Украина Беларусь өзіне басып кірсе не істейтінін айтты

3305

Беларусь аумағында ресейлік әскерлер күн санап артуда. Бұл ретте Беларусь шекарасынан Украина астанасы Киевке дейін 230 шақырым ғана. Яғни көлікпен 3-4 сағатта-ақ жетуге болады.

Украина Беларусь өзіне басып кірсе не істейтінін айтты

Соғысты зерттеу институтының (ISW) бағалауынша, Ресей биылғы 24 ақпандағыға ұқсас, кең ауқымды жаңа соғысқа әзірленіп жатуы мүмкін. Ал Украина Қарулы күштерінің (ЗСУ) дерегінше, қазіргі кезде Украинамен шектесетін шекараларда – РФ, Беларусь және оккупацияланған Қырым аумағындағы аэродромдарда шамамен 430 әскери ұшақ пен 360-тан аса әскери тікұшақ шоғырландырылған.

Салыстырсақ, соғыс басталғанда РФ тек 300-дей ұшақты қолданған. Демек Мәскеу бастапқыдағыдан да кең ауқымды шабуылдарға дайындалып жатқанға ұқсайды. Ал 24 ақпанда агрессорлар Беларусь аумағынан да шапқыншылық жасап, Киев түбіне дейін жетті. Сол тараптан төнген қауіп салдарынан ЗСУ үлкен күштерін амалсыз беларусьтермен шекарада ұстауға мәжбүр.

Бұған қоса, соғысты жақтамайтын беларусьтік оппозицияның "Белорусский Гаюн" мониторинг тобы Беларусьтің Гомель облысындағы "Зябровка" аэродромының аумағында зениттік-зымыран кешендері көптеп шоғырландырылып жатқанын хабарлады. Бұл үстемелете зымырандық соққы жасауға дайындық болуы мүмкін. Осы орайда шетелдік сарапшылардың мәліметінше, ресейлік әскерлер, "Вагнер" жеке әскери компаниясы беларусьтік әскерилерді өз қатарларына қосылып, Украинаға қарсы соғысуға үгіттеп, қомақты қаржымен қызықтырып жатқан көрінеді.

Бұл ретте украиналық саясаттанушы Кирилл Сазонов Беларусь ресейлік агрессияға аумағын ғана ұсынумен шектелмей, ертелі-кеш өзі де әскерімен шабуыл жасайды деп есептейді.

"Беларусь Украина шекарасының жанында әскери жаттығуларын 2021 жылғы желтоқсанда бастады. Артынша оны ұзартумен болды. Енді 23 тамызға дейін ұзартылып отыр. Елестете аласыз ба, Минск әскери жаттығулар өткізу мерзімін 12-ші рет созды. Осы салада жаһандық рейтинг болса, беларусьтік жаттығулар тарихтағы ең ұзағы болар еді. Бірақ жай ұзартылмай, ондағы әскерлер қатары үнемі толығуда. Таяуда беларусьтік әскери ауыр техника тиелген теміржол құрамы жүгін түсірді. Олары Украинамен арадағы шекараға аттанды. Беларусьтегі "Барановичи" аэродромына да қаптаған техника түсіріліп, олар да шекараға бет алуда. Осы аэродромда ресейлік пилоттар беларусьтік әріптестерін әскери тікұшақтармен ұрыс салуға, атыс жүргізуге баулып жатыр. Ең бастысы, десант түсіруді ұйымдастыруға баса мән берілген. Егер соғыс болмаса, мұның бәрінің қажеті қанша? Беларусь Украинаға басып кірмесе, он екі рет ұзартылған аса қымбат жаттығуларға шығындалмас еді", – дейді Кирилл Сазонов.

Дегенмен оның байламынша, Беларусь әскері Киевке дейін жете алмайды. 24 ақпаннан айырмашылығы, ЗСУ оларды жарты жылдан бері күтуде, бекіністер дайын, қару-жарақ сақадай-сай. Әскер батыстан жеткізілген ауыр техникамен күшейтілген. Оның үстіне Беларусь шапқыншылыққа 10-15 мыңдай ғана жауынгерін аттандыра алады. Ешқашан соғысып көрмеген, мұрнына оқ-дәрінің иісі бармаған беларусьтік "балапандар" кем дегенде жарты жыл ұрыс даласында қан кешкен украиналық мұзбалақ қырандарға қарсы шықпақ. Украиналық сарапшылар олардың тез қырылып қалатынын ескертеді.

Украинаға әскер кіргізгеннен Президент Александр Лукашенко да қатты ұтылады. Батыс бұрын ескерткендей, оны сол мезетте "әскери қылмыскерлер" қатарына қосады, демек Еуропамен келіссөздерге қатысты үміт үзіледі. Сондай-ақ сарапшылар украиналықтармен соғысқысы келмеген жауынгерлер қаруларын көтеріп, Минскідегі Лукашенконы құлатуға аттануы ықтимал деген болжам айтады.

Егер Беларусь Украинаға баса-көктей кірсе, оның тағдыры не болатынын украиналық жоғарғы әскери басшылықпен байланысы бар бірнеше әскери YouTube арналары жариялады. Мұны бейресми ескерту ретінде қабылдауға болады.

"Беларусь әскері – Мәскеудің қолында бар соңғы көзірі. Сондықтан ол майдандағы жағдай өзі үшін әбден нашарлағанда оны іске қосады. Ал Киев болса, Беларусь әскерінің соғысқа қосылуы майданды елеулі түрді өзгертпейтінін түсінеді. Мұның соңы Беларусь үшін алапат адам шығынымен аяқталады. Соғысқа мойынұсынса, Лукашенко өз елінің аумағын Украина тарапының зымырандық соққысы үшін заңды нысанаға айналдырады. Жалдамалылар емес, Беларусь Қарулы күштерінің әскери қызметшілері, жауынгерлері Украина жеріне аяқ басқан сәтте, Лукашенко алақандай ғана мемлекетіндегі барлық аэродромдар, әуежайлар, мұнай өңдеу зауыттары, теміржол және басқа да стратегиялық инфрақұрылымдарымен қош айтысуына болады", – деп құлақтандырды украиналық әскери ютуб-арналар.

Сарапшылардың түсіндіруінше, олардың бәрі HIMARS түгіл украиналық дүркін атыс реактивті жүйелері мен зымыран кешендері үшін қолжетімді аумақта орын тепкен.

Сондықтан беларусьтер бодандық қамытына басын тыққанымен, Украинаға қарсы өз қолына қару алудан қаймығуы мүмкін.

Соғысқа араласу шыңырауға бастайтынын Минск те түсінетін болса керек. Өткен апта соңында Александр Лукашенко өздерінің Украинаға шабуыл жасауды жоспарлап отырмағанын мәлімдеді.

"Сіздер мені мында қандай да бір шапқыншылыққа дайындалып жатыр, Украинаны бомбалауға кіріседі деп ойламаңыздар. Сіздердің және өзімнің балаларымды соғысқа айдауға менің еш құлқым жоқ. Оның қажеті қанша, не ұтпақпын?", – деді Беларусь президенті Брест облысының тұрғындарымен кездесуде.

Ол барлық тараптарды сабасына түсуге шақырды. 

"Беларусьтің өзі мыңдаған украиналықтар үшін панаға айналды. Олардың бізде қуана жұмыс істегенін көрсеңіздер! Себебі олар қасіретті бастан өткерді, бастарына күн туды. Олар да біздің адамдарымыз. Біз оларды жәбірлемеуге тиіспіз", – деді А.Лукашенко.

Алайда бұған қатысты пікір білдірген сарапшылар оның сөзінің салмағы жоқтығын, ендеше сенуге болмайтынын қаперге салды. Мысалы, Лукашенко бұған дейін биліктен бас тартуға да уәде еткен. Оның орнына өзіне қарсы шығып, көшені толтырған беларусьтерді сабатқызып, қанға бөкті.

Қазіргі кезде Батыстың Беларуське қарсы санкциялары дәл Мәскеудегідей тым ауыр емес. Беларусьтен шетелдік, соның ішінде тіпті батыстық брендтер жаппай кеткен жоқ. Батыс әлемі 2020-2021 жылдары бұл республикаға қарсы 5 санкциялық топтаманы қабылдады. Санкцияға себеп ретінде президенттік сайлауды фальсификациялау, оппозицияға қарсы репрессиялар, Ryanair авиакомпаниясының ұшағын Минскіге мәжбүрлеп қондыру және Еуропалық Одақ шекарасында жасанды миграциялық дағдарыс туғызуы аталды.

Кейбір ресейлік саясаттанушылар егер Лукашенко Украинаға әскер кіргізбесе, Кремль оның көзін жоюы мүмкін деген жорамал жасады.

Бірақ Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестовичтің сендіруінше, Беларусь басшысының бұдан қауіптенбеуіне болады.

"Егер Беларусь Украинаға басып кірсе, ол мемлекеттілігінен айырылуы мүмкін. Өйткені жеңіліп жатқан қарсыластың жағында соғысқа кіреді. Сондай-ақ Польша мен Литва Батыс Украинаны қорғау үшін өз әскерін енгізуі ықтимал. Ал егер соғыстан бас тартса, өзіне қастандық жасалады немесе билігіне қарсы төңкеріс ұйымдастырылады деп қорықпауына болады. Лукашенконың арнайы қызметтері оның алдында адал, әрі ресейлік қызметтерді жек көреді. Егер Лукашенконы құртса, Ресей Беларусьтей одақтасынан қол үзеді, себебі оның орнына келетін басшы Еуропаға бет бұрады немесе тұрақсыздық басталып, қорғаныс қабілетін толық жоғалтады. Онда бәрібір Ресейге көмектесе алмайды", – деп ахуалдың тұйыққа тірелгенін сипаттады А.Арестович.

Дегенмен Беларусь аумағы тарапынан қауіп-қатер тек ұлғаюда. Оның соңы неге соқтыратыны белгісіз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу