Украинаға "ойын өзгертетін" қару қажет, алайда АҚШ әзірге қарсы

8229

Киев бұл заманауи ракеталық жүйемен артиллериялық жекпе-жекте тіпті 500 шақырым жердегі нысанды қиратып, Ресейді тұралатудан үмітті. 

Украинаға "ойын өзгертетін" қару қажет, алайда АҚШ әзірге қарсы

Украина жетекшілері АҚШ пен оның НАТО-дағы одақтастарына Ресейдің Донбастағы шабуылын тоқтату үшін Дүркіндетіп ататын заманауи зымырандық жүйелерді (MLRS - Мodern multiple launch rocket systems) жіберуді қайта-қайта сұрап отыр.

Батыстың артиллериялық жүйелері, соның ішінде америкалық M777 гаубицалары - қазірдің өзінде Украинаның шығыс майданында қолданылып жатыр. Бірақ украиндықтарға бұдан да қуатты арсенал қажет.

MLRS соңғы апталарда Украинаның сауда тізімінде бірінші орынға көтерілді. Өйткені Ресеймен шайқас ұзақ қашықтыққа арналған артиллериялық жекпе-жекке айналып барады.

MLRS-ке және оның соғыста атқаруы мүмкін рөліне, Вашингтонның оларды Украинаға жіберу туралы үндеулерге неліктен қарсылық танытып отырғанына зер салсақ. Бұл мәселелердің қысқаша сипаты төмендегідей:

MLRS дегеніміз не?

Бұл зымыран тасығыштар көліктерге орнатылып, гаубицалармен салыстырғанда тез жылжып, жергілікті әскерге ресейліктер жаудырған снарядтардың құрбанына айналмауға мүмкіндік береді.

АҚШ-та MLRS-тың екі нұсқасы бар.

M270: алғаш рет 1983 жылы шығарылды. Оның зымырандары шамамен 32-65 шақырым қашықтықтағы нысанаға тиеді, ал жетілдірілген ракеталары 162 километрге дейін барады.

M142 HIMARS: 1990 жылдардың соңында әзірленген. Оның стандартты зымырандары 300 шақырым қашықтықтағы нысанаға тисе, мамандандырылған снарядтары 500 шақырым жердегі объектіні қирата алады.

Салыстырып көрсек, Украинаға берілген M777 гаубицалары шамамен 40 шақырым қашықтықтағы нысанды көздейді екен.

Неліктен Украина мұндай қаруды қалап отыр?

Бейсенбі күні Украинаның Қорғаныс министрлігі Донецк облысындағы қорғаушылардың позицияларына ресейліктер шабуыл жасағаны туралы видеоны твиттерде жариялады.

"Украина бұған жауап беруге дайын. Алайда ол үшін бізге НАТО үлгісіндегі MLRS керек. Дереу", – деп жазылған хабарламада.

Украина парламентінің сыртқы істер комитетінің төрағасы Александр Мережко болса, Newsweek басылымына берген сұхбатында былай деді: "Ресей қазір артиллерияны кең көлемде және аяусыз қолданып жатыр. Бұған қарсы тұрып, әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалу үшін бізге MLRS қажет".

Украинада кеңестік дәуірден қалған MLRS арсеналы бар, бірақ оның оқ-дәрілері тек Ресейде жаппай шығарылады. Сондықтан Киев бұл олқылықтың орнын толтыру үшін батыстық баламаларды қажетсініп отыр.

Америкада жасалған қондырғылар украиндарға көбірек ресейлік артиллериялық батареяларды және шабуылдаушыларды ұзақ қашықтықтан нысанаға алуға мүмкіндік береді. Кеңейтілген радиус, сонымен қатар, ресейліктердің логистикалық тораптары мен маршруттарына қауіп төндіріп, оларды тіпті қиратып, шабуылдарын бәсеңдетеді.

MLRS, сондай-ақ Украинаға теңіз порттарын жабуға, Қара теңіздегі Ресейдің блокадасын тоқтатуға және Қырымнан атылатын ресейлік қанатты зымыран жүйелерін нысанаға алуға көмектесуі мүмкін.

"Кеңейтілген артиллериялық қашықтық біз үшін өте маңызды", – дейді украиналық әскерилер.

Ауыр шайқастар жүріп жатқан Донецк облысының губернаторы Павло Кириленко бейсенбі күні мәлімдегендей, көбірек артиллериялық қолдау "ойынды өзгертуі" мүмкін.

"Бізге дәл әрі алысқа жететін артиллерия керек", – дейді ол.

АҚШ неге оны Украинаға әлі жөнелткен жоқ?

Президент Джо Байден әзірге рұқсат берген жоқ.

Өткен аптада Байден әкімшілігінің ресми өкілімен сөйлескен Politico басылымың хабарлауынша, Ақ үй технологиялық тұрғыдан дамыған, жойқын әрі ұзақ мерзімдік MLRS-пен Украинаны қамтамасыз ету жағдайды тіпті ушықтырады деп алаңдап отыр.

Байден мен НАТО-ның басқа жетекшілері трансатлантикалық альянсты Мәскеумен тікелей тайталасқа тартуға болмайтынын үнемі айтып келеді.

Капитолийдегі кейбір заң шығарушылар MLRS-ке қатысты бәрібір әрекет етуге шақырып отыр.

"Біз Украинаға шын мәнінде қажет нәрсені беріп жатқанымызға сенімді болуымыз керек", – деді сенатор Роб Портман осы аптада.

Батыс елдері ешқандай алаңдаушылыққа қарамастан, Украинаға тұрақты түрде қару-жарақ жеткізіп жатыр. Киев жақын арада MLRS жүйесіне де қол жеткізуден үмітті.

"Біздің дипломаттардың бұл мәселені көтеруінің өзі MLRS алу мүмкіндігінің жоғары екенін көрсетеді. Менің ойымша, оған да қолымыз жетуі мүмкін ... АҚШ бізге әскери көмек көрсетуде жиі жетекшілік етеді және басқа мемлекеттерге бұл жақсы үлгі болуы керек", – дейді Мережко.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу