Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 12% деңгейінде қалдырды

38961

Бюджеттен бөлінетін әлеуметтік төлемдердің көтерілуі және мұнай нарығындағы "әлсіздіктің" әсерінен инфляцияның өсу қаупінің төнуі ұлттық банктің бұл шешімін түсіндіреді.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 12% деңгейінде қалдырды

Қазақстанның ұлттық банкі базалық мөлшерлеменің көлемін бұрынғы 12% деңгейінде қалдыруды шешті, өзгеру шегі +/-1%. Ақша-несие саясаты жөніндегі техникалық комитеттің бұл шешімі бүгін банктің сайтында жарияланды.

"Өткен жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция деңгейі 8,5%-ға жетіп, белгіленген шектен асқанына қарамастан "мақсат еткен көрсеткішке (инфляцияны 6-8% шегінде ұстау) алдымыздағы 1-2 айда жетеміз", – деп жазылған қаржы реттегіштің түсініктемесінде.

"Қаңтар-ақпан айларында инфляция мақсат еткен шекке кіреді. 2017 жылдың одан кейінгі айларында инфляция елеулі түрде төмендемейді, дегенмен жағымсыз оқиғалар әсер етпесе, осы шекте сақталады. 2017 жылдың соңында инфляция 7,3-7,7% шегінде болады", – деп жазылған ұлттық банктің берген бағасында.

Халықтың инфляциялық болжамдары төмендеп келеді. Азаматтардың еңбекақысы мен тапқан табысы – инфляция деңгейіне әсер ететін маңызды фактор. Қазақстандағы еңбекақы индексі 20 ай қатарынан төмендеп келеді. Халықтың табысы 7 ай қатарынан төмендеп, қазан айының қорытындысында былтырғы жылмен салыстырғанда 9,2%-ға азайды.

"Болашақта теңге тұрақталады деуімізге негіз бар. Экономиканың негізгі салаларының дамуын көрсететін қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 2016 жылдың қаңтар-қараша айларында 100,5%-ға жетеді, бұл іскерлік белсенділіктің жақсарғанының дәлелі", – дейді ұлттық банк өкілдері.

"Бұған "қара алтынның" қымбаттауы белгілі бір дәрежеде өз әсерін тигізді. Қараша айында Brent сұрыпты мұнайдың бағасы 4,6%-ға қымбаттап, барреліне 46,4 доллар болды", – дейді дүниежүзілік банк мамандары. Ертеңгі күнге оптимизммен қарасақ та, мұнай саласы әлі де тұрақсыз екенін мойындауымыз керек.

"Еліміздің экономикалық дамуына қауіп төндіруі мүмкін сыртқы факторларды естен шығармағанымыз жөн.  Оның ішінде әлемдік мұнай нарығының әлсіздігін, сондай-ақ сауда серіктесіміз саналатын елдердің экономиканың қалпына келу жылдамдығын атап көрсетуге болады. Әлеуметтік төлемдерге бөлінетін бюджет шығындарының өсуі инфляциялық қысымның өсуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан ұлттық банк базалық мөлшерлемені бұрынғы деңгейде сақтау керек деп есептейді", – деп қорытты ұлттық банк өкілдері.

Бұл ақша-несие саясаты жөніндегі техникалық комитеттің 2017 жылға жоспарлаған 8 отырысының алғашқысы. Базалық мөлшерлеме жөніндегі ендігі шешім 20 ақпанда жарияланады. 2016 жылы ұлттық банк базалық мөлшерлемені ақпан айында 17%-дан қараша айының ортасында 12%-ға дейін кезең-кезеңмен төмендеткен болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу