"Украина соғысында буряттардың гендік қоры қырылып жатыр" – бурят белсендісі

14519

Ресейлік әлеуметтік желілерде орыс армиясын "жамандыққа қимайтын" кейбір империяшыл азаматтар (арасында қазақстандықтар да бар) Украина жеріндегі мародерлық пен айуандық оқиғаларына буряттарды кінәлауға әуестеніп алды.   

"Украина соғысында буряттардың гендік қоры қырылып жатыр" – бурят белсендісі

"Свободная Бурятия" қорының вице-президенті, "Народная миссис Санкт-Петербурга", "Миссис Толерантность" атақтарының иегері Виктория Маладаева "Белсат" арнасына сұхбатында мұның шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Буряттар немесе буряадтар – Байкөл (қазіргі Байкал) көлінің айналасында өмір сүрген Ұйғыр қағанатының байырқы және құрықан тайпаларының қазіргі ұрпағы, XIII ғасырдан бері Ұлы Моңғол империясының құрамында болған. Заманында Ойрат хандығын құруға қатысқан ірі ұлыстың бірі. XVII ғасырдан бері орыс империясының және кейін Кеңес өкіметінің төрт ғасырға созылған отарлауы салдарынан бүгінде сол іріліктен із де қалмаған. Даму деңгейі жөнінен Бурят өлкесі Ресей Федерациясында ең соңғы орынды алады. Буряттар өздерінің байырғы этникалық аумағында азшылық ұлтқа айналды: жалпы саны 450 мыңдай ғана. Жастарының үлкен бөлігі ұлттық құндылықтардан ажыраған, бурят тілін білмейді. Бурят тіліне жоғалу қаупі төнді.

Бурятия жері – қазынаға бай. Онда уранның ірі кеніштері, алтын кенорындары орналасқан. Пайдалы қазбалардың қорлары және әралуандылығы жөнінен Бурятия Ресейдегі көшбасшылар қатарында: бүкіл Ресейдің мырыш қорының 51,5%-ы, нефриттің 91%-ы, қорғасынның 34,3%-ы, молибденнің 29,68%-ы, вольфрамның 32,08%-ы, кадмийдің 43,8%-ы, уранның 7,39%-ы, шпаттың 14,38%-ы, хризотил-асбесттің 18,5%, кварцты құмның 37,8%-ы – жалғыз Бурятияда орналасқан.

Соған қарамастан, Бурятия республикасын жаппай кедейшілік, жұмыссыздық жайлаған. Сондықтан жастар әскери саланы әлеуметтік лифт, Ресейдің өзге ауқатты өңірлерінде орнығудың бір мүмкіндігі ретінде қарастырып келді. Соғыс басталғанда бұл сала бурят жастарын жетістік шыңына көтеретін емес, жер астына жөнелтетін қайғылы "жеделсатыға" айналып шыға келді.

– Статистикаға жүгінсек, Украинадағы соғыста Ресейдегі ең кедей өңірлердің өкілдері көп қырылуда. Бұл неліктен? Соның ішінде майданнан ең көп мәйіт жеткізілген өлке де – Бурятия екен. Бұл кездейсоқтық па?

– Бізде негізгі екі лифт қана бар. Біріне сәйкес, сен "Байыр ағаға" жұмыс істеуің керек, бұл белгілі бір кісі емес, жемқор адамдардың жалпы атауы. Оларды "мәңгүрт" (мангурт) деп атайды. Екіншісі бойынша әскерге қызмет етесің. Әрине, үшінші жолы да бар, бірақ ол тым шектеулі: буряттардың кейбірі Камчатка сияқты ит байласа тұрғысыз жерлердегі ауыр жұмыстарды істеуге, вахтаға кетеді немесе Оңтүстік Кореяға таңнан түнге дейін дейін қара жұмысқа жегілуге аттанады.

– Буряттар Ресейдің Украинадағы соғысына қалай қарайды?

– Соғыс болады деп ешкім күтпеген. 24 ақпанда "арнайы операцияның" басталғаны жарияланды. Содан кейін біздің ұйымға баласы әскерде қызмет ететін ата-аналар бірінен соң бірі қоңырау шалып, лек-легімен жүгіне бастады. Әсіресе, алғашқы екі аптада із-түзсіз кеткен 150 солдатқа қатысты қоңырау түсті. Адамдар ұлдарының, күйеулерінің, туған бауырларының хабарсыз жоғалғанын айтып шағымданды. Бәрі естен тана жаздады. Ресей жеріндегі әскери жаттығуларда жүрген жігіттердің бірі соғыс қарсаңында телефон шалып, үйге қайтатынын қуана хабарлаған. Содан кейін қоңырауға жауап беруді қойған. Ізінше көптеген солдат жаттығудан бірден Украина аумағына кіргізілген.

Өлкені үрей буып тұр. Мен жақында Instagram парақшамда сауалнама жүргіздім: "Бурятия тұрғындары, Ресейдің Украинадағы соғысына қалай қарайсыздар?" деп сұрадым. Әйтпесе Бурятия басшысы Алексей Цыденов "арнайы операция" дегенді белсенді қолдап жүр. Сауалнамаға жауап берген жергілікті тұрғындардың көбі соғысты құптамайтыны белгілі болды. "Қорқынышты түстен ояна алмай жатқандаймын", "шаңырақтарды үрей және белгісіздік жайлады", "естен танғалы жүрмін" деген сияқты пікірлерін жеткізді. Жұрт өзін шарасыз сезінеді.

– Кеңес одағы Ауғанстанда соғыс жүргізгенде аналар комитет құрып, шеруге шығып, қан-қасап қырғынның тоқтауына қол жеткізді. Сарапшылар Украинадан табыттар легі ағыла бастағанда ата-аналар көшеге шығып, қарсылығын білдіретін болар, қырғынды доғаруға септесер деп үміттенді. Буряттар соғысты қолдамайтын болса, неге наразылығын білдірмейді?

– Буряттар тарапынан қарсылықтар болды. Ғаламторда да видеоүндеулер жетерлік. Бірақ Бурятиядағы оқиғалар федералдық телеарналардың жаңалықтарына ілікпейді. Жергілікті жаңалықтардан да наразылық акциялары көрсетілмес еді. Жұртшылық қарсылығын тікелей комиссариаттарға білдіреді. Олар барлық шағыммен Қорғаныс министрлігіне жүгіну керектігін айтады. Ал министрлік телефонын көтермейді, сұрауға жауап бермейді. Менің де біраз ағайын-туысым "арнайы операцияда" жүр.

Біздің шағын ұлтымыз үшін бұл соғыс – үлкен нәубет, апатпен тең. Бурятия тұрғындарының Ресей халқындағы үлесі 1 пайызға да жетпейді, бірақ дәл біздің өлке Украинадағы соғыста ең көп шығынға ұшырауда. Біз Украина халқын қыруға қарсымыз. Біздің жігіттер де қарсы екеніне сенімдіміз, өйткені жақында бурят солдаттары өздерін қырғынға айдаған "кадыровшылдармен" атысқаны туралы хабар тарады.

Солдаттардың туыс-туғандары Қорғаныс министрлігін шағыммен шабуылдауды жалғастыруда. Ата-аналар Белгородқа, Украинамен шектес басқа да қалаларға сапарлап, өз ұландарын әскерден алып кетудің қамын жасап көрген, рапорттар жазған. Өкінішке қарай әскери қолбасшылықтағылар бурят жігіттерін жібермеді. Кейбір белсенді ата-аналардың қолына көпшіліктің көзінше кісен салып, тұтқындаған. Жауынгерлерімізді майдан даласын тастап қашса, соғысудан бас тартса, 15 жылға түрмеге отыратынын айтып, қорқытады.

– "Ищи своих" Telegram-арнасында Украинада қаза тапқан, жараланған, тұтқынға түскен солдаттар мен офицерлердің жеке деректері жарияланады. Каналдың аналитикасынан байқалғандай, олардың арасында Мәскеудің немесе Петербордың тұрғындары жоқтың қасы. Сарапшылар негізінен, ең кедей өңірлердің, солтүстік өлкелердің және Кавказдың тұрғындары соғысқа жіберілген дейді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Бұл да отарлаудың бір түрі емес пе, құрыса азшылық ұлттар құрысын деген...

– Бұл жерде бірнеше жайт қабысса керек. Біріншіден, егер соғыс Бурятиядағыдай Мәскеуде де, Петерборда да әрбір екінші-үшінші отбасыға қайғы әкелсе, онда мәскеуліктер мен петерборлықтар митингке шығып, көшелерді толтыратын еді. Мұны шетелдік ақпарат құралдарынан жасыра алмайсың. Ал Дағыстан сияқты, Бурятия да ақпарат айдынынан оқшау, қиянда жатыр, біздің ауылдардағы қайғы жұтқан аналар, әжелер не істей алады? Әрі кетсе, ауыл басшысына, немесе қалаға барады. Мәскеуге сапарлауға әл-ауқаты жетпес.

Екіншіден, әскери қызметті біздің ер-азаматтар ұзақ жыл бойы әлеуметтік лифт ретінде пайдаланып келді. Сондықтан соғысқа да соларды бірінші болып жіберсе керек. Үшіншіден, шалғай өлкелердегі еркектерді майданға жіберсе, олардың туыстары наразылық білдіріп, Мәскеуге жете алмасын билік біледі.

– Бурятияда жігіттер арасында өлім-жітім екі есе көбейген. Бұл жағдай ұрпаққа, демографияға қалай әсер етеді? Соғыс біткен соң буряттардың болашағы қандай болады деп ойлайсыз?

– Айтуға да қиын. Буряттар біздің гендік қорымыз қырылып жатқанын түсінеді. Майдан даласында мерт болғандар арасында 18–20 жасар жігіттеріміз көп. Бірақ ешкім статистика жүргізбейді. Мәскеу Қарулы күштердің адам шығынын құпияландырды. Бізге белсенділер мәлімет береді, соғысқа әр ауылдан 10–15 жігіттен әкетілген. Сорақы жайт.

Буряттар: "неге бір өңірлерден солдаттарды көбірек жібереді, басқаларына, орталық өңірлерге тіпті тиіспейді?" деп сауал қоя бастады. Жоғарыда аталған телеграм-каналдан орыс және өзге ұлттар өкілдерінің де біраз азаматы жантәсілім еткенін байқауға болады, бірақ тұрғылықты мекен-жайына қарасаң, бәрі дерлік қараң қалған ауыл-деревнялардан. Ірі қалалардан барғаны аз.

Бурятия басшысы Алексей Цыденов алғашқы күннен бері "арнайы операцияны" қатты насихаттады. Қазір де сол қарқынмен жалғастыруда. Біздің байламымызша, бұл соғысты ол жеке пиар-жобасына айналдырып алды. Кремльге солай жағынуда.

Мәскеу бұл кесірлі құбылысты ары қарай жанықтыра түсуде. Мысалы, пропаганданың басты бір құралы саналатын "Первый каналдың" жаңалықтарында диктор "арнайы әскери операцияның" Ресейге керектігін дәйектей келе, сөзінің соңын буряттарға қайырылумен аяқтады. "Буряттар, алған беттеріңізден қайтпаңыздар, қажырлы болыңыздар!" дей келе, бурятша: "Урагшаа буряад!" (Алға, бурят!) деп түйіндеді. Бұл біртүрлі, оғаш жайт. Ресейді мекен еткен 190-нан астам ұлт арасынан пропагандистер не себепті буряттарды бөле-жара айтып, айтақтап отырғаны түсініксіз. Осы арқылы украиналықтармен аққұла буряттар соғысып жатқандай ұғым қалыптастыруы ықтимал.

Мұндай "қарғыстай таңбамен" ұлттың болашағы қандай болуы мүмкін? Бұған қоса, енді әлеуметтік желілер мен телеграм-арналардағы қаптаған Кремльдің боттары Украина жеріндегі барлық әскери қылмыстарға, мародерлыққа, айуандық істерге буряттарды кінәлауға құмар болып алды. Бұған тіпті ешқандай дәлел-дәйек те ұсынбайды. Біз аз халықпыз, біздің шағын үнімізді осылай, алып хор басып кетті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу