Бейсенбі күні Украинаның Еуропалық Одаққа өтуі жөніндегі келіссөздерді жедел бастауға жол ашылды. Бұл - соғыстан қираған ел үшін үлкен серпіліс. Бірақ Украина ЕО-ның мүшесі атануы үшін бірнеше жыл кетуі мүмкін.
Брюссель шешімі нені білдіреді, одаққа қосылу Украина үшін неліктен маңызды әрі қиын? Бұл сауалдарға жауаптың қысқаша сипаты төмендегідей:
ЕО ДЕГЕНІМІЗ НЕ ЖӘНЕ ОҒАН ҚАЛАЙ ҚОСЫЛАДЫ?
Еуропалық Одақ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германия мен Франция арасында жаңа соғысқа жол бермеуді көздеген батыл амбициялы сауда блогы ретінде дүниеге келді. Оның негізін қалаушы алты ел: Бельгия, Франция, Германия, Италия, Нидерланды және Люксембург.
Содан бері Еуропалық Одаққа 27 демократиялық ел кіріп, кеңейді. Олардың қатарында экономикалық және саяси интеграция өркендеу мен бейбітшілікті ілгерілетудің ең жақсы жолы деген идеядан шабыттанған Шығыс Еуропадағы бұрынғы коммунистік елдер де бар.
Бұл интеграция 1999 жылы одақтың ортақ валютасы еуроны өмірге әкеліп, шекараларды ашып, көміртегі қалдықтарын шектеу және технологиялық алпауыттардың әрекетін реттеу тәрізді маңызды ережелерді қабылдауға жетеледі.
ЕО-ға кіру үшін үміткер елдер өздерінің заңдары мен стандарттарын блоктың заңдарымен сәйкестендіріп, институттары мен экономикаларының демократиялық нормалармен үйлесетінін көрсетулері керек. Бұл - өте ұзақ процесс. Ал ұйымға қосылу туралы келіссөздерді бастау шешімі қазіргі мүше елдердің консенсусымен мақұлданады.
УКРАИНА ҮШІН ЕО-ҒА ҚОСЫЛУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?
Украина - ЕО-ға қосылуды байлық пен тұрақтылыққа апаратын жол деп санайтын бірнеше елдің бірі. ЕО НАТО сияқты әскери одақ болмаса да, оған мүше болуды кейбір мемлекеттер Ресейдің ықпалынан сақтайтын қорған ретінде қарастырады.
2022 жылдың ақпанында Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс басталғаннан кейін бір апта өтпей жатып ЕО-ға кіруге ресми түрде өтініш берді. Сол кезде оның астанасы Киевке тізе бүгу, ал президент Владимир Зеленский үкіметіне құлау қаупі төніп тұрған еді.
Мүшелік жөніндегі келіссөздерді бастау - ұзақ жолдағы бір ғана қадам. Бірақ бұл шешімнің дәл қазір Киевпен ынтымақтастықты көрсету жолындағы маңызы өте зор. Себебі бүгінде АҚШ-тың Украина әскеріне қолдауы әлсіреп, Украина армиясының контршабуылдары тұралап, ал Путин күн өткен сайын жігерленіп барады.
ЕО мүшелері бейсенбіде Украина экономикасына 50 миллиард еуро (55 миллиард доллар) көмек беру туралы келісім жасай алмады. Соған қарамастан, одаққа өту жайындағы келіссөздерді бастау шешімі Украинаға үлкен үміт сыйлап отыр.
УКРАИНАНЫҢ МҮШЕЛІККЕ ЖОЛЫ НЕЛІКТЕН ҚИЫН?
ЕО өкілдерінің мәлімдеуінше, Украинада сыбайлас жемқорлық, лоббизм және ұлттық азшылықтардың өз тілінде оқуына кедергі келтіретін шектеулер сияқты көптеген мәселелер шешілмейінше, келіссөздерді ресми түрде бастау мүмкін емес. Брюссель Украинаның соңғы айларда бұл мәселелерде ілгерілеушілікке қол жеткізгенін айтқанымен, алда әлі қиын жол жатыр.
Путиннің ЕО-дағы ең үлкен одақтасы Венгрия премьер-министрі Виктор Орбаннан басқа одақтың барлық елдері Украинаның ұмтылысын біртіндеп қолдауға келісті. Орбанның айтуынша, Украина Еуроодаққа мүшелік туралы әңгіме бастауға да дайын емес. Сондықтан Орбан Украинамен одаққа мүшелік жайында келіссөздерді бастау идеясына дауыс беруден қалыс қалды.
Қарыз дағдарыстары, мигранттар легі және Brexit - мұның бәрі блоктың соңғы жылдары өз қатарын кеңейтуге деген ұмтылысын шектеді. Сонымен қатар, көптеген мүше мемлекеттерде еуроскептик саяси қозғалыстар күшейді.
Бірақ Ресейдің басқыншылығы мен Украинаның тез арада өтінішін қарастыру талабы ЕО-ны ширатып, оның өз құрамына жаңа мүшелерді қосуға деген талпынысын қайта оятып, "кеңеюден шаршауын" тоқтатты.
БАСҚА ҮМІТКЕРЛЕР КІМДЕР?
Түркия 1987 жылы мүшелікке өтініш берді, 1999 жылы кандидат мәртебесін алды, ал келіссөздерді бастау үшін 2005 жылға дейін күтуге мәжбүр болды. Содан бері 30-дан астам келіссөз "тарауларының" біреуі ғана аяқталып, әртүрлі даулар салдарынан бүкіл процесс тоқтап қалған.
Балқандағы бірнеше ел болса, ЕО-ның мүшелік жөніндегі үлкен уәделерін орындай алмауынан түңіліп кетті.
Солтүстік Македония одаққа өту өтінішін 2004 жылы тапсырған. Еуроодақ мүшесі Грекиямен ұзаққа созылған дауды шешу үшін ол тіпті атауын өзгертсе де, келіссөздердің басталуын әлі күтіп отыр. Өйткені, бұған Болгарияның этникалық және тілге қатысты талаптары кедергі.
Босния болса, этникалық араздықтарға байланысты, ЕО талап еткен реформаларды жүзеге асыра алмай отыр. Брюссель оның сербтер тұратын ауданындағы адам құқығын қорғау мәселесіне алаңдаулы.
Сербия мен Косово да қарым-қатынастарын қалыпқа келтіруден бас тартып, ЕО-ға өту кезегінде соңғы орында тұр.