ҰҚШҰ өз тарихында тұңғыш рет өз мүшесі аумағында операция бастады

2824

Оның қандай қажеті болды?  

ҰҚШҰ өз тарихында тұңғыш рет өз мүшесі аумағында операция бастады

Бұл биылғы жыл басындағы әлемдік ақпарат айдынындағы ең басты жаңалықтардың біріне айналды. Тақырыпты халықаралық сарапшылар әр қырынан талқыға салуда. Біздің қоғамда да көптеген сауал тууда.

"Әскер кіргізу" хроникасына тоқталсақ

2022 жылғы 5 қаңтарда, түскі 3 шамасында өткен баспасөз мәслихатында Ресей Президентінің баспасөз хатшысына ресейлік ақпарат құралдары "Нұр-Сұлтан Мәскеуден немесе Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан әскери көмек сұрады ма?" деген сауал қойды. Кремль өкілі бұған бас шайқап, жауап берді.

"Біз қазақстандық достарымыздың ішкі проблемаларын өз бетінше шеше алатынына сенімдіміз! Бұл мәселелерге сырттан ешкімнің де араласпағаны маңызды", – деді Дмитрий Песков.

Алайда сол күнгі кеште ахуалдың көз ілеспес жылдамдықпен түбегейлі түрде өзгеріп кеткені байқалды. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, "Халық Қаһарманы" Тоқтар Әубәкіров ҰҚШҰ көмегін сұрау идеясын ұсынды.

"Егер Қазақстанда бүлікшілдерді басуға біздің күшіміз жетпей жатса, онда келіңіздер, өзіміз келісім бекіткен елдердің көмегіне жүгінелік! Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымымен келісіміміз бар. Егер елге ҰҚШҰ әскері кіргізілсе, бұл артық болмайды", – деді Тоқтар Әубәкіров мемлекеттік "Хабар 24" арнасының эфирінен.

Артынша, 6 қаңтарда Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізген ел Президенті, ҚР ҚК жаңа төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев республикаға "шетелде үлкен дайындықтан өткен халықаралық террористік топтардың" басып кіргенін хабарлады және мұны енді жай ғана бейбіт қарсылық деп емес, "Қазақстанға жасалған басқыншылық акті ретінде қарастыру қажет" екенін айтты.

"Осыған байланысты Қауіпсіздік алқасы жөніндегі Шартқа сүйене отырып, мен ҰҚШҰ мемлекеттерінің басшыларына осы террористік қауіпті еңсеру үшін Қазақстанға көмек көрсетуді сұрадым. Шын мәнінде, бұл – қауіп қана емеc, бұл – мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіру, азаматтарымызға шабуыл жасау. Олар менен Мемлекет басшысы ретінде тез арада өздерін қорғауды сұрайды. Азаматтарымыздың игілігін, қауіпсіздігі мен тыныштығын ойлау – менің Конституциялық міндетім. Сондықтан ҰҚШҰ-дағы әріптестеріме білдірілген өтініш – уақытылы әрі толығымен дұрыс қабылданған шешім. Қазақстан халқы бұл шешімді қолдайтынына сенімдімін. Жұмылсақ, сөзсіз, жеңеміз!", – деді Қазақстан лидері.

ҰҚШҰ Қазақстанға көмекке келу туралы шешімді өте жылдам қабылдады. Бұған тіпті ресейлік сарапшылар да таң қалды, себебі олар бұған дейін ұйымды "тым шабан", "өзіне мүше елдердің қауіпсіздігіне төнген қатерлерге жедел үн қатуға қауқарсыз" деп айыптап келген болатын.

ҰҚШҰ-ға Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан мүше екені белгілі. Алайда ұйым былтыр қырғыз бен тәжік арасында, шекарада қанды қақтығыс болғанда, ешқайсысына көмекке келмеді. Мұны елдердің ұйым көмегіне жүгінбегенімен түсіндіруге болады. ҰҚШҰ Әзербайжанмен соғысында Арменияға да көмек қолын созбады.

Қалай болғанда, 6 қаңтар күні түнде ұйым Арменияның премьер-министрі, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Никол Пашинянның мәлімдемесін жариялады.

"Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың өтінішіне орай және сырттан араласу кесірінен Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне қауіп төнуіне орай ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік шартының 4-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасына ҰҚШҰ-ның Ұжымдық бітімгершілік күштерін бағыттау туралы шешім қабылдады", – делінген ұйымның ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде.

Никол Пашинян ҰҚШҰ бітімгершілерінің "Қазақстанда болу уақыты шектелгеніне" екпін түсірді: олар "елде ахуалды қалыпқа келтіріп, тұрақтандыру мақсатында" енгізіліп отыр және осы мақсат орындалғаннан кейін шығарылуға тиіс.

Ертесіне РФ Сыртқы істер министрлігі де мәлімдемесін таратты.

"Ресей Федерациясы ҰҚШҰ аясындағы одақтастық міндеттемелеріне шын берілгендігін растай отырып, Қазақстанның ішкі саяси ахуалының жылдам қарқынмен деградацияға ұшырауына және зорлық-зомбылықтың өсуіне байланысты шұғыл шаралар қабылдауды қолдады. Біз соңғы оқиғаларды жақсы дайындалған және ұйымдастырылған қарулы құрылымдарды пайдалана отырып, күш қолдану жолымен бізге достық пейілдегі мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығын жоюға бағытталған сыртқы күштердің талпынысы ретінде қарастырамыз", – делінген Ресей сыртқы саясат ведомствосының мәлімдемесінде.

Қазақстан жағы мұны қалай түсіндіреді?

Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев ҰҚШҰ солдаттары ұрыс қимылдарына қатыспайтынын, лаңкестерді жоюмен айналыспайтынын мәлімдеді.

"ҰҚШҰ елдерінің бітімгершілік контингенті енгізілді. Бұл миссия – бітімгерлік сипатта. ҰҚШҰ жауынгерлері әскери іс-қимылдарға қатыспайды. Олар содырлардың көзін жоюмен шұғылданбайды. Бітімгершілік миссияны ұжымдық жедел ден қою күштерін жаппай енгізумен шатастырмау қажет", – деді Дәурен Абаев. 

Ол Алматы қаласының аумағын бұзақылардан тазарту операциясын Қазақстанның өз күштері, соның ішінде "Арыстан", "Арлан", "Бүркіт" бөлімшелерінің арнайы жасақтары және Қорғаныс министрлігі жүзеге асырғанын атап өтті.

"Ал ҰҚШҰ бітімгершілері күзету және тылды қорғау функцияларын атқаратын болады. Жүргізілген операциялар нәтижесінде қаладағы барлық әкімшілік ғимараттар террористерден тазартылды. Көптеген содырлар жойылды немесе ұсталды. Олардың кім екені анықталуда. Олардың экстремистік ұйымдарға қатыстылығы туралы тұспалдар пысықталуда", – деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Саяси ғылымдардың докторы, саяси және қоғамдық қайраткер Ермұхамет Ертісбаев Atameken Business телеарнасына берген сұхбатында, осы арқылы сыртқы зәлім күштер қазақ елінің қорғанысын және қауқарын сынап көрді, егер бұзақылар жаппай үстем болып, мемлекет тізе бүккенде, Қазақстанға әлемнің әр елінен террористік топтар лек-лекпен лап қоюы мүмкін еді деген пікір айтты. Оның байламынша, Мемлекет басшысының ҰҚШҰ көмегіне жүгінуі және ұйым елдерінің оған лезде қолдау көрсетуі сыртқы күштерге Қазақстанның жалғыз еместігін, ол серіктестерімен бірге кез келген сын-тегеурінге тойтарыс бере алатынын паш етті.

Өзге сарапшылар да "елге әскер кіргізілді" деп айту артықтау екеніне назар аудартады. Себебі мысалы, қазақ жерінде ТМД, ҰҚШҰ және басқа да елдермен бірлескен әскери жаттығулар жыл сайын өткізіледі, соның барысында сол мемлекеттер Қазақстанға танк, БТР, БМП және басқа да қаһарлы әскери техникалары мен қару-жарақтарын ала келеді. Бірақ мұны бірде-бір сарапшы елге әскер кіргізу деп бағаламайды. Себебі олардың қаруы Қазақстан халқына және қазақтың ұлттық армиясына қарсы бағытталмаған. Ескере кететін жайт, ҰҚШҰ бітімгершілік күштері елімізге десант түрінде түсірілген.

ҰҚШҰ өкілдері ресейлік ақпарат құралдарына түсініктемесінде, ұйымның ұжымдық қорғаныс күштеріне Ресей тарапынан әуе-десанттық күштер кіргенін хабарлады. "Ведомости" басылымының мәліметінше, оның құрамына ресейлік Ульяновск қаласының түбінде орналасқан 31-ші гвардиялық жеке десанттың-шабуыл бригадасынан және Иваново маңындағы 98-ші гвардиялық әуе-десанттың дивизия бөлімшелерінен жауынгерлер алынған. Себебі олар ҰҚШҰ ұжымдық жедел ден қою күштерінің құрамына кіреді.

Ресми мәлімет бойынша Қазақстанға десантталып жатқан ҰҚШҰ бітімгершілері құрамына мүше өзге елдер – Армения, Қырғызстан және Тәжікстан өз жауынгерлерін жолдаған. Олар да бүлікшілерді тықсыруға қатыспайды, мемлекеттік және әскери объектілерді қорғайды, елдің құқықтық өріске оралуына жәрдемдеседі.

7 қаңтарда Қазақстан халқына үндеу айтқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Бітімгерлік күштер еліміздегі стратегиялық нысандардың қорғалуын және қызметін қамтамасыз ету үшін қысқа мерзімге келгенін" жариялады.

Не десек те, ендігі маңызды мәселе – Қазақстанда тезірек тұрақтылықтың қайта орнауы және ҰҚШҰ күштерінің елден әкетілуі болып тұр. Сонда қоғамның бұл мәселеге қатысты алаңдаушылығы сейілетін болса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу