Ұлттық банк болжамының үш сценарийі де көңіл көншітпейді

4809

Инфляцияның тоқтайтын түрі жоқ. 

Ұлттық банк болжамының үш сценарийі де көңіл көншітпейді

Ұлттық банк ІІ тоқсандағы ақша-несие саясатын қорытындылап, 2022 жылдың аяғына дейінгі экономикалық болжамдарын жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Әлемдегі эпидемиологиялық жағдай мен халықаралық ұйымдардың болжамдарын назарға алған Ұлттық банк 2021 жылдың екінші тоқсанынан бастап 2022 жылғы төртінші тоқсанға дейінгі кезеңге арналған макроэкономикалық болжамдарды мәлім етті. Болжам үш сценарийге негізделген.

Базалық сценарий бойынша орта мерзімді кезеңде Brent маркалы мұнайдың бағасы бір барреліне 60 доллардан түспеуі керек.

Оптимистік сценарий бойынша орта мерзімді кезеңде Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне шамамен 65 доллардан төмен болмауы керек. Бірақ бұл сценарийдің орындалатына болжам авторларының өзі де аса сеніп отырған жоқ. Өйткені әлем елдерінде вакциналау қарқын алып, пандемияға байланысты шектеулер әлсіреген сайын ОПЕК+ енгізген мұнай өндірісінің уағдалы шектеулері де алынып отырмақ. Ал ғайыптан тайып, АҚШ Иранға салған санкцияларды жеңілдете қалса, сұраныс артып, мұнай бағасы күрт түсуі мүмкін.

Пессимистік сценарий осы аталған тәуекелдер орындалған жағдайда ел экономикасы қалай құбылатынын сипаттайды. Бұл жағдайда Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 50 доллардан аспауы керек.  

Базалық сценарий бойынша 2021 жылы ішкі жалпы өнім 3,6-3,9% өсуі мүмкін. Мұнай бағасының 60 доллар көлемінде сақталса, мемлекет бюджет шығыстарын ұлғайту туралы шешім қабылдауы мүмкін. Бұл тұтынушылық сұранысты арттырып, тұтынушылық несие алушылардың санын көбейтуі мүмкін.

Мемлекет тарапынан бюджеттен қаржыландырылып отырған "Қарапайым заттар экономикасы", "Жұмыспен қамтудың жол картасы", "Индустриялы-инновациялық даму" сияқты мемлекеттік бағдарламалар да ішкі жалпы өнімді бәсеңдетпеудің бір тетігі ретінде қарастырылып отыр.  Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы құрылыстың қарқын алуын да макроэкономикалық болжам жасаушылар өсімге кепіл болатын фактор ретінде қарастыруға әуес. Базалық сценарий орындалған жағдайда Қарашығанақ мен Теңіз мұнай кеніштеріндегі жобалар жалғасын табуға тиіс. Экономикадағы негізгі капиталға инвестициялардың қалыпты өсуі осы екі жобаға тәуелді екенін ұмытпау керек.

Ұлттық банк сарапшыларының есебінше, мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар мен БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу шаралары әлі де болса тұрғын үй құрылысындағы инвестициялық белсенділікке әсер ететін болады. Яғни, үй бағасы қымбаттамаса, арзандамайды.

"2022 жылы ІЖӨ өсу қарқыны біршама жеделдейді және 4,0%-4,3%-ды құрайды. Коронавирусқа қарсы вакциналау жөніндегі одан арғы іс-шаралар аясында эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы экономиканың дамуына оң әсер ететін болады",– деп жазылған Ұлттық банк мәліметінде.

Банк сарапшылары 2022 жылы халықтың нақты кірісі өседі деп отыр. Онымен бірге тұтынушылық кредиттеу көлемі де артатыны түсінікті.

Ұлттық банктің болжамдары бойынша, 2021 жылы инфляция біртіндеп баяулай береді. Бірақ жанармай бағасының айтарлықтай өсуі, электр энергиясының тарифі 1 сәуірден бері 15 пайызға артуы бұл өзгерістің әсерін жылдам жойып жіберуі де ғажап емес.

Азық-түлік инфляциясының баяулағанның өзінде таяқтың екінші ұшында құрылыс материалдары, киім-кешек және өзге де тұтыну тауарларының бағасы қымбаттауы ықтимал.

"2021 жылдың соңына дейін қысқа мерзімді перспективада жанармай бағасының өсуі және импорттық бағаның өсуі әсерінен ұзақ пайдаланылатын тауарлардың бағасы өсуі аясында азық-түлікке жатпайтын құрамдас бөліктердің одан әрі жеделдеуі болжанады. Қысқамерзімді келешекте ақылы қызметтерге бағалардың қалыпты өсуі болжанады. Сонымен қатар, 2021 жылғы 1 сәуірден бастап энергия өндіруші ұйымдардың тарифтері орта есеппен 15%-ға өсуі аясында соңғы тұтынушылар үшін электр энергиясының бағасы өсетіні күтілуде. 2022 жылы жылдық инфляцияның болжамдары да бұрынғы тоқсандағы бағалаумен салыстырғанда шамалы өсу жағына қайта қаралды",– дейді Ұлттық банк сарапшылары.

Базалық сценарий бойынша, 2022 жылы инфляция 4-6% нысаналы аралықтың жоғары шегіне жақын болуы мүмкін.

Санкциялар сарсаңы

Пессимистік сценариге келсек, ол бойынша 2021-2022 жылдары Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасы бір баррель үшін 50 доллардан аспауы керек. Яғни, бұл әлемдегі эпидемиологиялық жағдай одан әрі нашарлап, вакциналау баяу жүріп,  әлемдік экономика қалпына тым сылбыр келеді деген сөз.  Бұл Қазақстан үшін бірінші кезекте мұнай нарығындағы теңгерімсіздікпен қауіпті.

Пессимистік сценарий қалыптасқан жағдайда ЕО, Қытай, Ресей сияқты Қазақстанның негізгі әріптес-елдеріне экспортталатын тауарлардың сұранысы мардымсыз болады. Әсіресе тау-кен өндіру секторы кәсіпорындарының кірістері нашар болады. Бір сөзбен айтқанда, мұнайда бөлек Еуропалық Одақ пен Қытайға сатылатын металл шикізатының да көлемі төмендейді. Бұл қарапайым тұрғындадың қолындағы ақшаның одан әрі азаюына әкеледі. Осылайша ел экономикасының қалпына келуі тежеле түседі. 2021 жылдың аяғында экономикалық өсімнің жылдың көрсеткіші 3,3%-3,5%, ал 2022 жылы – 3,7%-4,0% болады.

Салдарынан инфляция Ұлттық банк болжаған дәлізге бағынбай, теңге одан әрі құнсыздана түседі.

Оптимистік сценарий бойынша,  2021-2022 жылдары мұнай бағасы орта есеппен  65 доллар болу керек. Ондай заман келу үшін  әлем бойынша  эпидемиологиялық шектеулер алынып, мұнайға деген сұраныс пандемияға дейінгі деңгейден артуы қажет.  

Мұндай жағдай туындаса, Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсімі 2021 жылы 3,8%- 4,1% және 2022 жылы 4,2-4,5% болады. Сәйкесінше, инфляция базалық сценариймен салыстырғанда тезірек баяулайды. Мұнай қымбаттаса, теңге бағамының нығаятыны түсінікті. Бірақ бұл сценарийдің толық орындалуы үшін Ресейде де инфляция баяулауы керек. Өйтпеген жағдайда оптимистік сценарийдің қалған алғышарттары қалыптасқан күннің өзінде теңгеге деген инфляцияның қысымы азаймайды. Ресейдің ЕАЭО аясында Батыс санкцияларына бірлесіп жауап беру керектігі туралы мәлімдемелері, геосаясаттағы шиеленісті жағдайлар Қазақстан экономикасы үшін жанама тәуекелдер туғыза бермек.  

Оптимистік сценарийдің осы аталған шарттарының бәрі орындалған күннің өзінде 2021-2022 жылдары инфляция 4-6% нысаналы дәлізінде  сақталады. Мұның базалық сценаримен айырмашылығы шамалы.

Ұлттық банк әлемде қазір азық-түлік тауарларына бағаның өсуі Қазақстанға инфляцияның өзін импорттап жатқанын жоққа шығармайды.  

"Экспорттық жеткізілімдердің шектелуі және сұраныстың артуы көптеген елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген ұмтылысы астықтың жеткіліксіз көлемімен бірге азық-түлік нарықтарында теңгерімсіздіктердің туындауына себепші болуы мүмкін. Бұл да Қазақстанда азық-түлік инфляциясы жеделдеуіне әсер етуі мүмкін. Дамушы нарықтардан дамыған елдердің пайдасына капиталдың әкетілу тәуекелі де жоғары болып қалуда. Біріншіден, әлемдік COVID-19 ауруының Үндістан, Оңтүстік Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде әлі де тез таралуы әсер етеді. Екіншіден, геосаяси тәуекелдердің күшеюі және дамушы елдерге қарсы жаңа санкциялардың енгізілуі де жоққа шығарылмайды. Үшіншіден, әлемдегі инфляциялық қысымның күшеюі салдарынан дамыған елдердің монетарлық саясаттарының күрт күшеюі қаржы нарықтарында жоғары құбылмалылыққа алып келуі мүмкін. Бұл факторлар теңгенің әлсіреуіне әкелуі мүмкін", – деп жазылған Ұлттық банк болжамында.

Ал ішкі нарықта жанармай мен  электр энергиясының қымбаттауы инфляция жеделдете түсуі ықтимал.  

"Ортамерзімді перспективада инфляциялық күтулердің тұрақсыздығы әзірден іске асырылуда және сақталуда",–деп түйіндейді Ұлттық банк сарапшылары.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу