Украина, Түркия мен НАТО "Астық келісімін" Ресейсіз жалғастырды

3889

Халықаралық сарапшылар мұны шағын сенсацияға балап отыр. Мәскеудің қорқытуына қарамастан, украиналық порттарға шетелдік астық таситын кемелер легі жол тартты. 

Украина, Түркия мен НАТО "Астық келісімін" Ресейсіз жалғастырды Фото: vedomosti.ru

Астық келісімі немесе Қара теңіз астық бастамасы – Түркия, БҰҰ, Украина және Ресей арасында 2022 жылғы 22 шілдеде бекітілген мәміле болатын. Түркияның араағайындығымен қол жеткізілген сол келісімнің арқасында Украина Одесса облысындағы теңіз айлақтары арқылы тек ауыл шаруашылығы өндірушілері жинаған дақылдарын ғана емес, өзінің кәсіпорындары өндірген азық-түліктерін де жаһандық нарыққа тасып, мол табыс тапты.

Ондағы Ресейдің рөлі – бастамаға қатысатын, аккредиттелген кемелерді атқыламау болатын.

Биылғы 17 шілдеде РФ сыртқы істер министрлігі Мәскеудің Астық келісімінен шығатынын жариялады. Ізінше РФ сол мәмілені жүзеге асыру үшін Ыстамбұлда құрылған Бірлескен үйлестіру орталығынан инспекторларын алып кетті. Сөйтіп, 4 тарап арасында құрылған орталықтың жұмысы дағдарды.

Сонымен бірге Мәскеу Қара теңіздегі кемелердің қауіпсіздігіне берген кепілдігін кері қайтарып алатынын, теңіздегі гуманитарлық дәлізді жабатынын мәлімдеді.

Кремль бұдан былай Украинаның порттарына бағыт алатын кез келген кемені әскери нысан деп танитынын, сондай-ақ Қара теңіздің украиналық айдынын, осы теңіздегі халықаралық сулардың солтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс бөлігін қамтыған "уақытша қауіпті аймақ" режимін қалпына келтіргенін зілдене, қаһарлана жария етті.

"Қара теңіз – Ресейдің ішкі өзеніне айналды" деп масаттана, мырс-мырс күлді ресейлік пропагандистер. РФ тарапынан қауіпсіздік кепілі жойылғандықтан сақтандыру құжаттарынан айрылудан үрейленген кемелер украиналық порттарға сапарлауын тыйды.

Бұл шымбайына батқан Украина Президенті Владимир Зеленский Түркия лидері Р.Ердоғанға жүгініп, Астық бастамасын Ресейсіз жалғастыра беруді ұсынды. Ол астық экспортын жалғастыру үшін өзі бар күшін салатынын жеткізді.

"Бізде екі келісім болды. Біріншісі — Украина, Түркия және БҰҰ арасында. Екіншісі — Ресей, Түркия, БҰҰ арасында. Сондықтан Ресей Астық келісімін тоқтататынын айтқанда, ол БҰҰ бас хатшысы Гуттеришпен және түрік Президенті Ердоғанмен мәмілесін ғана бұзды. Демек, Украина, Түркия және БҰҰ арасындағы келісім сақталып қалды. Біз, Украина, Ресеймен астық келісімін бекіткен жоқпыз", — деді В.Зеленский.

Артынша Ресей әскері авиациямен, түрлі зымырандармен үстемелете соққы беріп, Украинаның Одессадағы теңіз порттарының және астық сақтау қоймаларының күл-талқанын шығарды. Оларда сақталған ондаған мың тонна астықты өртеп жіберді.

Украина жағының дерегінше, Одесса порттарын қалпына келтіру тек келесі жылы мүмкін болады. Сонымен Астық келісімін орындауға іс жүзінде нүкте қойылғандай еді.  

Енді астық жолы қайта жалғанғанға ұқсайды. Осы апта басында оннан астам шетелдік кемелердің керуені Ресейдің төндірген қауіп-қатерін елеместен, Қара теңізге кірді және украиналық порттарға жетті. Бірақ онда тұрақтамай, ары қарай Дунай дариясына бет қойды.

Сарапшылардың түсіндіруінше, "Дунай — Чорне море" каналы бар. Оны кеңес кезіндегі құжаттарда "Новостамбульское гирло" деп атайтын. Кеме жүзетін осы терең арна Украинадағы Одесса облысынан, яғни Қара теңізден басталады. Дунайдың Быстрое, Старостамбульское, Килийское сияқты сағаларын пайдаланады.

Сенсациясы сол, Мәскеудің қоқан-лоққысына пысқырмаған шетелдік кемелер керуенін сүңгуір қайықтармен күресетін америкалық Р8 ұшағы, алып Forte12 RQ-4 барлау дроны сүйемелдеп отырған. Соңғысы Ресей бұл батыл талапқа жауап берудің қандай қамын жасайтынын бақылаған болса керек. Сөйтіп, агрессорды тырп еткізбеді. Егер Мәскеу бұл азаматтық кемелерді бомбалағанда, НАТО-ның ресейлік әскерге соққы беруіне себеп-сылтау табылатын еді.

Бұл ақпаратты OSINТ-аналитик Маркус Джонсон жариялады.

"Алдымен үш азаматтық жүк кемесі, атап айтқанда Израилдің, Грекияның және Түрік-грузин кемесі жексенбіде Қара теңіздегі ресейлік блокаданы бұзып өтті. Олар Дунай сағасындағы Украинаның астық порттарының біріне жетіп, зәкір тастады", — деп хабарлады америкалық Forbes.

Украинаның Дунай жақта да астық порттары бар. Әрине, қоймалары мен терминалдарының астық сыйымдылығы жөнінен олар Одесса порттарымен бәсекелесе, теңесе алмайды. Бірақ әлдеқайда қауіпсіз. Олар Румынияға өте жақын орналасқан, сондықтан Ресей атқылауға батпай жүр. Себебі Румыния – НАТО мүшесі.

Forbes мәліметінше, Түркияның Босфорынан шыққан ол кемелер де жасырын қозғалмаған, ашықтан-ашық, транспондерлерін қосып жүзді. Ендеше Ресей олардың блокаданы күйретуге ден қойғанын алдын ала біліп отырды. Бірақ қайран қыла алмай, бармағын шайнаса керек. Өйткені оларға АҚШ әскери теңіз күштерінің P-8 патрульдік ұшағы, жер бетін сканерлеуші радары бар америкалық "Челленджер" әуе кемесі, Құрама Штаттардың әскери әуе күштерінің үлкен RQ-4 беспилотнигі, сонымен қатар НАТО-ның E-3 ұшағы аспаннан қорған болды.

Бұған қоса, аса маңызды миссияны арқалаған азаматтық кемелерді қадағалап, Италия мен Румынияның жойғыш ұшақтары да жақын маңда ұшып жүрген. Осылайша, алғашқы кемелер Қара теңіз арқылы украиналық шағын порттарға кірді.

Кремльден нұсқау түссе керек, ресейлік мемлекеттік ақпарат құралдары да, пропаганда да ресейлік әскерилер өз бақылауында деген акваториямен шетелдік кемелердің жүзіп өтуін барынша елемеуге тырысты, шу көтермеді.

Ал Украина жағы ресейлік блокаданы бұзып өткен теңізшілерді батырға теңеді.

"30 шілденің түнінде үш азаматтық кеме – Ams1, Sahin 2 және Yilmaz Kaptan Израилдің, Грекияның және Түркияның порттарынан шығып, Босфор арқылы Қара теңізге кіргені белгілі болды. AIS (автоматты идентификациялық жүйеде) жету пункті ретінде бірден Украинаны белгіледі. Батыр теңізшілер! Қош келдіңіздер! Ресейге бұл бағытта да тойтарыс берудің жолы табылғанға ұқсайды", — деп, алғашқылардың бірі болып хабарлады украиналық Militarnyi танымал сайты. Онда әскери, саяси оқиғалар талқыланады.

Әзірге Қара теңіз арқылы Украинаның дунайлық порттарына жиырма шақты алып кеме өткен. Алда олардың саны күрт өседі деп күтіледі. Себебі, Астық келісімі бұзылғалы бейтарап суларда көптеген кемелер дағдарып тұр. Енді олар бүгінде біртіндеп, Дунай бағытын бетке алды. Ол жақта кемелер украиналық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің түрлі өнімдерін тиеп алады деп күтілуде.

Ендігі қауіп – Мәскеу бұл лекті тыю үшін лаңкестік ұйымдастырмаса, жөн. Әйтпесе, кеше, 1 тамызда РФ қорғаныс министрлігі халықаралық суларда әлдебір "3 украиналық экипажсыз катерді тауып, жойғанын" жариялады. Мәскеу "олар ресейлік азаматтық кемелерге шабуыл жасауға ниеттенген" деп салды.

Украина бұл айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарды. Reuters жазуынша, Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк өз елінің Қарулы күштері Қара теңіздегі бірде бір азаматтық нысанға шабуыл жасамағанын, жасауды жоспарлап та отырмағанын мәлімдеді.

Сонымен бірге Украина Хорватиямен арада хорват порттарын украиналық астықты экспорттау үшін пайдалану туралы келісімге келді. Осы мақсатта хорваттардың Дунайдағы және Адриатика теңізіндегі порттары таңдалған көрінеді.

Жаңа Астық келісіміне Балтық елдері, Румыния мен Болгария да қызығушылық танытып отыр. Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебаның айтуынша, бүгінде Киев барлық әлеуетті порттарға барынша қысқа, тиімді маршруттерді пысықтау жұмыстарын жүргізуде. Украина халықаралық қуатты серіктестерінің көмегімен кез келген тығырықтан шығар жол таба білетінін паш етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу