Украиналық хакерлердің қулығы ашылды

3039

Посткеңестік кеңістіктегі қанды қырғында кибержауынгерлер майдан даласындағы әскерге қандай көмек көрсетіп жатыр?

Украиналық хакерлердің қулығы ашылды

Financial Times қызықты мәліметті жариялады. Украиналық хакерлер сұлу сылқымдардың жалған аккаунттары көмегімен алғы шептегі ресейлік солдаттармен танысып, солар арқылы РФ әскери базаларының қайда орналасқанын біліп алған.

Әрине, барлық командирлер өз жауынгерлеріне тіпті туыс-туғандарымен телефон арқылы сөйлескенде өзінің қазір нақты қай жерде тұрғанын ашып айтуға қатаң тыйым салады. Ресейлік солдаттар да айтпаған. Бірақ ақпараттық технологиялардың (АТ) "құлағында ойнайтын" мамандар үшін мекенжайды көрсетудің де қажеті жоқ. 

Сонда қалай білген? Украиналық Hackyourmom хакерлер тобы оккупанттардың базалары орналасқан жерлерді әшкерелеу үшін алдымен соларда қызмет ететін солдаттардың тұлғасын анықтайды. Содан кейін әлеуметтік желілер, ВКонтакте арқылы үріп ауызға салатындай аса көркем қыздардың фейк профильдері арқылы соларға шығып, "Отанды қорғағаны үшін ризашылығын" білдіріп, басқа да жүрегіне майдай жағатын сөздер айтқан, жүрегін елжіреткен, өзімен еліткен. Таныса келе, "бикештер" ресейлік солдаттардан суретке түсіп, қазіргі келбетін көрсетуді қиыла сұрайды.

Бұл схемаларды Financial Times басылымына сұхбатында Hackyourmom тобының негізін қалаушы, IT-бизнесмен Никита Кныш сипаттап берді. Жалпы бұл айла-шарғыны өз жауынгерлерінің ұялы телефонын тыңдап, қадағалайтын ресейлік барлау органдары да біліп қойған. Сондықтан енді ол тәсілді жариялай беруге рұқсат болса керек.

Соғысқа дейін Кныш Харьковте киберқауіпсіздік мәселелерімен айналысатын HackControl компаниясын басқарды. Дұшпан шапқыншылық жасағанда, ол өзі бұрын қызмет еткен Украина Қауіпсіздік кеңесіне қайта жұмысқа тұруға талаптанады. Бірақ орын таба алмапты. Сондықтан қол қусырып отырмай, Ресейге қарсы төл соғысын жүргізу үшін Hackyourmom тобын құрған.

Украиналық IT маманның түсіндіруінше, топ РФ әскері басып алған Мелитополь қаласының ішінде ресейлік ірі әскери база барын білген, дегенмен оның нақты мекенжайын дәл анықтау мүмкін болмапты және аса құпияда ұсталған. Содан оны білу үшін хакерлер ресейлік әлеуметтік желіде көркем қыздардың профилдерін құрады. "Бойжеткендер" сол базада қызмет етеді деп есептелетін солдаттармен танысады. Іші пысқан кейбір солдаттар арбалып, алданып қалып, суреттерін, видеоларын жібере бастаған. Сол электронды фотосуреттердің "геометкалары" арқасында хакерлер олардың локациясын дәл тапқан.

Дрондар сол маңды мұқият зерттеп, ақпарат расталған соң Мелитополь қаласындағы РФ әскери базасына қаһарлы зымырандар жауды. Бірнеше сағат бойы жарылып, жанған базаның видеолары ресейлік телеграм-арналарын да толтырды.

Н.Кныштың мәліметінше, Hackyourmom Беларусьтегі және Украинаның оккупацияланған аумақтарындағы мыңдаған бақылау камераларын да бұзып, жау әскері мен техникасының қозғалысын бақылаған. Олар сондай-ақ әдеттегі көліктер кептелісін әскери техника қозғалысынан ажырата алатын арнайы код жазып, соның көмегімен алынған ақпаратты украиналық армияға тапсырып отырыпты.

Бұған қоса, хакерлер тобы ресейлік телестанцияларды қашықтан бұзды. Сөйтіп телеарналардан пропагандадан басқа ештеңе көре алмайтын ресейлік аудиторияға Украинадағы бейбіт халықтың қалай қырылып жатқанын, РФ әскерінің зымырандары дәлдікпен соққы бере алмайтынын паш ететін кадрларды қосқан.

Бұдан бөлек, ресейлік сайттарды істен шығарды, тіпті контракті негізінде әскери қызмет атқаратын ресейлік әскерилердің деректер базасын ұрлап, ақпаратты ашық жариялаған.

Financial Times журналистері украиналық хакерлер қолына түсірген ресейлік солдаттардың фотолары мен видеоларын көргенін растады.

Мысалы, таяуда, тамыз айында белгісіз украиналық хакерлер ресейлік "Бірінші арнаның" телехабарлар тарату желісіне бұзып кіріп, Қырымға Украина Президенті Владимир Зеленскийдің бейнеүндеуін таратты.

РФ аумағында да хакерлер жергілікті телеарналарды, радиостанцияларды өз мақсатына пайдаланып, соғысқа қарсы үндеулер жариялайды, радио арқылы Украинаның гимнін қосып қояды.

Украинаға шетелдік хакерлер де көмекке келуде. Мысалы, Батыста танымал Anonymous тобы "Ресейге қарсы ресми түрде киберсоғыс жариялады". "Anonymous ұжымы РФ үкіметіне қарсы киберсоғыс жағдайына көшті", – деп мәлімдеді топ, 25 ақпанда, Twitter арқылы. Олар мысалы, ресейлік пропаганданы бүкіл әлемге тарататын RT (Russia Today) халықаралық телеарналарына күн бермей, шабуылдаумен болды. Оның сайттарын "құлатты". RT өз телеарналарының сайттарына DDoS-шабуылдар үдегеніне шағымданды.

Бұл топ сондай-ақ Кремль, РФ Үкіметі мен парламентінің сайттарын уақытша күйретті. Ресей тұрғындары маңызды мемлекеттік қызметтерді электронды форматта алуда қиындық көрді. Әрине, Мәскеу олардың бәрін қалпына келтірді. Бірақ мұның бәрі Ресей қоғамында соғысты қолдаушылар қатарының сиреуіне үлес қосса керек.    

Украинаның Цифрлық трансформация министрлігінің мәліметінше, соғыстың 4 айында, яғни наурыз-маусымда IT мамандар мен кибермайдан белсенділерін (оларды "хактивистер" деп атайды) біріктірген Украинаның ІТ-армиясы 4200-ден астам ресейлік ресурсты бүлдірген. Олардың арасында РФ Поштасының, Зейнетақы қорының онлайн ресурстары, онлайн-банкингтер, бейнеконференцияларға арналған платформалар бар.

Министрліктің түсіндіруінше, осы арқылы олар "соғысқа демеуші болып отырған Ресей экономикасын әлсіретуге, ресейліктердің өмірінің барлық маңызды саласын шайқалтуға" үлес қосты. Сонымен бірге Украина "арнайы әскери операцияға" қатысқаны үшін төлем, жәрдемақы алатын ресейлік әскерилердің тізімін қалыптастыруда. Соғыстан кейін оларды сотқа тарту үшін қажет болады. 

Цифрлық трансформация министрлігінің ақпараты бойынша қазіргі кезде Украинаға бүкіл дүние жүзінде 250 мыңнан астам ерікті хакерлер көмектесуде. Олардан күн сайын түсетін деректер тасқынын осы министрлік жанынан құрылған IT-армия зерделейді. Бұл құрылым хакерлерді қандай ресейлік онлайн-ресурстарға шабуылдау  керектігін көрсетіп, бағыттап отырады екен.

Нәтижесінде, DDoS-шабуыл арқылы Ресейде мемлекеттік мекемелердің, өңірлік соттардың, банктердің жұмысы дүркін-дүркін дағдарады. Ресейліктер уақытылы мемқызметтерді ала алмайды, онлайн-банкингте қаржылық операциялары жиі өтпей қалады. Жоғарғы оқу орындарына түсуге қашықтан өтініш бере алмай сергелдеңге түскен. Сот процестерін уақытша тоқтатуға тура келген.

Таяуда хакерлер Мәскеуде бір мезгілде барлық таксопарктер мен такси агрегаторларына фейк тапсырыс беріп, дүрлігіс туғызды. Тапсырысты орындауға аттанған такси атаулы жолға бір уақытта шығып, көшелер тығындалып қалған. 

Петербор экономикалық форумы, телеарналар, Rutube кибержауынгерлердің құрбанына айналды. Кибершабуылдар тікелей эфирден бүкіл Ресейге таратылған Лужникидағы митинг-концертте В.Путиннің стадион толы халық алдында сөйлеген сөзін абыроймен аяқтауына кедергі келтіріп, үзіп тастады.

Киберсоғыс салдарынан бизнеске арналған сервистер, тендерлік алаңдар, биржалар, онлайн-бухгалтерия порталдары, интернет-провайдерлер зардап шегуде. Сауда-саттық тоқтап, мәмілелер бұзылуда. Сервистері бұғатталған бухгалтерлер уақытылы есебін тапсыра алмай, ұжымдардың, басшылығының зығырданын қайнатқан. Еуразиялық одақ аясында заттарды таңбалау жүйесі де ақауға тап болды. Авиабилеттер сатып алу сервистері, сақтандыру жүйелері, курьерлік жеткізі онлайн-сервистері, тамаққа тапсырыс беру, интернет дүкендер және басқасы сорлады. Өмірдің барлық саласы автоматтандырылған заманда, мұның бәрі ресейліктерге соғыс кесірінен өркениет игіліктерінен ажырап қалатынын ұғындырса керек.

Әділін айту керек, Ресей де өз хакерлерін кибершабуылдарға жұмылдырылуда. Әйтсе де, Батыс мамандарының бағалауынша, бұл майданда да Мәскеу жеңіліп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу