Үлкен үміт артылған АХҚО әлі күнге бюджеттің мойнында отыр

17734

"Астана" қаржы орталығының биржасындағы сауда күрт құлдырады. 

Үлкен үміт артылған АХҚО әлі күнге бюджеттің мойнында отыр

Astana International Exchange (AIX) биржасында нарықтық белсенділікке қатысты жаңа шолу жарияланды, деп жазады Inbusiness.kz.

12 млн доллар сауда үшін биржа ұстау керек пе?

AIX-те сауда-саттықтың жалпы көлемі 2021 жылғы тамызда өткен аймен салыстырғанда бірден 32,9%-ға құлдыраған. Нәтижесінде, 12 млн 95 мың 605,8 долларды ғана құрады.

Дегенмен, ресми мәлімет бойынша AIX биржасындағы белсенділік жалғасуда. Егер тамызды назарға алмаса, жыл басынан бері астаналық биржада сауда-саттық көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі сауда-саттық көлеміне қарағанда 3,5 еседей көп болыпты.

Сарапшылар осы 3,5 есе өскеннің өзінде елордалық биржаның ауқымы тым мардымсыз екеніне назар аудартады. Оны жоғарыдағы кестеден де көруге болады. Осы аздың өзі кейбір айларда тіптен азайып, жоққа жуықтайды. Мысалы, 2020 жылғы қарашада сауда көлемі небары 3,7 млн долларды құраған.

Салыстыру үшін айтсақ, жаһандық алпауыттарды қарастырмағанның өзінде, АХҚО өзінің ең жақын бәсекелесі санайтын Мәскеу биржасында 2021 жылғы тамыз айында жалпы сауда-саттық көлемі 5,9%-ға өсіп, 79,7 триллион рубльді құрады (2020 жылғы тамыздағы көрсеткіші 75,3 трлн рубль). Бұл 1 триллион 107 млрд долларға тең.

Бұл ретте Астана қаржы орталығы биржасының 12 миллионы Мәскеу биржасы триллиондарының тырнағына да тұрмайтыны аңғарылады.

"Осынша мардымсыз сауда-саттық үшін тұтас биржаны ұстап тұрудың қаншалықты қажеттілігі бар?" деген сұрақ туады.

АХҚО басшылығы ел басшылығына өзінде сатылатын акциялар "ассортиментін" арттыруға уәде еткен. Бұл міндет қаншалықты орындалды?

"2021 жылғы тамыздың соңындағы жағдай бойынша AIX ресми тізіміне 65 түрлі эмитенттің 103 бағалы қағаз шығарылымы кірді. Оның ішінде 2 ETF (Exchange traded funds) және 12 ETN (Exchange traded notes) бар. АХҚО биржасының сауда мүшелері – 18 қазақстандық және 11 халықаралық брокерлер болып табылады. АХҚО биржасының орталық депозитарийінде инвесторлардың 141 мыңнан астам шоты ашылды", – делінген ұйым хабарламасында.

Сөзге тұздық етсек, Мәскеу биржасында 13,2 миллион адамның брокерлік шоты ашылған. Бұл межеге дейін жету үшін АХҚО-ға бірталай ұзақ жол жүруге тура келетіні байқалады.

Астаналық биржада не сатылуда?

Шілдеде BI Group-тың еншілес компаниясы – "Мегастрой" ЖШС 6,3 млрд теңге сомаға облигацияларын орналастырған: бұл 20 млрд теңге сомадағы борыштық құралдар бағдарламасы шеңберіндегі бірінші транш саналады.

Құрылыс секторының тағы бір өкілі "Проект ЭНС" ЖШС борыштық құралдарды – 3,7 млн долларға долларлық облигацияларды және 350 млн теңгеге теңгелік облигацияларды шығарды.

Тамыз айының соңында АХҚО биржасында үлестік құралдарын листингке шығарған компаниялардың, яғни "Қазатомөнеркәсіп", "Полиметалл", "Халық Банк", "Ferro-Alloy Resources Limited", "Банк ЦентрКредит", "Kaspi.kz", "Kcell" компанияларының жалпы нарықтық капитализациясы 44 млрд доллар болды.

Әрине, мұны мысалы, АҚШ-тағы NASDAQ биржасының 12 триллион долларлық капитализациясымен салыстыру ұят.

Биылғы жылы 1 шілдеде AIX Qazaq Index (AIXQI) іске қосылды, ол тек бизнесі Қазақстанмен байланысты компаниялар акцияларының көрсеткіштерін ғана өлшейді және нарықтық капиталдандыру бойынша мөлшерленген индексті білдіреді. Индекс құрамына AIX, KASE және LSE-де саудаланатын бар-жоғы 8 қазақстандық компанияның акциялары мен жаһандық депозитарлық қолхаттары кірді. Бұл не нәтиже берді?

1000 пункт белгісінен бастағанымен, AIXQI дебюттік айды 993.93 пункт белгісінде аяқтап, шілде айының қорытындысы бойынша 0,61%-ға төмендеп кетті.

Тамыз айында шамалы ғана өсіммен, 1034.42 пункт деңгейінде бодды. Индекстің 8 компаниясының 6-ауы тамыз айын өсіммен аяқтады. Мысалы, "ЦентрКредит Банкі" мен "Халық банкінің" акциялары үздік динамика көрсетті, олардың өсуі тиісінше 14,74% және 13,25%-ды құрады. "Қазақтелекомның" акциялары айтарлықтай өсім көрсетті – 12,75%. "Қазатомөнеркәсіп" акциялары 7,99%-ға өсті, себебі уран өндіруші ұлттық компания акционерлеріне 2020 жыл үшін дивиденд ретінде 150 миллиард теңгеден астам ақша төлейтінін жариялады.

"Central Asia Metal" (+0,91%) және "Kaspi" (+0,68%) акциялары болар-болмас қана өскен. Қалған 2 компания теріс аймақта қалды: "ҚазТрансОйл" акциялары минус 5,73%-ға, "Полиметалл" минус 7,89%-ға құлдырады. Бұларға ақша салғандар қаржысын жоғалтты.

АХҚО бюджетке 4 жылда 40 миллиард теңгеге түспек

Қаржы министрлігі "Астана" халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі" АҚ-ына нысаналы аударым" деп аталатын 2021 жылғы 099 бюджеттік бағдарлама жобасын ел назарына ұсынды.

"Шығыстар АХҚО органдары мен олардың ұйымдарының, атап айтқанда АХҚО Әкімшілігінің, АХҚО сотының, АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитетінің, Халықаралық төрелік орталығының қызметін қамтамасыз етуге және ары қарай дамытуға, сондай-ақ кәсіби даму бағдарламасын іске асыруға бағытталған", – деп жазылған құжаттың түсініктемесінде.

Қаражат бюджеттен тікелей АХҚО-ға нысаналы түрде аударылады.

Жалпы, қаржы орталығының басшылығы алдына АХҚО-ны өзін-өзі қаржыландыратын, өзін-өзі ақтайтын деңгейге шығару міндеті қойылған болатын. Бірақ әзірге олай болмай тұрғанға ұқсайды.

Бюджеттік бағдарлама аясында "Астана" қаржы орталығына биылғы 2021 жылы – 11 млрд 820,8 млн теңге, келесі 2022 жылы – 9 млрд 966,2 млн теңге шығындау қарастырылған.

Одан кейінгі жылдары да бюджеттік қаржыландыру азаймайтын түрі бар. 2023 жылы – 9 млрд 150 млн теңге, ал 2024 жылы – 8 млрд 910 млн теңге бөлу ұсынылған.

Яғни, төрт жылда АХҚО-ны ұстап тұруға 40 миллиард теңгедей ел қаржысы шығын болатын сыңайлы.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу