі жұмыс, қайта құрылымдау немесе банкроттық, олардың активтерін жақсы компанияларға беру қажет", – деп атап өтті ол.

Екіншіден, Ақышев тиімсіз компанияларға мемлекеттік қолдауды тоқтатуды да ұсынды. "Тікелей мемлекеттік қаржыландыру тиімділігі төмен немесе әлеуметтік бағыттағы ірі инфрақұрылымдық жобалар үшін ғана сақталуға тиіс", – деді Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы. "Банкроттық рәсімдерінің тиімділігін арттыруды қажет деп санаймыз. Шағын кәсіпорындардың 3,6%-ы ғана банкрот болады, оның ішінде жартысы сауда кәсіпорындарына тиесілі. Мұны түсіндіруге болады – сауда нарығына кіру салыстырмалы алғанда жеңіл әрі түсінікті, бұл бәсекелестікті арттырады. Ауыл шаруашылығында және өңдеуші өнеркәсіпте банкроттыққа ұшыраған компаниялардың үлесі өте аз", – деді Ақышев.

Осылайша, Данияр Ақышев бизнестің асыра кредиттелу және қайтарылмаған қарыз мәселесін шешуде банкроттық жүйені енгізу арқылы банк секторын нашар кредиттерден тазалап, әлсіз бизнеске мемлекеттің қолдауын мүлде тоқтата отырып таза бәсекелестікті сақтауды ұсынды. Сонымен қатар, осылармен параллель экономиканың нақты секторын да банк секторын сауықтырғандай мемлекеттен қосымша қаржы бөліп сауықтырудың қажеттілігін айтты.

Бизнес Ақышев айтқандай банкрот емес екен
Ұлттық банкті басқарған үш жылдан артық уақыт ішінде жас менеджердің ешбір ұсынысы мемлекет басшысының қолдауынсыз қалған емес. Бұл жолы да президент бас банкирмен жалпы келісіп, экономикада жұмыс істемей қалған қарыз ақшалар үшін бизнесмендердің өзін кінәлады.

"Экономикаға тиімді жобалар және бәсекеге қабілетті кәсіпорындар керек. Соңғы үш жылда банкроттық жағдайдағы кәсіпорындар саны 3 мыңнан 7 мыңға дейін көбейді. Банк ақша бермейді деп шуылдадыңдар. Кімге береді? Бәрі банкрот. Ешкім кепілдік бере алмайды, ешкім қарызды қайтара алмайды. Бұл жерді жөнге салмасақ банк секторындағы дағдарыстан арылмаймыз", деді мемлекет басшысы.

Өз кезегінде "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов мемлекет басшысының сөзіне толығымен келісе отырып, дей тұрғанмен, мемлекеттік қолдаудың жан-жаққа тарата бермей, тек жұмыс істеймін деген, жаңа технология аламын деген кәсіпорындарға беру керектігін айтып келе жатқанын алға тартты.

Осы орайда Мырзахметов былтыр шағын бизнестегі банкроттық жағдайдағы бизнес субъектілерінің саны 3 мың болғанын, дегенмен, республика бойынша жалпы кәсіпкерлер саны 1 млн 200 мың екенін айтты. Сонымен қатар былтыр жаңадан 30 мың бизнес субъектісінің пайда болғанын мәлімдеді. Бұл тұрғыда Мырзахметов 1 млн 200 мың  кәсіпкердің ішінде 3 мың кәсіпкердің банкрот болғаны Ақышев айтқандай айтарлықтай проблема емес екенін тілге тиек етті.

Әке балаға сыншы
Жалпы, мәселенің шешімін мемлекет басшысы мен Ұлттық банк төрағасы екі түрлі көретінге ұқсайды. Әңгіменің негізгі төркіні банк секторындағы нашар кредиттер, яғни қайтарылмай қалған қарыздар мәселесі болған. Ақышев бұл мәселенің шешімі ретінде мемлекеттік қолдауды азайтып, таза нарықтық бәсекелестікті ұстануды ұсынса, мемлекет басшысы бұған кінәлі үкіметтің бақылауының нашарлығы екенін айтты. Яғни, президенттің айтуынша, үкіметтің бизнес пен бизнес арасындағы саудаға "дұрыстап килікпеген". "Бір кезде арнайы бақылау органын құрайық дегенде өзім реттеймін дедің" деп Ақышевтың жұмысын сынаған мемлекет басшысы экономикадағы нашар кредиттердің көбеюі бас банктің нашар жұмысының кесірі дегенді айтты.

Қалай дегенде де, қос толқын бірін бірі тағы да түсіне алмады. Ақышевтың бизнеске араласпай, өз бетімен дамуына мүмкіндік беру керек деген месседжін билік тағы да "бақылауды күшейту керек" деп түсінді. Енді әне-міне бизнесті тексеру қайта күшейтілуі ықтимал.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу