Украина Қырым көпіріне күйрету қаупін төндірген бе

3220

Тыныштау, бейбіт кезеңде де Украина қоғамы бұл көпірге қарап, тісін қайрайтын. Оны Қырымды отарлаудың құралы ретінде қабылдады. Енді қарсылас онымен әскери техникасын жеткізуді жолға қойғалы, украиналықтар оны қиратуды армандай бастады.

Украина Қырым көпіріне күйрету қаупін төндірген бе

Украиналық, тіпті бірқатар батыстық ақпарат құралдары кейінгі кезде Қырым түбегін Ресеймен байланыстыратын осы стратегиялық нысанды құртуға қатысты мәселе көтеріп, талқылауда.

РФ ФСБ полковнигі, "ДХР қорғаныс экс-министрі" Игорь Стрелков (шын тегі Гиркин) УР Қарулы күштері Қырым көпіріне соққы беретініне сенімді екенін мәлімдеді.

Оның байламынша, қарсыластың армиясы өзіне қажет деп тапқан күні, ерте ме, кеш пе, бұл көпірді жойып жібере алады. Ол Черномор флотының флагманы "Мәскеу" крейсерін атқылап, теңіз түбіне батырып жіберу арқылы украиналық армия Керчь бұғазы арқылы салынған әлгі көпірге де соққы беруге қабілетті екенін паш етті деген тоқтамға келді.

"Көпірге соққы бере алатынына "Мәскеу" крейсері куә", – деген ол Батыс елдерінің осыған қажетті әскери өнімдерін беріп, Украинаны мұздай қаруландырып жатқанын еске салды.

"Егер Кремльде әлдекім "біз олардың ірі инфрақұрылымдық нысанына тиіспесек, олар да жауап ретінде бізге тиіспейді" деп есептесе, қателеседі. Міндетті түрде тиіседі. Өздері қашан қажет және тиімді деп санаған күні бірінші болып қиратады", – деп күрсінді ресейлік полковник Игорь Гиркин-Стрелков.

Өз кезегінде Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов жергілікті НВ радиосына сұхбатында "УР Қарулы күштері мүмкіндік туа салысымен, Қырым көпіріне міндетті түрде соққы беретінін" мәлімдеді. Оның пікірінше, көпірдің қирауы уақытша отарланған Қырымға Ресейдің құрлықтық бөлігінен әскери техникалар мен қару-жарақтардың жеткізілуі және ары қарай оның Украина жерінде ұрыс салған ресейлік армияға тасымалдануы тізбегін жояды. Бұл "РФ Қарулы күштерінің соғысқа қабілеттілігіне теріс әсер етеді".

Бұл мәлімдемеге Кремль жауап қатты. В.Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков қарсыластың мұндай мәлімдемелері "ықтимал лаңкестік актінің анонсына тең" деп бағалады. Ал РФ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, экс-президент Дмитрий Медведев "егер Қырым көпіріне соққы жасалса, онда ресейлік армия жауап үшін Украинаның нысандарының бірін таңдайтынын" жеткізді.

Киевте тұратын ресейлік әскери шолушы Иван Яковина дұшпанды қаруландырған кесірлі көпірді тезірек жоюды талап еткен украиналықтарға мұның әзірге мүмкін еместігін түсіндірді.

"Қырым көпірі Ресей тарапынан ең жақсы қорғалған стратегиялық нысандардың бірі. Оны бірнеше ПВО (әуе қорғанысы) кешендері күзетеді. Оған соққы бергенімен, зымырандарды жолай ұстап, тұтады. Украина армиясы аса құнды зымырандарын босқа рәсуалайды. Көпірге пилотсыз ұшатын аппараттар да жақындай алмайды. Көпір үстінен де, астынан да мұқият патрульденеді, жарылғыш зат орнату мүмкін емес. Жанында жөндеу кешендері сақадай сай тұр. Бұл көпір – құрамалы конструкция, демек оның бір бөлігін қиратқанның өзінде жөндеу бригадалары тез арада ол бөліктерді қалпына келтіре алады. Украина бұған қуанып та үлгермеуі ықтимал", – деді сарапшы.

РФ Бас барлау басқармасының отставкадағы полковнигі, әскери сарапшы Александр Хаев Газета.Ru-ға сұхбатында Украина Қарулы күштерінің зымырандары көпірге жетпейтініне сендірді.

"Украинаның заманауи "Нептун" зымырандары 280 шақырым қашықтыққа дейін ұша алады. Онымен Мариупольдан немесе Бердянскіден атқылауға болатын еді, алайда біздің әскер оларды мұндай мүмкіндіктен айырды. Қазір Азов теңізінің бүкіл жағалауын ресейлік әскерилер өз бақылауында ұстап отыр. Кеңестен қалған "Точка-У" туралы айтудың өзі ұят: ол әрі кеткенде 120 шақырымға соққы береді. Авиация да жақын ұшып келе алмайды. Украина аспанында Ресей үстемдік етуде", – деп дәйектеді Александр Хаев.

Оның мәліметінше, аса маңызды объекті саналатын Керчь бұғазындағы көпірді және Қырымның аспанын қорғауға әуе қорғанысы күштерінің 4-ші армиясы және әскери-әуе күштері жауапты.

"Оның құрамына жойғыш авиация бөлімдері, зениттік-зымыран әскерлері кіреді. Олар С-300 және С-400 кешендерімен қаруланған. Стратегиялық объектіні қалқалауға Қырымдағы әуе қорғанысы күштері де жұмылдырылған. Қырым түбегінде С-400 "Триумф" зениттік-зымыран күштерінің 4 дивизионы өрістетілген. Яғни, ПВО-ның ең кемел жүйелерінен түзілген осы "текше" түбектің аспанын, соның ішінде Қырым көпірін тегіс жабады", – деп түйді А.Хаев.

Сондай-ақ Әскери эксперттер алқасының мүшесі Максим Бегуновтың дерегінше, ол маңда радиолокациялық барлауды арттыру үшін Оңтүстік әскери округтің құрамынан радиотехникалық полк тартылған. "Подсолнух" РЛС-і көпірге немесе Қырымға қарай ұшып келе жатқан зымырандарды, ұшақтарды, немесе "Байрақтарды" көкжиектен арғы қашықтықта анықтап, қадағалайды және шабуыл туралы алдын ала ескертеді. Сонымен бірге Қырым көпірінің дәл жанында "Панцирь-С1" зымыран-зеңбіректік кешені орналасқан.

Маңызды көпірдің айналасын "Росгвардияның" жаңа құрамасы – арнайы мақсаттағы 115-ші жеке теңіз бригадасы (спецназ) патрульдейді. Олардың арасында арнайы техникалармен жарақтандырылған әскери сүңгуірлер жасақтары бар. Олар АДС суасты автоматтарымен, ПСС суасты арнайы тапаншаларымен қаруланған көрінеді.

Әрине, егер осылардың бәрін айналып өтіп, көпірді қирата алса, әлем Украинаның әлеует-қуаты мен айла-шарғысына тәнті болмақ. Дегенмен әзірге мұны жүзеге асыру мүмкін еместігін Киев те мойындап отыр.

Оның үстіне бұл көпірдің астымен Батыстың және Украинаның жүк кемелерінің өтуіне Ресей тосқауыл қойған. Өзге елдердің кемелері ұзақ әрі мұқият тексеріледі. Тиісінше, астынан өткен кемені жару арқылы құлатуға да жол берілмейді. Әйтпесе, 2016 жылғы 19 наурызда "Лира" атты түріктің жүк кемесі көпірдің бір тірегі мен екі бағанасын қағып өтіп, бұзып тастаған болатын. Кейін мұның көпірді күйрету үшін қасақана жасалған акт еместігі, "Лирада" лоцманның жоқтығы анықталды. Сонда да көпір қирамаған.

Қалай болғанда, әлем мойындамаған ДХР-дің қорғаныс экс-министрі И.Стрелков ресейліктерге Қырымнан көшуді кейінге қалдырмауға кеңес берді. Кейбір қырымдықтар бұл ақылға ден қойып, жүктерін буып-түйіп, түбектен кетуде. Олар әлеуметтік желіде ауқымы кеңейген майданның Қырымға ауысуынан қорқатынын жазады. Қырым тұрғыны Максим Афиногенов 12 машинадан тұратын топ болып Ресейдің құрлықтағы бөлігіне қоныс аударғандарын хабарлады. Краснодарға бет алыпты.

"Краснодар билігіне бара жатқанымызды ескерттік. 2014 жылы Ресейге өтуді жақтағанда, қорғайды деп сендік. Енді түбектен қашуға мәжбүрміз. Ендеше Краснодар билігі бізді баспанамен қамтуға тиіс", – деп есептейді ол.

Қырымдықтар Батыстың Украинаны 300 шақырымнан да алысқа ұшатын төл зымырандармен қаруландыра бастағанынан қауіп қылады.   

Үрей бұлты Украина жерімен шектелмей, айналасына тарап жатқанға ұқсайды. Оны тек соғысушы тараптар арасындағы бітім ғана тоқтата алса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу