Шынында да "бір халық па?"
Бүгін, яғни 24 ақпанда басталған соғыстың түп тамыры тереңге кетеді. Тіпті сонау жүздеген жылға... Ресей Президенті Владимир Путиннің "бір халықпыз" деп, оның ішіне Беларусьтарды да қосып қоюына қарсылық қашан да болып келген. "Бір халықпыз" деген сөз Әзербайжанды қолдаған Түркия басшысы Ердоғанға жарасқанымен, Путинге келгенде жағдай басқа. Жиі айтылатын мәлімдемеге қарсы шыққан украиндықтар түгілі, мұндай көңіл-күй Беларусь қоғамында да бар.
Тарихта осы екі халықтың шынында да бір мемлекет болғаны, тұтас халық болғаны шындық па өзі? Шындығында, славян тектес екі халық баяғыда-ақ екі ел, қос мәдениет болып бөлініп кеткен. Туыс, бірақ бөлек ел болып қалыптасқан. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін екі ел таңдаған саяси жол да екі түрлі болып шыға келді. Киев батыс демократиясын қалады, Мәскеу ол жолдан ауып кетті.
Қазіргі соғыс – сол 30 жылдан бері саясаттың салдары.
Украина жолы
1991 жылғы Беловеж келісімі естеріңізде болар? Украина сол тұста Ресей және Беларусьпен бірге КСРО-ны тарқатқан әйгілі құжатқа қол қойған. Әлбетте, ол кезде Мәскеу қалай болса да, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы және арзан газы арқылы Украинаға деген ықпалын сақтап қалуға барын салған. Алайда Кремльдің ол тұста жоспары орындалмады. Ресей мен Беларусь одақ мемлекет құрды да, Украина Батысқа қарайлай бастады.
Көрші елдің бұл ниеті Кремльге ұнай қойған жоқ. Алайда КСРО-дан қалған миллиондаған армия мен әлемде ядролық қару жағынан үшінші ел атанған Украинаның да өз салмағы бар еді. Ресей қауіпсіздік жөнінде кепілдік әрі экономикалық көмек бергеннен кейін (Будапешт меморандумы) Киев ядролық қарудан бас тартып, арсеналдың бәрін өткізген. Батыс елдері Украинаға өзіне аса жақындата қоймағаннан кейін Мәскеу де өзін биязы ұстаған. 1992 жылы Қара теңіз флотындағы күзет кемесі ауаға оқ атып, Украинаның туын көтерген күйі Севастопольдан Одессаға дейін жүзіп барды. Қара теңіз флотын тең бөліп, 1997 жылы "Үлкен келісімге" қол қойған Ресей Украина шекарасын толық таныған. Ресей Украина жері деп таныған аумақта Қырым да бар еді.
"Посткеңестік достық" үзілуге шақ кезең
Мәскеу мен Киев арасындағы алғашқы дипломатиялық дағдарыс Путиннің тұсында басталды. 2003 жылдың күзінде Ресей Керчен бұғазында шұғыл дамбы тұрғыза бастады да, оның бағытын украиналық Тузла аралына бұрып қойды. Киев бұл әрекетті "шекараға көз аларту" деп баға берді. Салқындықты сол тұстағы екі елдің президенттері реттеген болған. Нақтырақ айтқанда, сол жылы құрылыс жұмыстары тоқтағанымен, екі мемлекеттің құжат жөніндегі достығына сызат түсті.
Украинадағы 2004 жылғы сайлауда Ресей өзіне бейілді Виктор Януковичтің кандидатурасын қолдады. Алайда "түрлі-түсті революция" Януковичті таққа отырғызбады. Батысқа жақын Виктор Ющенко президент болып сайланды. Ющенконың жеңісі Ресейдің Украинаға деген саясатын басқаша бағытқа бұрғанын айтады сарапшылар. Төңкеріске ол кезде Ресей тарапы батыс елдерін айыптаған. Ющенконың тұсында РФ Украинаға баратын газ құбырының кранын 2006 және 2009 жылдары екі рет жапқан. Мұның салдары Еуропаға баратын газдың транзитін шектеген.
Қазіргі жағдайға себеп болған оқиғалардың бірі 2008 жылғы саммиттен басталды. Бухарестте өткен НАТО саммитінде АҚШ Президенті Джордж Буш Украина мен Грузия үшін Мүшелік әрекет жоспарын (МАП) алуға тырысты. Путин үзілді-кесілді қарсылық танытып, Мәскеу Украинаның тәуелсіздігін толық мойындамайтынын ашық білдірді. Ақыры Германия мен Франция Буштың жоспарына тосқауыл қойды. Посткеңестік елдердің ішінде Украинаға да, Грузияға да НАТО-ға мүше болуға уәде берілді, бірақ нақты күні тағы айтылмады.
Әскери альянсқа шұғыл кіре алмаған Украина Еуроодақпен келісіп, Батыс елдерімен экономикалық интеграцияны күшейтуге тырысты. 2013 жылдың жазында аталмыш одаққа кіруге бірнеше ай қалғанда Ресей Украинаға қысымды күшейтіп, украиналық экспортты тіпті толығымен шектеді. Күзде Януковичтің (2010 жылы президент болған) үкіметі Брюссельмен келісімге қол қою жоспары кейінге қалдырылғанын жариялауға мәжбүр болды. Алайда президенттің бұл шешімі Украинадағы жаппай наразылыққа себеп болып, 2014 жылы Януковичтің өзі Ресейге қашуға мәжбүр болды.
Қырым аннексиясы
2014 жылы Киевте билік вакумы пайда болды. Ресей Қырымды басып алды. Жарияланбаған соғыстың ізімен ресейлік билік және оған лояльды жергілікті құрылымдар Донбаста сепаратистік әрекеттерге көшті. Донецк және Луганск облыстары "халық республикалары" деп өзін-өзі жариялап, оның басшылығына Ресейден келген адамдар тағайындалды. Киев шұғыл арада, атап айтқанда мамырда бірден сайлау өткізіп, содан кейін ғана АТО күшімен антитеррористік операцияларды бастады.
2014 жылдың маусымында Францияда Украина Президенті Петр Порошенко Ресей Президенті Владимир Путинмен бірінші рет кездесті. Олардың кездесуіне, келіссөз жүргізуіне Германия және Франция көшбасшылары мұрындық болған. Осылайша, келіссөздің "Норманд форматы" пайда болды. Жазда Украина армиясы сепаратистерді ығыстыра бастаған. Тамызда Киевтің айтуы бойынша, Ресей Донбаста өз күшін толыққанды қолданған. Ал Мәскеу оны жоққа шығарды. Украина әскері Иловайск маңында жеңіліске ұшырап, бұл оқиға екіжақты қақтығыстың шырқау шегіне айналды. Майданның барлық шебіндегі соғыс қыркүйекте Минскте оқ атуды тоқтату туралы уақытша келісіммен аяқталды.
Осы келісімнен кейін екіжақты текетірес позициялық сипатқа ие бола бастады. 2015 жылдың басында сепаратистер жаппай шабуылға шықты. Киев тағы да Мәскеуді айыптады, Мәскеу тағы да оны жоққа шығарды. Украина күштері Дебальцево қаласының аудандарында тағы жеңіліске ұшырап, соғыс аумағынан кетуге мәжбүр болды. Осыдан кейін Германия және Францияның араласуымен "Минск-2" құжатына қол қойылған. Осы құжат күні бүгінге дейін екіжақты қақтығысты реттеуші негізгі құжат болып келді. Құжаттың бірде-бір бабы орындалған жоқ, ал тараптар бұлай болуына бір-біріне кінәлап бақты.
"Норманд форматының" соңғы отырысы Парижде 2019 жылдың күзінде өтті. Ресей Украинаның жаңадан тағайындалған президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізуден үзілді-кесілді бас тартты. 2021 жылы Ресей Украина шекарасына екі рет әскерін жақындатқан. Ал жыл соңында Путин АҚШ пен НАТО-ға "Украинаны альянсқа қабылдамауы керектігі" турасында талап қойды. Альянс Мәскеудің бұл талабын елеген жоқ.
2022 жыл: Ресейдің соғыс ашуы
2021 жылдың 21 ақпанында Ресей Президенті Владимир Путин сепаратистік "Донецк халық республикасы" мен "Луганск халық республикасының" тәуелсіздігін мойындады. Тиісті құжатты сол елдегі парламент ратификациялады. Путин сонымен қатар бұл "республикаларға" Донецк пен Луганск облыстарының барлық аумағы кіретінін мәлімдеді. Бұл – сепаратистер бақылайтын аймақтан да кең жер.
24 ақпанда Путин Украинаға қарсы "арнайы әскери операциясы" басталғанын жариялады. Соғыс осылай басталды...
Аян Бекенұлы