"Украинаға көмектеспеген кәсіпкерлер неге Ресей қашқындарына елжірей қалды?"

3467

Солтүстік көршідегі мобилизациядан қашқандарға Қазақстан қоғамы қалай көмектесуде?

"Украинаға көмектеспеген кәсіпкерлер неге Ресей қашқындарына елжірей қалды?"

Inbusiness.kz бұған дейін Орал қаласындағы CinemaPark директоры ресейлік "босқындарды" кинотеатрға түнеуге жібергенін жазған. Сауда орталығындағы 6 кинозалдың бәрінде кинофильмдер көрсету тоқтатылып, 300-ге жуық ресейліктің ен жайлауына беріліпті.

Оралда қазіргі кезде кез келген ақшаға пәтер жалдай алмайсыз. Барлық қонақүйлер, жалға берілетін баспаналар, времянкалар, вагондар, саяжайлар және басқасы лық толы.

Оралдықтардың жазуынша, қазір бір пәтерді бір емес, бірнеше отбасы жалдап тұрады.

Әскерден қашқан ресейлік еркектерді енді Оралдағы балалар лагерлерінде орналастыра бастады. Жергілікті ақпарат құралдары тоқтаусыз келіп жатқан РФ азаматтарына баспана жетпей жатқанын хабарлады. Оның үстіне олардың көбі кедей-кепшік немесе асығыс қашқандықтан банктен ақшаларын ала алмапты. Сондықтан баспананы жалға алуға қаражаты жетіспейтін көрінеді. Салдарынан олар вокзалдарда, көшелерде түнеп жатыр. Осының бәрі мемлекетке ауыртпалығын түсіретін түрі бар. Волонтерлар жағдай қиын екенін айтады. Олар әкімдікке келіп, РФ азаматтарына балалар лагерлерін беруді ұсынды. Әкімдік айтқанға көніпті. Нәтижесінде, әр маусымда 100 баладан артық қабылдамайтын "Атамекен" лагері бірнеше жүз ресейлікке бірден толған. Бұл туралы журналистерге осы пансионат қызметкерлері мәлім етті. Лагердің әкімшілігі қос қабатты төсектерді тауып, оларды акт залына қойды. 

Қала билігі "Самал" балалар лагерін де ресейліктердің жайлауына берді. Ал лагерлерьде жазғы маусым жабылған, жұмысшылар үйлеріне тараған. Енді оларды кері шақыртып алу қажет. Оларға еңбекақы төлеу үшін қашқындарды орналастырудың символдық құны белгіленген. Тәулігіне бір жатын орын үшін 2 мың теңге.

Салыстыру үшін айтсақ, Оралдағы хостелдерде және басқасында бір адамнан алынатын ақы 30 мың теңгеге дейін жеткен. Лагерлерьде көші-қон полициясының, әкімдіктің, полицияның қызметкерлері кезекшілік етіп, қашқындарға мәселесін шешуде көмектесуде, олардың алаяқтардан және басқасынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

Жергілікті жанар-жағармай құю станцияларының желісі Қазақстанға жеке көлігімен кірген ресейліктерге тегін бензин құйып беріп жатыр. Оны алу үшін РФ азаматы құжатын көрсетуі керек. Тегін ЖЖМ берілетіні туралы хабарландыру ресейлік қашқындарға арналған чаттарда таратылуда.

Волонтерлар қазақстандық ұялы байланыс операторларының сим-карталарын ресейліктерге тегін үлестіріп жатыр. Себебі олардың көбі асыққаны сонша, роумингті де қоспапты (Ресейде роуминг қосу үшін көбіне оператордың кеңсесіне бару талап етіледі). Сол себепті РФ жігіттері туған-туысқандарымен хабарласып, аман-сау екендерін білдіруі, жалдайтын үйді интернет арқылы табуы үшін қазақстандық сим-карта қажет.

Қашқындардың бірінің айтуынша, ағайындары "Қазақстанда жергілікті тұрғындардың ниеті жаман, қалтарысқа алдап апарып, өлтіріп тастауы мүмкін" деп сақтандырыпты. Содан олар тегін көмек ұсынғанның бәріне күдікпен қараған.

Оралдық журналист Лұқпан Ахмедияров ресейліктерді жеке көлігімен тегін тасыды. Оның айтуынша, Оралдың теміржол вокзалының алды қазір базарға көбірек ұқсайды. Онда волонтерлар кәсіпкерлердің, оралдықтардың жиған қаржысына палаткалар құрып, пластик тәрелкелермен палау, қағаз стақандармен шәй және отандық операторлардың сим-карталарын тегін үлестіруде.

Бұдан бөлек ондаған жергілікті ерікті қыздар мен жігіттер Ресейден ауып келген еркектерге көмектерін ұсынады. Баспана табуға жәрдемдесу, моншаға апару, мәселелерін шешіп беру.

Лұқпанның айтуынша, Ресейден келгендер жергілікті тұрғындарға сезікпен, тіксіне қарайды. Ал тегін нәрсені табанды түрде ұсынған волонтерлардан бастапқыда шошынған. Оралдық әріптесіміз палаткалардың жанында ресейлік 4 жас жігітке жақындап, танысыпты. Олар қазақстандық ұялы байланыс операторының интернеті бар сим-картасын қайдан сатып алуға болатынын сұраған. Журналист оларға өз смартфонынан интернетті тегін таратуды ұсынған.

Олар "Қанша аласың?" деп сұрапты. Лұқпан тегін екенін жеткізгенде, әлгілер оған сенімсіздікпен қабақ түйе қарап тұрып, ақыры амалсыздан келіскен.

"Барлығы жапатармағай туыс-туғанына телефон шала бастады. Олар тілдесіп болған соң, жақын маңдағы сауда орнына жеткізіп салуды ұсындым. "Біз сізге қанша төлеуіміз керек", деп сұрады. "Ештеңе. Алыс емес, әрі жолшыбай тастап кетемін" деймін. Жігіттер бастапқыда көлік ішінде тым-тырыс отырды. Содан соң бірі шыдамай "Мында неге бәрі бізге тегін көмектесіп жатыр?" деп көкейін тескен сауалын қойды. "Ресейге барсақ, сіздер де көмектеспейсіздер ме?" деп қарсы сұрақ қойып, салондағы айна арқылы оның бет-жүзіне сынай қарадым. Жігіт рюкзагын қатты құшақтап отыр. Жолдорбасы ноутбукқа ғана арналған, бірақ оны ол шегіне жеткізе үрілген шардай толтырыпты. Біраз үзілістен соң оған тіл бітті. "Мен әрине, көмектесер едім. Бірақ мұның бәрі біртүрлі екен", деді ол. "Өйткені бізде, Ресейде ешкім ешкімге көмектеспейді", деп жауап берді оның жолдасы. "Бізде адамдар суық, тасжүрек. Ал мында жұрт жылы шырайлы" деді әлгі жігіт", – деп әңгімеледі Лұқпан Ахмедьяров.

"Новая газета. Европа" басылымы әлеуметтік желілерде ресейлік қашқындарға қонақжайлылық танытпауға шақырған постар көбейе бастағанына назар аудартады.

"Мен осыны түсінбедім. Биылғы көктемде біз Оралда қырғын соғыстан қашқан украиндықтарға гуманитарлық көмек жинағанда жергілікті орыстар жаппай қарсы болып еді. Енді бәрі мейірімді бола қалғаны қалай? Неге қайырымдылыққа әртүрлі көзқарас танытып, адамдарды бөле-жарады? Әлде біздегілері де "Своих не бросаем" деген ұранды ұстанады ма?. Батыс Қазақстанның түрлі қалаларынан белсенділер тобы билікке үндеумен қайырылып, Ресеймен шекараны жабуы сұрады. Олар ресейлік мигранттардың шамадан тыс қаптауы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіре ме деп қауіптенеді", – деп жазады "Новая газета. Европа".

Ресейлік ақпарат құралдары Қазақстанмен шектес жатқан, этникалық қазақтар шоғырлана тұратын ресейлік Елтон ауылында ерлердің көбі соғысқа алынғанын хабарлады. Сондықтан оған алаңдаған қазақстандықтар биліктен ең алдымен Ресейдегі қазақтарды босқа қырылудан құтқарып, елге тезірек көшіріп алуды сұрады.

Осы орайда белгілі бизнесмен Айдын Рақымбаев ізгілікті бастама көтерді. Ол Ресейдегі соғысқа жігіттерді алу жарлығының құрығынан құтылуға тырысқан қазақ қандастарды Астана мен Атыраудағы жатақханаларында қабылдайтынын мәлімдеді.

"Қандас бауырлар! Соңғы күндері көрші елде орын алып жатқан жағдайлар бізге де ауыр тиіп жатыр. Әскерге жұмылдыру деген сұмдық нәрсе ғой. Әсіресе, Орынбор, Омбы, Астрахан өңірлеріндегі майданға жүздеген бауырларымызды алып кетіп жатыр екен. Жасын да, кәрісін де. Обал-ай. Кеткендердің көбісі аман келмейтіні анық қой. Сондықтан біз келген әскер жасындағы қандастарға Астана, Атыраудағы жатақханалардан орын мен тамағын беріп, көмектесейік деп шештік. Елге қарай жетсе болды ғой. Ағайындар, қазір сөз бен дау көп, бірақ көп дауласпай, бауырларымызға қолдау көрсетейік. Осындай жағдайларда бір-бірімізге көмектеспесек, қашан көмектесеміз", – деді кәсіпкер.

Ол өмірдік қиын жағдайға қалған қандастар болса, жекеге жазуды сұрады. Қажетті ақпаратты жібереді.

Оған жүгінген интернет пайдаланушылардың бірі соғыстан қашқан Қырым татарларына да көмек қолын созуды сұрады. А.Рақымбаев түркі тілдес халықтардың өкіліне де қолұшын беруге уәде етті.

Бұл бастамаға үн қатқан кейбір қазақстандықтар ресейдегі қазақтар арасында да Кремльдің саясатын, соғысты қызу қолдайтындар бар екенін еске салды.

"Айдын-ау, алдымен өз қазағыңды қарық қылып алсаңшы, қаңғып жүр ғой пәтер жағалап", – деп кейістік білдіргендер де бар.

Бірқатар қазақстандықтар Ресейден келушілерге көмектесетін арнайы қор құруды да ұсынды.

Ресей жағы мобилизацияға байланысты өз өңірлерінің шекараларында шектеулер енгізіп жатыр. Соғысқа жарамды азаматтарға әскери комиссариаттың рұқсатынсыз өз өңірінің, республикасының, облысының шекарасынан сыртқа аттап шығуына тыйым салынды.

Бірақ ресми статистика Қазақстанға ағылған ресейліктердің легі артқанын көрсетеді. Оның үлкен бөлігі бізде ес жиып алған соң, әрі қарай басқа елдерге кетіп қалуда.

2022 жылдың басынан бері елімізге кірген РФ азаматтарының жалпы саны 1 млн 722 мың 334 адамға жетті (2021 жылғы ұқсас кезеңде – 461 адам болған). Соның 1 млн 666 мыңы (былтыр 464 010) шетел асқан, еліне қайтқан.

Зілді жарлық жарияланғанға дейінгі және одан кейінгі Қазақстанға келген ресейліктер статистикасы:

  • 20 қыркүйекте – 8 560;
  • 21 қыркүйекте – 10 951;
  • 22 қыркүйекте – 20 139;
  • 23 қыркүйекте – 25 349;
  • 24 қыркүйекте – 30 168;
  • 25 қыркүйекте – 32 089;
  • 26 қыркүйекте – 35 121 ресейлік келген.

Осы күндері Қазақстанда қалмай, шетелге кеткен ресейліктер статистикасы:

  • 21 қыркүйекте – 9 294;
  • 22 қыркүйекте – 8 915;
  • 23 қыркүйекте – 9 811;
  • 24 қыркүйекте – 11 821;
  • 25 қыркүйекте – 13 431;
  • 26 қыркүйекте – 10 962 ресейлік кеткен.

РФ-да мобилизация басталғалы Қазақстанға 153 817 ресейлік келіп, 64 234-і кетіп қалды. Елге енгендердің басым көпшілігі – еркектер (107 822 адам).

Ресейдің ресми дерегінше, шамамен 5 күн ішінде РФ-дан жалпы саны 300 мыңдай ер-азамат шетелге қашып үлгерген. Ал Ресейдің өз ішінде соғысқа алынудан тасалаған ерлер саны миллиондап саналады деген деректер бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу