"Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді" деген даналық бар. Батыстың төрінде отырып, Мәскеумен ыстық ықыласын, тығыз қарым-қатынасын сақтауға тырысқан ел бар, ол – Австрия.
Әрине, Австрия Украинаға қомақты гуманитарлық көмек жолдап, ондаған украиналық босқынды қабылдады. ЕуроОдақтың Ресейге қатысты барлық дерлік санкцияларын құптады. Оның басшылары халықаралық құқық нормаларын бұзғаны үшін Путинді жұрт көзінше сынады.
Алайда Австрия қан-қасап соғыс басталғаннан кейін де шымылдырықтың артында Мәскеумен ынтымақтастығын белсенді жалғастырды. Екі елдің коммерциялық байланыстары берік: еуропалық көптеген брендтер ресейлік улы нарықты тәрк еткенде немесе ең құрығанда, тастап шығуға талпынып жатқанда, жүзге тарта австриялық компания барлық дерлік саладағы, әсіресе энергетика мен қаржы секторларындағы бизнесін одан әрі өрістетті. РФ нарығындағы басқалардан босаған орындарға өркен жайды.
Былтырғы сәуірде, яғни соғыс өрті өршіген шақта Австрия канцлері Карл Нехаммер Мәскеуге сапармен аттанып, мойнына бейбіт тұрғындардың қанын жүктеген көшбасшымен қол алысқан бірінші еуропалық лидерге айналды. Әрине, Нехаммер бұл сапарын "бейбітшілік миссиясы" деп атап, Кремль қожайынымен соғысты тыю туралы "қатаң әрі ашық әңгімелескенін" журналистерге мәлімдеді. Бірақ нән сағатты Кремлдің тарс жабылған алып есіктерінің ар жағында екеуінің не туралы сырласқаны белгісіз қалды. Еуропалық сарапшылар бұдан екіжүзділік көрінісін байқады. Себебі, содан кейін Мәскеу Еуропаға, соның ішінде бұрынғы басты серіктесі Германияға газ жеткізуді доғарды. Ал Австрия ресейлік көгілдір отынға ары қарай қарық болуда.
Мәскеу соғыс өртін өршіткен сайын оны байқамағансып, әр тараппен әмпай-жәмпай болғысы келген Вена Батыстың қысымына қалды. Өйткені халықаралық сарапшылардың пікірінше, Австрияның нейтралитеті оның элитасына терең тамыр жайған цинизмнен хабар береді. Оның үстіне бұл Украинаны бірауыздан қолдауға және онымен бірге бірыңғай майдан құруға бағытталған еуропалық бірлікке сына қағады.
Politico басылымы атын жасырып қалуды жөн көрген Еурокомиссиядағы жоғары лауазымды шенеуніктің сөзіне сілтеме жасап, ұзақ жылдар бойы Австрияның истеблишментіне Мәскеудің дендей енгеніне, берік орныққанына назар аудартты. Салдарынан, бұл ел "Еуропалық Одақтың осал жеріне, талмау тұсына айналып кетті".
Кремль ұжымдық Еуропаға Австрия шенеуніктері арқылы іріткі салып жүрді. Politico жазуынша, Австрияны ресейлік тыңшылар жайлап алғаны сонша, 2021 жылдан бастап Батыс елдерінің барлау қызметтері австриялық әріптестерімен құпия бөлісуді тоқтатты. Батыстың ресми тұлғалары Венаға оның билігіне Мәскеудің жансыздары еніп алғанын бірнеше рет ескертіпті. Бірақ Австрия олардың сөзін жүре тыңдаған.
Вена тек соғыс басталған соң, 2022 жылғы 12 сәуірде ресейлік төрт дипломатты "персона нон грата" жариялап, елден аластады. Бірақ бұл мұзтаудың тіпті ұшы емес, шағын қиыршығы ғана еді. Ұзақ ойланып, толғанған Австрия 2023 жылғы ақпанда тағы 4 ресейлік дипломатты өз отанына депортациялады.
Австриялық саяси шолушы Мэтью Карничниг (Matthew Karnitschnig) өз отанының Ресейге қатысты мұндай ұстанымы 1955 жылдан бастау алатынын айтады. Фашистік Германияның оккупациясына алғаш болып іліккен бұл елді Кеңес одағы мен Батыс одақтастары қатар азат еткен. Нәтижесінде Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң Австрия 4 ірі держава арасында бөліске салынып, солардың бақылау аймақтарына бөлінді. Батыс әлемі мен КСРО арасында бұл елге азаттық беру туралы келіссөздер 1946 жылдан бері жүрген. Бірақ тараптар тек Сталин өлгеннен кейін ғана мәмілеге келе алды.
Ақыр соңында 1955 жылғы 15 мамырда Венада АҚШ, Кеңес одағы, Ұлыбритания, Франция және Австрия үкіметтері "Тәуелсіз, демократиялық Австрияны қалпына келтіру туралы мемлекеттік келісімге" (Österreichischer Staatsvertrag) қол қойды. КСРО тарапы оған қол қою үшін Австрияның ешбір әскери блокқа кірмеуін және оның бейтараптылығын Конституциясына енгізуді талап етті. Барлығы осыған келісті. Осылайша, Австрия азаттығын қалпына келтіріп, тәуелсіз мемлекет болып жарияланды. Оған өз аумағында өзге елдің әскерін орналастыруына тыйым салынды.
Кеңес империясы күйреген соң, Вена бұл қамыттан бас тарта алатын еді. Бірақ оған бармады. НАТО-ға сол бойы мүше болып кірмеді.
"НАТО елдері мен кеңестік блок арасында орналасқан Австрия өзінің жаңа статусын артықшылыққа айналдырды. Бейтарап ел ретінде ол темір шымылдырықтың екі жағымен де экономикалық, саяси байланыстар орнатып, пайда тапты. Мысалы, 1968 жылғы 1 маусымда Австрия Кеңес одағынан табиғи газды жеткізу жөнінде ұзақ мерзімді контракт бекіткен тұңғыш батысеуропалық ел атанды. Осы елдегі Баумгартен-ан-дер-Марш шағын елді мекенінде газ құбырлары желілерін өзара байланыстыратын Еуропадағы аса ірі тасымал торабы пайда болды", – дейді Мэтью Карничниг.
Австриялық мемлекеттік OMV энергетикалық тобы өткен ғасырдан бері ресейлік газды Еуропаға жеткізетін басты бір арнаға айналды.
Сарапшы австриялықтардың үрейін ұшырған бір тарихи оқиғаны баяндады. 1968 жылдың тамызында кеңес танктері Орталық Еуропаға, атап айтқанда Чехословакияға басып кірді. Сонда КСРО әскерлері "Прага көктемін" ұйымдастырып, азаттық алғысы келген халықтарды қанға бөкті. Австриялықтар кеңестердің ары қарай өз еліне шапқыншылық жасауынан қауіп қылып, соған қарсы тұрудың қамын жасауға кіріседі. Жоспар бойынша ел Үкіметі соғыс жағдайында дереу Венадан елдің батысына көшуге тиіс болды. Ел әскері Чехословакимен арадағы шекараға 30 шақырым жақындап, бекіне бастады. Бертінде архивтік құжаттардан белгілі болғандай, Мәскеу Варшава келісімі (соцлагерь) елдерінің әскерін Австрияға енгізуді жоспарлаған, дегенмен белгісіз себептермен одан бас тартуға шешім қабылданыпты.
Мэтью Карничниг Австрия үшін дәл осы оқиға қырғи-қабақ (суық) соғыстағы шешуші жайт болғанын жеткізді: Кеңес одағы баса-көктей енген жоқ, көгілдір отынның ағындауы жалғасты. Вена бұдан сабақ алды: бейтараптылық тек бизнес үшін ғана емес, сонымен бірге ұлттық қауіпсіздік үшін де маңызды.
Бұдан саяси дивиденд жинады: халықаралық дипломатияның маңызды аренасы рөлін иеленді. Оның тараптардың ешқайсысының жағына шықпайтынын бағалаған ОПЕК ұйымы 60-шы жылдары өзінің штаб-пәтерін Венаға көшірді. Ал 1979 жылы Біріккен ұлттар ұйымы да үшінші штаб-пәтерін сонда ашты. 1993 жылдан бері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) сонда қоныстанды.
Елдің бұрынғы вице-канцлері Вильгельм Молтерер де Мәскеудің 1968 жылғы басқыншылығы Австрия халқының тарихи жадында берік сақталып қалғанын растады. Салдарынан Австрияның Ресеймен қатынастары да сол ескі үрейге құрылды.
Нәтижесінде, Ресей прокси әскерлерінің күшімен Қырымды аннексиялап, Донбасты бөліп алған 2014 жылы Вена өзіне сапармен келген Владимир Путинді құшақ жая қарсы алды. Украинаның шекарасындағы елді мекендерінде алғашқы зымырандар мен авиабомбалар жарылып жатқанда, австриялық шенеуніктер мен Кремль қожайыны өз құрбанын мазақ етіп, келемеждеді. Мысалы, сол сапар барысында Вена сауда палатасында салтанатты қабылдау өтті.
Шетелдік ақпарат құралдарының көзінше палата президенті Кристоф Лейтль әзілдеп, масайрап отырған Путинге қайырылып, тура 100 жыл бұрын Украинаның бір бөлігі Австрияның иелігінде болғанын еске салды. Мұны естіп одан сайын жадырай түскен Путин: "Тәк, сіздерден қандай тілек болады?" деп "қалжыңдағанда", әзілге астарланған зілді ойды түсініп, Австрия билігінің өкілдері қарқ-қарқ күлді. Осы көрініс түсірілген видео сонда Батыс жұртшылығының сынына ұшыраған еді. Мәскеулік мәртебелі қонағының әзіліне шаттанып, шабыттанған сол кездегі ел Президенті Хайнц Фишер ризашылықпен Путиннің арқасынан қақты.
Жалпы, Мәскеудің іздегені де сол еді: Батыстың өз алдында жайылып жастық, иіліп төсек болғанын қалады. РФ басшысы бүгінде де Батысты иліктіру үшін үнемі ядролық шоқпарымен қорқытып келеді. Бірінші болып, оның қаһары алдында бас игені Австрия болды. Сондықтан РФ оны басынып алды.
"Ресей элитасы бұрыннан Австрияны өзінің Батысқа қақпасы санайды. Ұлттық рухы тоқыраған, саясаткерлері иліккіш, халқы атақты gemütlichkeit (ілтипатты қонақжайлылық) дәстүрін ұстанатын Австрия ресейлік олигархтардың да, Кремлдегі аппарат басшыларының да сүйікті жеріне айналды. Вена барлық жылы-жұмсағын ықпалы мен ауқаты бар орыстардың аузына тосады. Олардың көбісі, мысалы, Борис Ельциннің қызы сияқтылар Австрияның азаматтығын алды. Путиннің досы Олег Дерипаска сияқты олигархтары Альпы тауларында қымбат жылжымайтын мүлік сатып алды. Ал Австрия билігінің өкілдері мемлекеттік лауазымнан кеткен соң ресейлік компанияларда жайлы кресло табатын дәстүр қалыптасты. Көзі тірі бұрынғы канцлерлерінің барлығы дерлік Ресейден қызмет алды", – деп жазады Politico.
Атап айтқанда, экс-канцлер Вольфганг Шюссель ресейлік ұялы байланыс алпауыты МТС пен мұнай алыбы "Лукойлдың" директорлар кеңесінің құрамына кірді. Оның ізбасары, канцлер Альфред Гузенбауэр кейіндері Кремль құрған "Өркениеттер диалогы" сараптама орталығындағы ірі қызметке ауыса қойды. Кристиан Керн ресейлік РЖД басқармасының құрамынан орын тапты.
Бұл елдің бұрынғы министрлері де Мәскеу алдындағы "адал қызметі" үшін сый-сияпатсыз қалмады. Қаржы министрі Ханс Йорг Шеллинг қызметінен кеткен соң "Газпромға" кеңесші болып жұмысқа тұрды. Сыртқы істер министрі Карин Кнайсль "Роснефть" мемлекеттік мұнай компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі болды. Ол үйлену тойына Владимир Путинді шақырып, сонымен вальс билегенімен әлемге танылды. Ол ресейлік RT (Раша тудэй) халықаралық пропагандистік телеарнасының тұрақты сарапшысы рөлін қоса атқарды. Тек соғыс басталғанына бірнеше ай өткенде ғана ол батыс қоғамдастығының қысымымен ресейлік жылы орнын босатты. Бүгінде Кнайсль Ливанда тұрады және неге екені белгісіз, өзін "саяси босқын" атайды.
Негізі, Австрияның қазіргі басшылары былтырғы ақпанда кең ауқымды қантөгіс басталғалы әзілге орын жоғын түсінетін болса керек. Қалай болғанда, жұрт көзінде қылжақтауларын тыйды. Бірақ бар өзгеріс осы ғана сияқты. Халықаралық сарапшылар Венаның Ресеймен қарым-қатынасы сол бұрынғы, "мұрты бұзылмаған" күйде қалғанын еске салады. Бүгінде Ресей Австрияның іргедегі Германиядан кейінгі екінші ірі инвесторы. Бұл тұғырға РФ 2014 жылы көтерілді. 2022 жылы Мәскеу Австрияға 25 миллиард еуро инвестиция құйды. Салыстырсақ, АҚШ-тың Австрияға инвестициясы 13 миллиард еуроны құрады.
Осы елдің OMV ірі конгломераты Ресейдің энергетикалық секторындағы ірі ойыншы болып қалуын жалғастыруда. Компания 2040 жылға дейін жыл сайын кем дегенде 6 миллиард текше метр ресейлік газды сатып алатынын жариялады. Яғни, Австрия орыс газына тәуелділігінен құтылуды әзір ойластырып отырмағандай. Былтыр Австрия көгілдір отын үшін Ресейге 7 миллиард еуро аударды. Тіпті Red Bull да солтүстік көршімізде энергетикалық сусын нарығының алпауыты орнын сақтады.
Батыс сарапшыларының байламынша, ресейлік мүдделердің бұл елдегі саясат пен экономикаға тонның ішкі бауындай біте қабысып кеткені сонша, бұл түйінді тарқату енді мүмкін емес.
Келесі 2024 жылдың күзінде Австрияда парламенттік сайлау өтпек. Сауалнамалар мен зерттеулер онда Еркіндік партиясы жеңуі мүмкін екенін паш етуде. Бұл – кремлшіл саяси күш. Оның басшылары Ресейге қарсы барлық еуропалық санкциялардың жойылуына қол жеткізетінін жариялады. Сөйтіп, бұл еуропалық мемлекет кімнің жағында екенін жаһанға паш етсе, онда австриялық Ата заңдағы "бейтараптылық" деген бос сөз болып қалуы ғажап емес.