Украинаның оккупацияланған территорияларындағы референдумдардың ар жағында не тұр?

3451

Ресей көрші елдің төрт облысын өзіне қосуға кірісті. Оларға қауіп төнсе, Путин тіпті ядролық қару қолдануға  дайын екенін мәлімдеді. Ал Украина армиясы жауланған жерлерді бәрібір азат етуге бекініп отыр.

Украинаның оккупацияланған территорияларындағы референдумдардың ар жағында не тұр?

Украинаның оккупацияланған төрт аймағында жұма күні Кремль әзірлеген референдумдар басталды. Олардың мақсаты – Ресейге қосылу. Бұл дауыс беру шаралары Мәскеудің жеті айға созылған соғысы күрт шиеленіскен шақта жауланған облыстарды аннексиялауға жағдай жасайды.

Украина мен оның батыстық одақтастары болса, бұл плебиcциттерді заңсыз деп атап, олардың міндетті күші болмайтынын ескертіп отыр. 

Референдумдарға және олардың ықтимал салдарына қысқаша сипаттама: 

РЕФЕРЕНДУМДАР НЕГЕ ӨТІП ЖАТЫР?

Кремль бұл әдісті бұрын да қолданғаны белгілі. 2014 жылы РФ Украинаның Қырым түбегінде асығыс референдум өткізді. Оны да Батыс заңсыз деп айыптады, ал әлемнің басым бөлігі мойындамады.

Сейсенбі күні Украинаның шығысындағы сепаратистік Луганск және Донецк облыстарының билігі Ресейге қосылу туралы референдумдар жұмадан басталатынын кенеттен хабарлады. Іле-шала оңтүстіктегі Херсон және Запорожье облыстарының мәскеушіл шенеуніктері де елді дауыс беруге шақырды.

Ресей әскерлері мен жергілікті сепаратистік күштер іс жүзінде Луганск аймағының барлығын, Донецк аймағының тек 60%-ға жуығын бақылап отыр. Ресейдің Донбасстағы шабуылдарының баяулауы мен Украинаның Херсон облысын қайтару әрекеттері Мәскеуді дауыс беруді қарашаға қалдыру туралы мәлімдеме жасауға мәжбүр еткенді.

Алайда осы айда Украинаның жойқын қарымта шабуылы ресейліктерді Харьков облысынан шегіндіргеннен кейін Кремльдің жоспарлары қайта өзгеріп, Киев күштерінің жеңіске жету мүмкіндігі артты.

Кейбір бақылаушылардың айтуынша, басып алынған аумақтарды Ресейге қосу арқылы Кремль украин жауынгерлерінің қарымта шабуылын тоқтатудан үмітті және де Мәскеу Киевті ел территориясының Ресейдің қол астына өткенін мойындауға мәжбүрлеп, бұл мақсатына жетпесе, Украинадан кек алуды ойластырып отырса керек.

РЕФЕРЕНДУМ ӨТЕТІН АЙМАҚТАРДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Қырымда 2014 жылғы референдум Ресей әскері халқының көпшілігі Мәскеуді жақтаған қаратеңіздік түбекті басып алғаннан кейін ұйымдастырылды.  

Содан бері Донбасстың үлкен бөлігін иемденген сепаратистер Ресейге қосылуға талпынып келеді. Жікшілдер тіпті осы мақсатпен референдум өткізіп көрді. Алайда Кремль оның нәтижесін елемеді.

Бұл аздай, екі аймақ Қырым аннексияланғаннан кейін бірнеше аптадан соң Украинадан тәуелсіздігін жариялап, сегіз жылдық соғыстың басталуына жол ашты. Ал Президент Владимир Путин бұл жағдайды көрші елге әскер кіргізуге желеу ретінде пайдаланып отыр. 

Басқыншылықтың алғашқы күндерінде орыс әскерлері басып алған оңтүстік аймақтарда Ресейге қарсылық күшейді. Жүздеген киевшіл белсенді қамалып, олардың көпшілігі азапталды. Басқалары зорлықпен жер аударылып, ондаған мың адам өзге аймақтарға бас сауғалап кетті.

Ресей әскері Херсон облысы мен Запорожье аймағының бір бөлігіне басып кіргеннен бері Мәскеу тағайындаған әкімшілік Украина телеарналарының хабарларын тоқтатып, олардың орнына ресейлік бағдарламаларды қойды. Бұған қоса, жергілікті тұрғындарға ресейлік төлқұжаттар таратылып, айналымға рубль енгізіліп, тіпті Ресейге қосылуға жол ашу үшін жүргізушілерге ресейлік нөмірлер берілді.

Алайда оккупацияланған аудандарда Мәскеу тағайындаған билік украиналықтардың шабуылына ұшырап, бірқатар ресейшіл шенеуніктер өлтірілді. Бұған қоса, украиналықтар сайлау учаскелері мен басқа да үкіметтік ғимараттарды жарып, украин әскеріне негізгі инфрақұрылымдарды нысанаға алуға көмектесіп жатыр. 

ДАУЫС БЕРУДІҢ ЗАҢДЫЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ НЕ АЙТЫЛЫП ЖАТЫР?

Бескүндік дауыс беру процесі тәуелсіз бақылаушыларсыз өтеді. Сондықтан оның нәтижесін бұрмалауға мол мүмкіндік бар.

Осы аптаның басында референдумдар жарияланғанда, Батыс олардың заңдылығына бірден күмән келтірді. АҚШ Президенті Джо Байден мен Германия канцлері Олаф Шольц 4 облыста ұйымдастырылған шараны жалған деп атаса, Франция Президенті Эммануэль Макрон олардың "құқықтық салдары болмайтынын" ескертті.

Украина Президенті Владимир Зеленский болса, бұл референдумдарды жұртшылық назарын өзге жаққа аударуға бағытталған "шу" деп атады.

РЕСЕЙДЕГІ МОБИЛИЗАЦИЯНЫҢ РЕФЕРЕНДУМДАРҒА ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?

Референдумдар жарияланғаннан кейін бір күн өткенде Путин Украинадағы армиясын күшейту үшін резервистерді ішінара мобилизациялауды бұйырды. Сонымен қатар ол Ресей территориясына жасалған кез келген шабуылға тойтарыс беру үшін ядролық қаруды қолдануға дайын екенін мәлімдеді.

Қорғаныс министрлігі Ресейдің Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы мобилизациясы бойынша әскери тәжірибесі бар 300 000-ға жуық адамды сапқа қоюды жоспарлап отыр. Дегенмен болжамдарға қарағанда, Путиннің жарлығы қажет болған жағдайда олардың саны 1 миллионға дейін көбейтуге мүмкіндік береді. 

Кремль қоғам наразылығынан және Путинді қолдау базасын бұзудан сақтанып, мұндай өте ұнамсыз қадамнан ұзақ уақыт бойы тартынып келді.

Украинаның соңғы қарсы шабуылдары Ресейдің қазіргі күші 1000 шақырымдық майдан шебін бақылауға қабілетсіз екенін көрсетіп берді. Алайда әскери мамандар жаңадан шақырылған запастағы сарбаздарды ұрысқа дайын ету үшін айлар керек дейді.

ЖАУЛАНҒАН ОБЛЫСТАР ЖӘНЕ ЯДРОЛЫҚ ҚАУІП

Бүгінде Путин масқара жеңілістерге енді жол бермеу тәсілдерін іздеп жатыр. Сондықтан ол сәрсенбіде ел аумағын қорғау үшін ядролық қару қолдануға да дайын екенін білдірді. Бұл – Ресей құрамына енетін аймақтарға украиналықтардың шабуылын тоқтатуға бағытталған ашық ескерту.

Ресейдің әскери доктринасы бойынша, атомдық қару ядролық шабуылға немесе кәдімгі қарумен "мемлекеттің өмір сүруіне қауіп төндіріретін" агрессияға жауап ретінде қолданылуы керек. 

Путинге бағынышты Ресей Қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары Дмитрий Медведев бейсенбі күні президенттің қоқан-лоққысын қуаттап, Украинаның төрт аймағын жаулап алғаннан кейін Мәскеу сол облыстарды қорғау үшін "кез келген қаруды, соның ішінде стратегиялық ядролық арсеналды" да пайдалана алатынын мәлімдеді.

Құрлықаралық баллистикалық зымырандар мен алыс қашықтыққа ұшатын бомбалаушы ұшақтарды қамтитын стратегиялық ядролық күштерді еске сала отырып, Ресей жағдай шиеленіссе, Украинаны ғана емес, АҚШ пен оның одақтастарын да ядролық қарумен нысанаға алуы мүмкін екенін ескертіп отыр.

ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ҮНДЕУІ

Зеленский болса, Путиннің ядролық қоқан-лоққыларын сандыраққа теңеп, басып алынған барлық аумақтарды бәрібір азат етуге уәде берді.

Сонымен қатар Зеленский оккупацияланған аймақтардағы украиналықтарды референдумның шырқы кетіруге және "бұл фарсты" жүргізіп жатқан адамдар туралы ақпаратпен бөлісуге шақырды. Бұған қоса, ол отандастарын Ресей мобилизациясынан аулақ болуға үгіттеді.

"Алайда сіз Ресей армиясының қатарына қосыла қалсаңыз, жаудың кез келген әрекетіне диверсия жасасаңыз, кез келген ресейлік операцияларға аралассаңыз, бізге оккупанттар туралы барлық маңызды ақпаратты беріп отырыңыз. Мүмкіндік туса, дереу біздің жаққа ауысыңыз", – дейді ол өзінің түнгі үндеуінде.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу