Украинадағы соғыстың одан әрі өрбуінің 5 ықтимал болжамы жарияланды

2434

Сұрапыл шайқастардың келесі жылы жалғасатынын, жаңа жыл бейбітшілік әкелмейтінін Мәскеу де, Киев те мойындағандай. Дегенмен америкалық сарапшылар қарулы жанжалдың одан әрі өрбуінің бес ықтимал болжамын әзірледі.

Украинадағы соғыстың одан әрі өрбуінің 5 ықтимал болжамы жарияланды

№1 сценарий: Соғыс тағы бір жылға ұзайды

Әскери сарапшылардың байламынша, соғыс кем дегенде 1 жылға созылуы ықтимал. Бірақ екі жақ та тұйыққа тірелгендіктен, шабуылдардың қарқыны төмендейді. Қос қарсылас бірін-бірі ала алмай, итжығыс түседі.

Бірінші болып табандылығынан, тірегінен айырылған тарап күйреуі мүмкін. Егер осы жыл ішінде Мәскеуде тосыннан билік ауысса, революция болса, онда Ресейдің жаңа лидері өз әскерін Украина жерінен алып кетуі мүмкін. Егер Украина алауыздыққа беріліп, бірлігінен айырылып, жемқорлық жайлап, Батыстың әскери көмегінен қағылса, онда Киев құлауы ықтимал.  

"Соғыстың басталғанына 6 айдан асып барады. Украина да, Ресей де ғаламат шығындарына қарамастан, ұрыс қимылдарын тоқтатуға дайын емес. Украина оккупацияланған аумағын қайтаруға ынтық. Ал Ресей қарсыласын ғана емес, сол арқылы жанама түрде бүкіл Батысты тізе бүктіргісі келеді. Кремль алдағы қыс өзіне шабуылдарды өрістетуге көмектеседі деп есептейді. Буча, Ирпень және басқа да ресейліктер басып алған территориялардағы бейбіт тұрғындарды жаппай қыру деректерінің айғақтары пайда болысымен, Украина барлық келіссөзді доғарды. Сонымен бірге маусым айының соңында Северодонецк пен Лисичанск қалалары құлағалы бері агрессор алғы шепте айтарлықтай алға жылжи алмауда. Қос тарап та іс-қимылдарына қарқын мен тегеурін беруге тырысты, бірақ екеуі де әбден қансырады, титықтады", – дейді The Guardian қорғаныс және қауіпсіздік бөлімінің редакторы, әскери шолушы Дэн Саббах.

№2 сценарий: Соғыс партизандық форматқа ауысады

Батыс әскери көмегін тартыншақтап, "там-тұмдап" қана беруде. Салдарынан, үсті-үстіне тоқтаусыз атқылау нәтижесінде бұған дейін берілген гаубицалардың, артиллерияның ұңғысы деформацияланып, істен шыққан. Ресей Қорғаныс министрлігі жалпы саны жиырмаға да жетпейтін HIMARS-тың бірнешеуін жойып жібергенін хабарлады. Мұны әрине, Украина жағы растамады. Батыс бұрыннан уәде еткен сауытты ауыр техникасын сол бойы үлкен көлемде жеткізбеді. Ал ауыр техника, танктерсіз майданда шабуылдар жасалмайды.

Осылайша, тиімді контршабуылды кең ауқымда бастауға Украинаның құралы жоқ. Сондықтан әскери сарапшылар қыс жақындағанда партизандық рейдтерге басымдық берілуі мүмкін деп тұспалдайды. Жаудың өз ішіне, тылына кіріп кеткен диверсанттар қару-жарақ, оқ-дәрі қоймаларын жарады, әскери техниканы, ұшақтарды істен шығарады. Олар оккупацияланған өңірлерге басшы етіп тағайындалған сатқын-коллаборанттарға, гауляйтерлерге қастандық ұйымдастырып, басқыншы биліктің тынышын кетіруде, үрейін ұшырды, отарлауына мүмкіндік бермейді. Бірақ бұл сценарий де соғыстың тым ұзайтынын болжайды. Ұлы Отан соғысы кезінде партизандық соғыстар екі жылдан артық уақыт жүргені мәлім.

Украина Президенті Владимир Зеленский осыдан тура бір ай бұрын Украинаның оңтүстігін азат ету үшін контршабуылды бастауға бұйрық берді. Алайда контршабуыл басталған жоқ. Керісінше, содан бері Украина Қарулы күштері кейбір бекіністерін жоғалтып, кері шегінді. Украина Қорғаныс министрі Алексей Резников жауды ығыстырып, Херсон қаласы мен облысын дұшпаннан арылтуға күш-құрал жетіспей тұрғанын жасырмады.

Оның үстіне Херсондағы HIMARS және басқа зымырандар көмегімен бомбаланған Антонов көпірінің қирамағаны, онымен Ресей әскері қару-жарақ, оқ-дәрі тасуын жалғастырып жатқаны әшкереленді. Егер осы көпір, сондай-ақ теміржол көпірі мін Днепр арқылы салынған бөген-көпір толық жарамсыз етілсе, оң жағалаудағы оккупанттар тылдан қол үзіп, оғы таусылып, не қырылары, не берілуден басқа амалы қалмас еді. Көпір қалыпты жұмыс істеп тұрғандықтан, ол арқылы агрессор өз бекінісін қарқынды күшейтіп жатыр, ал украиналықтардың Херсон қаласын азат ету арманы алыстап барады. 

Сондықтан Киев оларға қарсы қасқая тұрып, жаппай шабуыл жасаса, жаяу әскер бораған оқ пен зымыранның астында қырылып қалатынын түсініп, тактиканы өзгертті: Ресейдің терең тылындағы әскери базаларына алысқа ұшатын зымырандармен соққы беріп, арнайы мақсаттағы жасақтардың батыл, адуынды, жанкешті рейдтерін ұйымдастыруда. Нәтижесінде, шапқыншылар қарсылас тек алғы шепте ғана емес, арасында, айналасында жүргенін түсіне бастады.  

Мұндай тактика белгілі бір тиімділік әкелгенімен соғыста тың бетбұрыс жасай алмайтын көрінеді. Ресейдің кеңес кезінен қордаланған ескі қару-жарағы алапат және бірнеше жыл тоқтаусыз соғысуға жетеді. Адами ресурстары да мол. Жаппай мобилизация жарияласа, әбден қайыршыланған, жұмыссыз қалған бірнеше миллион ресейлік қолына қару алып, майданға аттануы мүмкін.

№3 сценарий: Ресей басып алған территорияларда бекінеді

Таяуда, 5 тамызда Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездескен РФ басшысы Путин одан Украинаны қайтадан келіссөз үстеліне отырғызуға көмектесуді сұраған-мыс. Сарапшылар уақытша бітім Ресейге осыған дейін басып алған аумақтарда бекініп, оларды Ресейге қосу жөнінде жергілікті референдумдар өткізу үшін қажет деп жорамалдады.

Қазіргі кезде түрлі бағалаулар бойынша Мәскеу Украина территориясының 22 пайызын оккупациялаған. Соның ішінде Луганск облысын толығымен дерлік өзіне қаратты. Донецк облысын басыбайлы астына басуға таяу. Херсон, Запорожье, Харковь облыстарының үлкен бөлігін жаулады. Америкалық сарапшылар Кремль енді осы аумақтарды аннексиялауға көшуі мүмкіндігін айтады.   

"Кремль әу баста алға қойған мақсаттарына жете алмады. Дегенмен бүгінде Украинаның шығысы мен оңтүстігіндегі қомақты аумағы Ресей қолына көшті. Ол енді сол аумақтарды өзіне қосу үшін референдум жүргізуге ниетті. Ызғарлы қыс түсісімен Ресей қолында барды ұстап қалу үшін жаппай бекінуге көшуі мүмкін", – деп болжайды Дэн Саббах.

№4 сценарий: Қысқа кім жақсы даярланса, сол жеңеді

Соғыс биылғы 24 ақпанда басталды, салдарынан Украина қыстан қатты жүдеп-жадап шықты. Киевтің алдында соғысты жүргізумен қатар, қысқы жылыту маусымына дайындалу тауқыметі тұр. Себебі тоқтаусыз жауған зымырандар мен бомбалардан Украинаның көптеген қаласында қазандықтар, ЖЭО-лар күйреді, тұрғын үйлер қиратылды, жылу трассалары жарамсыз күйге жеткізілді. Оның бәрін қалпына келтіріп үлгермесе, тұрғындар жаурап, ауырып, тіпті үсіп өлуі мүмкін.

Халықаралық сарапшылар мұның арты украиналық босқындарға қатысты жаңа дағдарысты тудыруы мүмкін деп алаңдайды.

"Қысқа кім жақсы дайындалып үлгерсе, сол алға озады. Украина қазірден гуманитарлық апатқа тап болып отыр. Соғыс жүріп жатқан облыстарда, елдімекендерде жылыту жүйелері қысқа әзір емес. Елдегі дәстүрлі газбен жылыту жүйесі бұзылды. Бір гуманитарлық ұйымның өкілі қыста миграцияның жаңа толқыны басталатынын, Польшамен арадағы шекараны 2 миллиондай адам кесіп өтетінін жорамалдады. Ресей қысты қосымша мүмкіндік ретінде қарастырады. Украина өзіне қысым жасау үшін Ресей оның энергетикалық жүйесіне соққы береді деп қауіптенеді. Бұған қоса, елдің үлкен аумағын қуатпен қамтитын алып Запорожье атом электр станциясын ағытып тастауы мүмкін (оны наурызда РФ әскері өз қолына түсірді). Мұнымен шектелмеген Мәскеу Еуропаны қыста қатыру үшін газ жеткізілімдерін тоқтатып, Украинаға қару бермеуін талап етіп, қоқан-лоққы жасауы ықтимал", – деген байлам жасады The Guardian.

Ал The Financial Times барлау деректеріне жүгініп, қыста Ресей кең ауқымды жаңа шапқыншылық жасауы мүмкін деп ескертеді. Украинамен шекаралас аумақтарда және Беларусте соғыс басталғандағыдан көп арсенал, әскери техника мен ұшақ-тікұшақтардың шоғырландырылуы бұған дәлел ретінде келтірілді.

№5 сценарий: Батыс Украинаның тезірек жеңуіне жәрдемдеседі

Қазір барлығы да Батыстың қалауы мен қимылына тіреліп тұр. Егер ол Украинаның шынымен жеңгенін қаласа, барлық қажетті қару-жарақ пен әскери техниканы үйіп-төгіп берген болар еді. Неге екені белгісіз, одан тыртынып отыр. Мысалы, әскери сарапшылардың пікірінше, егер АҚШ F-16 жойғыш ұшақтарын берсе, Украина әуеде басымдыққа ие болады. Сондай-ақ сауытты ауыр техникамен жете қамтыса, украиналық армия жаппай шабуылға шығып, жауды түре қуар еді.

Батыс саясатшылары бітімге келу үшін Ресейді 24 ақпанға дейінгі шекараға дейін кері серпілту керектігін мәлімдейді, алайда сол үшін қажетті техниканы жеткілікті көлемде бермейді.

Батыс эксперттері НАТО елдерінің қуатты, қаһарлы заманауи соғыс техникаларын бермеуінің бір себебі – украиналық әскерилердің оларды меңгермегендігі болып отырғанын алға тартады. Әйткенмен, алда жағдай өзгеруі мүмкін.

Қазіргі кезде Ұлыбритания он мыңнан астам украиналық солдатты НАТО әскери техникасын басқарып, соның көмегімен ұрыс салуға баулып жатыр. Нидерланд Қорғаныс министрлігі британдық инструкторларға көмекке 90-ға жуық нидерландылық әскериді аттандырғанын жариялады. Бұл үрдіске Еуропаның өзге елдері де қосылуда. Шетелде даярлықтан өткен мыңдаған украиналық солдат Отанға НАТО-ның ауыр әскери техникаларымен бірге оралады деп күтілуде. Сондай-ақ АҚШ украиналық ұшқыштарды дайындауға кірісті деген ақпар бар.

Бұл сценарийлердің қайсысы жүзеге асатыны белгісіз, бәлкім бірнешеуі қатар өмірде көрініс беруі ғажап емес. Қалай болғанда, алдағы 6 айда біраз жайттың басы ашылғалы тұр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу