Украина қалаларын қайта тұрғызуға қазақстандықтар жіберіле ме?

6818

Ресеймен соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіруге шамамен 565 млрд доллар қажет. Бұл туралы Украина Премьері Денис Шмыгаль хабарлады. Әлемнің әр елінен сәулетшілер мен дизайнерлер қан-қасап соғыстан зардап шеккен осы елге келуге ниетті.

Украина қалаларын қайта тұрғызуға қазақстандықтар жіберіле ме?

Ерте ме, кеш пе, Украина жеріндегі қарулы қақтығыс аяқталады. Батыс елдері республиканы қалпына келтірудің мән-жайын ойластыруда. Киев санкция аясында тәркіленген Ресейдің 300 млрд долллардан астам алтын-валюталық резервін өзіне беруді талап етіп отыр.

Заңгерлер бұған арбитаж, шетелдік соттар арқылы да қол жеткізуге болатынын айтады, бірақ ондай сот істері ұзақ жылға созылады. Мысалы, 2020 жылғы 18 ақпанда Гааганың Апелляциялық соты Ресейді ЮКОС компаниясының дүние-мүлкін тартып алғаны үшін 50 млрд доллар өтемақы төлеуге міндеттеген. Сот шешімі әлі күнге орындалмады. Сондықтан ондай шетсіз-шексіз батпаққа түсіп қалмау үшін Владимир Зеленскийдің командасы Ресейдің бұғатталған активтерін дәл қазір, жеңілдетілген жолмен тартып алудың қамын жасауда. Бұл әділетті де. Мәскеу баса-көктей кіру арқылы халықаралық құқық атаулыны аяқасты етті, соғыс ашарда ешқандай сотқа жүгінбеді.

Украинаның инфрақұрылым экс-министрі Владимир Омелянның болжамында, қалпына келтіру 5-10 жылға созылады. Бұл ретте кем дегенде 10 млн отбасына арнап, қираған баспанасы орнына жаңасын салуға тура келмек. 

Кем дегенде дейтіні – соғыс әрі қарай ұласты. В.Путин әскери жанжалды тоқтатпайтынын, оның жеңіске жеткенше созылатынын білдірді. Ресей әскері көршісінің қалаларын артиллериядан үстемелете соққылауда, ұшақтардан және теңіздердегі алып әскери кемелерінен бомбалауды жалғастыруда. Халықаралық ақпарат құралдары, шетелдік сарапшылар "ресейлік генералдар берілмеген украиналық қалаларды жермен-жексен етуге бұйрық берді" деп хабарлады.    

Дегенмен Украинаны соғыстан соң қалпына келтіру мәселесін ресейлік сарапшылар да бағалауға кірісті. Ресейлік саясаттанушы, редактор, публицист Андрей Колесников экономистердің байламдарын тұжыра келе, Украина үшін төл "Маршалл жоспары" құрылады дегенді айтады.

"Экономистер қазіргі кезде Украинаны қалпына келтіру үшін 220-240 миллиард доллар қажет болады деп бағалайды. Терең реформалар да талап етіледі, оларға да қаражат керек. Салыстыру үшін айтсақ, ІІ Дүниежүзілік соғыстан тып-типыл болып қираған Еуропа үшін АҚШ "Маршалл жоспары" аясында 1948-1951 жылдары шамамен 13 миллиард доллар шығындады. Бүгінде ол 130 млрд долларға тең. Бұл сома Еуропаның 17 еліне арналды. Маршалл жоспары арқасында Еуропа елдерінің экономикасы түледі, дамыған елдерге айналды, мұны кейін "экономикалық ғажайып" деп атады. Ал батыс экономистерінің пікірінше, Украинаны қалпына келтіру бағдарламасына 2, тіпті 4 есе көп қаржы бағытталады", – деді ол.

Экономикалық саясат зерттеулерінің орталығы (CEPR) Украинаны қалпына келтірудің жалпы құны 200-500 млрд еуро аралығын (220-540 млрд долларды) құрайды деп тұспалдайды.

Қираудың ауқымын мынадан түсінуге болады. Дүниежүзілік банктің болжамынша, биыл Украинаның ЖІӨ-сі биыл 45%-ға құлдырайды. Ел тарихында мұндай зұлмат болмаған көрінеді.

"Әзірше инфрақұрылымды толық қалпына келтіру туралы айта алмаймыз. Тек жекелеген жерлерде көпірлер салынуда. Бірақ бұл әскер алға жылжуы үшін қажет уақытша құрылыстар. Елді қайта құру тек жеңістен кейін басталады. Бүкіл Украина алып құрылыс алаңына айналатыны даусыз. Мысалы, соңғы 3 жылда біз қыруар шығын шығарып, бар әлеуетімізді жұмылдырып, шамамен 10 мың шақырымдай жол салдық. Ал бүгінде соғыс салдарынан елде 23 мың шақырымдай жол қирады. Оларды салудың өзі 10 млрд доллардан астам шығынды қажет етеді", – дейді Инфрақұрылым экс-министрі В. Омелян.

Бұдан бөлек, Шмыгаль Үкіметі тұрғын үйлерін өз бетінше жөндейтін азаматтарға төлемақы берілетінін мәлімдеді. Олар үшін құрылыс материалдары қажет болады.

"Бүкіл Украина бойынша мыңдаған ғимарат – жеке үйлерден, коттедждерден бастап, аспан тірескен көп қабатты заңғарларға дейін, сондай-ақ қаншама мектептер, ауруханалар, әлеуметтік нысандар, әкімшілік ғимараттар, казармалар және өзге әскери объектілер күйретілді. Шамамен 10 миллион тұрғын ауа көшті, оның 4 миллиондайы Еуроодаққа, басқа мемлекеттерге босты. Қаншасы қайта оралады? Қанша тұрғын үй тұрғызу қажеттігі осы мәселеге де байланысты. Олар не сол мемлекеттерде екі-үш жылдай тұра тұруы керек, егер жаппай оралса, Үкіметке миллиондарды уақытша баспанамен қамтуға тура келеді. Бірінші кезекте жылу-электр орталықтарын, ауызсумен, жылумен, электрмен жабдықтау желілерін қайта тұрғызу қажет. Соғыс кезінде қаншама қала жылусыз, газсыз, жарықсыз қалды. Бұлардың өзін толық қамтамасыз етуге екі жылдан көп уақыт керек", – дейді В. Омелян.

Оның байламынша, Украинада қала-аудан, ауылдарды негізінен, күрделі жөндеу емес, тақырдан қайта тұрғызу талап етіледі. Нәтижесінде, шетелден құрылыс компанияларын тартуға, миллиондаған тонна құрылыс материалдарын, цемент, кірпіш, битум және басқасын тасымалдауға деген мұқтаждық туындауы мүмкін. 

Бұл жұмыстарға қазақстандық компаниялар атсалысып, Украинаны тұрғызуға үлесін қоса ала ма? Экономист-ғалым Марат Ерғозин бұған мүмкіндік бар дейді.

"Әрине, Украина қоғамы бір апта бұрын БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесінен Ресейді қуғанда, Қазақстанның Ресейді жақтап дауыс бергеніне ренжулі. Дегенмен ресми Киев Қырым мен Донбасты мойындамағаны, ҰҚШҰ аясында Ресей әскеріне өз әскерилерін қоспағаны және Украина территориясының тұтастығын мойындауда табандылық танытып отырғаны үшін Қазақстанға риза. Бұл соғыстан кейін экономикалық байланыстарды өрістетуге жақсы негіз бола алады. Нұр-Сұлтан бұған дейін Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанға көрсеткен құрылыс материалдары түріндегі гуманитарлық көмегін Украинаға да көрсетсе, Киевте немесе басқа бір жерінде жақсы мектеп салып, оған Абай һәкімнің атын бергізсе, құба-құп", – дейді сарапшы.

Алайда бұл жерде тасымал және логистика мәселесі туындайды екен. Ресей өз аумағы арқылы Украинаға құрылыс материалдарын жібермеуі мүмкін. Демек бұл үшін Каспийдегі қазақстандық-әзербайжандық теңіз порттарын дамыта түсу керек. Қазақстандық кәсіпкерлер Қара теңіз және Каспий арқылы Қазақстан мен Украина арасында Ресейді айналып өтетін баламалы жүк жеткізу маршруттерін дамытуды сұрап отырған көрінеді. Жасыратыны жоқ, бұл жол біршама ұзақ, әрі машақаты бар, бірақ Түркия қазірдің өзінде Қазақстан мен Қырғызстанға арналған жүктерінің жартысынан көбін осы бағытпен жеткізуде. Енді оны Украинаға экспорттық жүк жөнелту үшін де пайдалану ұсынылыпты.

"Қазақстандық бірнеше құрылыс компаниясы қалпына келтіру бағдарламасына қатысуға ынта білдіреді. Еліміздің ірі құрылыс холдингтері Украинада бөлімшесін ашып, жаңа кәсіпорындарды құра алады. Өткенде Қ.Тоқаев шетелге жұмыс іздеп шығатын қазақстандық еңбек мигранттарын қолдауды бекер ұсынған жоқ. Біздің құрылысшылар ғана емес, сәулетшілер, қаланы жоспарлау мамандары және басқасы Украинаны тұрғызуға жұмыла алады. Бұл бір емес, бірнеше жылға созылатын ауқымды шаруа. Білуімше, Қазақстан да биыл құрылыс материалдарының өндірісін күрт арттырады. Елордада, Шымкентте және басқа қалаларда биыл тұтас, дайын қабырғалардан тез тұрғын үй тұрғызатын "үй салу комбинаттары" жаңғыртылмақ. Украина үшін мұндай өнімдер аса қажет", – деді М. Ерғозин. 

Шынында, "SG Brick" ЖШС 2022 жылы Ақмола облысында қуаты жылына 120 миллион кірпіш шығаратын зауытын іске қоспақ. Осы өңірде "ДорСтройКокше" ЖШС қуаты жылына 50 мың тонна асфальт өндіруге жететін зауыт салуда. Ол да биыл қолданысқа берілуге тиіс. "Құмтас АҚҚ" ЖШС жылына 46 мың текше метр бетон және бетон бұйымдарын өндіретін зауытын осы жылы пайдалануға береді. "SHARCEM" компаниясы ШҚО-ның Шар қаласы жанындағы бұрын жабылған, жылына 1,2 млн тонна цемент жасайтын зауытты жаңғыртып, қайта іске қосады.

Алматы қаласында "ЖБИ Гарант" ЖШС толық циклді темірбетон бұйымдарын өндіру зауытын, Нұр-Сұлтанда "KMTCC" ЖШС бетон зауытын, "Beskuduk BR" ЖШС – Тас өңдеу зауытын (коралл), Шымкентте "Аманта" корпорациясы газдыблок шығаратын зауытын, "Global Glass" ЖШС шыны конструкцияларды өңдеу және өндіру зауытын (жылына 800 мың шаршы метр), "AhmetTas" ЖШС декоративті штукатурка, құрғақ құрылыс қоспалары кәсіпорнын, Жамбыл облысында "Turan Industry" ЖШС табиғи тастан қаптау тақтайшаларын өндіру бойынша зауытын салып жатыр.

Ағымдағы жылы "Aral Quartz" ЖШС Арал ауданында жұмыс істеп тұрған өндірістік цехты "құм-цемент және гипсті құрғақ құрылыс қоспаларын шығару желісі" ретінде қайта реконструкцияламақ. Сонда ол жылына 172 800 тонна құрылыс материалдарын шығара алады. Павлодар облысында "Стекломир" ЖШС биыл өндірісін жетілдіріп, жылына 120 000 ш.м шыны жасауды жолға қоймақ. Түркістан облысында "RZN" компаниясы автоклавты қатқылдау кеуек бетоннан газдыблок өндіру зауытын қолданысқа бермек.

Елордада – "BNB Holding" ЖШС, ал Шымкентте – "Dala Construction" ЖШС "Үй құрылысы комбинатын" биыл ашады деп жоспарланған.

Қалай болғанда, сарапшылардың ойы бір арнада тоғысады: соғыс бітпей, Украинаны қалпына келтіру туралы айтуға ерте. Сонымен бірге Украина жерін миналардан, арнайы құрылған жарылғыш тұзақтардан, басқа да жарылатын қоқыстардан арылту маңызды. Онсыз құрылыс жұмыстары қауіп тудырары сөзсіз. Сарапшылардың бағалауынша, Ирактағы секілді ауқымда минасыздандыру іс-шаралары 10 жыл ішінде шамамен 1 млрд долларға түсуі ықтимал.

Қалпына келтіру Бас жоспарды, ең бастысы – жобаларды қаржыландыруды және ақша бөлу рәсімдерін жеңілдетуді талап етеді. Экономикасы құлдыраған, Үкіметі қазірдің өзінде үлкен қарызға батқан Украина мұндай қиындықты бір өзі еңсере алмайды. Сондықтан бар үміті – Украинаны қалпына келтірудің халықаралық қорында болмақ. Бұл қор әзірге тек құрылу сатысында тұр.

Сонымен бірге Халықаралық валюта қоры Украинаға көмек үшін шұғыл қаржыландыруға арналған арнайы есепшот ашты.

"ХВҚ Украинаның кезек күттірмейтін мұқтаждықтарын өтеуге көмек ретінде берілетін шұғыл көмекті 1,4 млрд долларға дейін арттырды. Өткен аптада біз Украинаны қаржыландыратын арнайы есепшотты іске қостық. Енді халықаралық серіктестерімізбен бірге қалпына келтіру бойынша кең ауқымды іс-қимылға дайындалудамыз", – деді бүгін ХВҚ реттеуші директоры Кристалина Георгиева.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу