Үлкен АЭС салудан бас тартылды

10715

Ресей өзі тұрғызатын Өзбекстанның АЭС-іне кеңестік мұзжарғыштардың реакторын қоймақ.  

Үлкен АЭС салудан бас тартылды Фото: canva.com

Биылғы 26-27 мамырда өзбек еліне Ресей басшысы Владимир Путин барып қайтқан болатын. Оның барысында Кремльдің қожайыны Өзбекстанға қатысты біраз мадақ айтып, мақтауын келістірді.

Сонымен, Ресей басшысының мемлекеттік сапары қорытындысында 27 құжатқа қол қойылды. Ішінде Өзбекстанда үлкен резонанс тудырғаны – "Росатоммен" бірге атом электр станциясын салу жөніндегі контрактінің бекітілуі болды.

Өзбекстан территориясында Ресейдің АЭС тұрғызуын қарастыратын келісім өзбек қоғамында үлкен пікірталас туғызып жатыр. Өзбекстандықтар "Росатомның" Батыс елдерінің келесі санкциялық топтамасына іліккелі тұрғанын, оның үстіне технологиялық тұрғыдан артта қалғанын қаперге салды. Бұл ретте "Росатом" әлемнің өзге елдерінде қолға алған атом станцияларының құрылысын уақытында аяқтамай, созбалаңға сала бастаған.  

Сарапшылар мәселенің басқа қырына назар аударыпты. Өзбекстанның ірі АЭС салу жоспарынан бас тартқаны түпкілікті анықталды. Өйткені Ресеймен арада бекітілген келісім тек шағын қуаттылықтағы атом электр станциясын тұрғызуды қарастырады.

Құжатқа сәйкес, ресейлік жоба бойынша 330 мегаваттық бірінші шағын АЭС-тің құрылысы Өзбекстанның Жызақ (Джизак) облысында жазда басталады.

"Росатом" үшін бұл – осындай станцияны тұрғызу бойынша тұңғыш экспорттық контракт болмақ. Бұған дейін оның шағын АЭС-тері тек Ресей өңірлерінде бой көтерген.

Ресей ғылым академиясының Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар ғылыми зерттеу институтының Орталық Азия секторының меңгерушісі Станислав Притчиннің айтуынша, о баста Өзбекстанда ірі АЭС салу жоспарланған. Росатом да соған бағдарланған екен. 2018 жылы екі ел тиісті уағдаластыққа келіпті.

Алайда, кейінгі жылдарда өңірді қуаңшылық жайлай бастауына байланысты (атом станциялары суды өте көп қажет етеді) Өзбекстан шағын блоктармен шектелуді жөн деп тапты.

"Ташкенттің бұл шешімі елдегі атом энергетикасын кезең-кезеңмен дамытуға деген құлшыныстан туындап отыр. Өйткені әлем тез өзгеруде. Ғылым алға қарыштап дамуда. Егер бүгінде қолданыстағы технологияларға негізделген ірі АЭС салып тастаса, ертең ол ескіріп қалуы мүмкін. Шағын блоктар технологияның өзгеруіне қарай бейімделуге мүмкіндік пен икемділік береді. Бұл ретте шағын АЭС-тер жобасын жүзеге асыру Ресей үшін сондай технологияларды шетелге экспорттаудың тұңғыш тәжірибесіне айналады. Бұл технологиялар бүкіл әлемде перспективалы саналады", – деді ресейлік сарапшы.

Өзбекстан АЭС салу бойынша халықаралық тендер жариялаған жоқ. Тиісінше, әлемде бар технологиялар арасынан таңдап, іріктеп жатпады.

РФ өзі салатын станцияларын төл уранынан жасалған отынымен өзі қамтамасыз етеді. Қазақстаннан айырмашылығы сол, Өзбекстанда уран өндірісі жете өркендемеген.  

Бұл жерде Ресей тарапы АЭС салу үшін жеңіл кредит те ұсына алады. Мәскеу айтқанына көніп, айдағанына жүретін "тілалғыш" елдердің несие-қарызын арагідік кешіретіні де белгілі.

Қалай болғанда, қазіргі кезде Өзбекстан үшін күн тәртібінде күйіп тұрған басты мәселе – елдегі энергетикалық дағдарыстан арылу. Кейінгі жылдары соның кесірінен өңірлер түгіл, тіпті ел астанасы Ташкенттің аудандарында дүркін-дүркін жарықты өшіруге тура келді.  Тасқала тұрғындары қыстың қақаған аязында жылусыз да қалып, жаурады.

"Электрмен сенімді қамтамасыз ету – Өзбекстан үшін өмірлік маңызды, көкейкесті мәселелердің бірі. Республика тұрғындарының саны қарқынды түрде өсіп келеді. Тиісінше, тұрғын үй құрылысы серпінді түрде өрістеуде. Бұған қоса, Өзбекстан экономикасы тез өсіп, жаңа кәсіпорындар қаптап құрылып жатыр. Осының бәрі елдегі энергия тұтынудың жалпы көлемін еселеп арттырады. Сондықтан атом энергетикасын дамыту – біздің еліміз үшін басты қажеттіліктің бірі", – деді Өзбекстан экспорттаушылары қауымдастығы төрағасының орынбасары Бобур Расулев.

Оның айтуынша, Өзбекстан – уран қоры жөнінен әлемдік көшбасшылардың бестігіне кіреді. Оны өндіруге де Ресей араласуы мүмкін. Өйткені Өзбекстан, Расулевтің айтуынша, жер қойнауындағы осы мол әлеуетін ел экономикасын дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру үшін пайдалануға тиіс.

Сондықтан өзбек сарапшыларының байламынша, Өзбекстан АЭС құрылысынан толық бас тарта алмайды. 2400 мегаваттың ірі атом станциясы жобасын 330 мегаваттық шағын станцияға алмастыруының да бір мәнісі сонда.

ӨР Атом энергиясы агенттігінің түсіндіруінше, биылғы жазда құрылысы басталатын шағын АЭС-тің бірінші реакторын Ресей тек 5 жылдан кейін ғана іске қосуды жоспарлап отыр. Яғни, шағын станцияның өзін Росатом тез сала алмайды.

Агенттік бұл жобаның құны Ресей жағының сұрауымен құпия ақпарат деп танылғанын және қоғамға жариялауға жатпайтынын жеткізді.

Шағын АЭС Жызақ облысының Фариш ауданындағы Тузкон көлінің жанында, бұрын бекітілген алаңда бой көтермек. Бұрын ол алаңда алып АЭС тұрғызу жоспарланған еді.

Атом энергиясы агенттігінің дерегінше, шағын қуаттылықтағы атом станциясы 6 реактордан құралады, белгіленген жалпы қуаты 330 МВт болады. Ресейлік РИТМ-200Н маркалы әрбір реактордың қуаты 55 мегаватт қана. Оның біріншісін қолданысқа беру 60 айдан (5 жыл) ерте жүзеге аспайды.

Әрбір келесі реактор пайдалануға алты ай сайын беріліп отыруға тиіс. Нәтижесінде, өзбектің шағын АЭС-інің алты реакторының толық іске қосылуы 2032 жылдан кейінгі мерзімге жоспарланыпты.  

Жалпы, қалыптасқан тәжірибе бойынша Ресей өз құзырына алып алған АЭС жобаларын өзі салады, оған жабдықтарды, материалдарды РФ-тан тасиды. Тіпті құрылысшылар, АЭС-те істейтін мамандар – ресейлік болуы мүмкін. Атом станциясын да Росатомның өзі басқарып, эксплуатациялайды. Оның тапқан табысы да Ресейге кетеді.  

Дегенмен, өзбек ведомствосы журналистерге "шағын АЭС-ті пайдалану мерзімі ұзаққа созылатындықтан, оның жұмысында жергілікті шикізат пен материалдарды пайдалану қажеттігін" жеткізді. Ташкент станция құрылысына өзбекстандық компаниялар да тартылады деп үміттенеді.  

Қалай болғанда, биылғы 27 мамырда қол қойылған екіжақты келісімге сәйкес, өзбектің тұңғыш АЭС-і құрылысының бас мердігері болып, "Росатом" бекітілді. Ендеше өзі би, өзі қожа болады. Станцияға қатысты барлық саясатты да сол қабылдайды.

Осы орайда "Росатом" басшысы Алексей Лихачев өзбек АЭС-ін қолданысқа беру мерзімі кем дегенде 2033 жылға дейін ұзайтынын мәлімдеп те үлгерді.

Оның айтуынша, "Росатом" өзбек АЭС-іне кеңестік атомдық мұзжарғыш кемелерде орнатылған РИТМ-200Н сулы-ядролық реакторларды орнататын болады.  

А.Лихачевтің айтуынша, осы жоба үшін Ресейдің Өзбекстанға мемлекеттік кредит беру мәселесі талқыланған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу