Ұлттық банк Ресей инфляциясын импорттаған біз емес деп отыр

2112

Бағасы қымбаттап келе жатқан мұнай мен екіжақты саудада Ресей импортының үлесі  жоғары болуы жағдайында теңгенің рубльге қатысты әлсіреуі реттеушіні титықтата бастады.

Ұлттық банк Ресей инфляциясын импорттаған біз емес деп отыр

Ұлттық банк рубльге қатысты тым төмен теңге саясатын ұстанып отырған жоқ, деп мәлімдеді жұма күні зерттеу және статистика департаментінің директоры Виталий Тутушкин. Оның ойынша, ұлттық валютаның Ресей рубліне қатысты едәуір нығаюына нарыққа қатысушылардың әрекеті кедергі келтіреді.

Теңгенің рубльге қатысты әлсіреу үрдісі 2016 жылдың жазында байқала бастады, ол кезде Қазақстан қор биржасындағы (KASE) рубльдің құны 5,2 теңгеге жетті. 2017 жылдың басына қарай теңге бағамы  Ресей валютасына қатысты 5,5-ке дейін әлсіреді, ал қаңтар айының алғашқы екі аптасының қорытындысы бойынша тіпті 5,6 KZT/RUB көрсеткішіне жетті.

2016 жылы рубльдің орташа айлық бағамы 13,7%-ға, қаңтардағы 4,73 теңгеден желтоқсанда 5,38 теңгеге дейін артты, деп көрсетілген Ұлттық банктің статистикасында. Айта кету керек, осы кезеңде Америка доллары, керісінше, желтоқсанда 6,47%-ға яғни 342,16 теңгеге түсті. 2016 жылы Вrent мұнайы 1,5 есеге, 37,6 доллардан 56,82 долларға қымбаттады деп мәлімдейді Finam.ru.

"Теңге тез әлсіреп, баяу нығаятындай ой туындауы мүмкін. Мұнай бағасы да көтеріліп келе жатқан сияқты, дегенмен теңге нығаяр емес. Ұлттық банк теңгенің нығаюына кедергі болып отыр деген пікір де бар. Алайда соңғы айларда біз валюта нарығында интервенция өткізбей отырмыз. Біздің қатысуымыз мүлде мардымсыз деп айтуға болады. Бұл теңгенің долларға шаққанда 300 теңгеге дейін нығаюына мүмкіндік бермей отырған нарық ойыншыларының әрекеті. Егер 5-ке 1 қатынасындағы Ресей рублінің соңына ілессек, біз басқа жағдайда болуымыз керек", – дейді Василий Тутушкин.

Теңгенің долларға қатысты баяу нығаюы салдарынан теңгенің Ресей рубліне қатысты бағамы тым әлсіз болып, инфляциялық салдардың тууына әкеліп отыр. 2016 жылдың маусымынан бастап Қазақстанға доллар баламасында жеткізілетін Ресей импортының төмендеу жылдамдығы 28,3%-дан (қаңтар-маусым) 18%-ға (қаңтар-қараша) дейін бәсеңдеді деп мәлімдеді статистика комитеті.

Салыстырмалы түрде Қазақстаннан Ресейге экспорттың азаюы 31,6%-дан 26%-ға баяулады. Заттай есептесек, Ресейге жіберілетін экспорт пен одан жеткізілетін импорт салыстыруға келмейді. 11 ай ішінде Ресей импорты 8 млрд долларға, Ресейге Қазақстан экспорты 3,1 млрд долларға жетті.

2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция деңгейі 8,5% болды. Теңгенің рубльге қатысты әлсіреуіне тұтыну бағасының индексі қалай әсер еткенін реттеуші нақтылаған жоқ.  Алайда екіжақты тауар айналымының қазіргі құрылымында рубльдің нығаюы мен теңгенің тұрақтылығы Қазақстанға инфляцияның тікелей импортын әкеледі.

Қазақстанға Ресей импортының үлесі доллармен есептегенде 35%-дан асып түседі, 2016 жылдың қаңтар-қараша айларында 25,5 млрд доллар. Қазақстанның сауда серіктестері ішінде импорт жөнінен Ресей дәстүрлі түрде көш бастап отыр. Елге жеткізілетін негізгі тауарлар ішінде, шикі мұнай, мұнай өнімдері, бензин мен дизель отыны, автокөлік, шина мен доңғалақ тысы, құбыр және сым өнімдері, сондай-ақ қағаздан жасалған өнімдер мен опа-далап бар.

Нарыққа қатысушылардың болжамына төлем теңгерімінің ахуалы әсер етуі мүмкін. 2016 жылдың 9 айының қорытындысында ағымдағы шот өз әлсіздігін жалғастырды. Шикізат, дәлірек айтсақ, мұнай бағасының төмендеуі тауар теңгерімінің пайдасын үш есеге (7 млрд долларға дейін) қысқартты. Қызмет көрсету теңгерімі 7%-ға жақсарды, алайда тапшы болып қала берді (3,4 млрд долларға дейін). Бастапқы және қайталама табыс тапшылығы тиісінше 8,4 млрд және 350 млн доллар болды.

Ағымдағы операциялардың жиынтық есебінің жылдық деңгейі 22%-ға, яғни, 5,2 млрд долларға азайды. Halyk Finance сарапшыларының бағамы бойынша 2016 жылдың қорытындысында ағымдағы есеп тапшылығы Қазақстан ЖІӨ-ден -4,1% болды.

"Біздің болжамымыз бойынша төлем теңгерімі баяулау қалыпқа түсе бастайды, оған негізгі себеп мұнай бағасының біртіндеп орнына келе бастауы, ал импорттық инвестициялық тауарларды пайдалану қажеттілігіне байланысты импортты қысқарту мәселесінің шешілуі екіталай. Халық табысының төмендеуіне байланысты тұтыну саласында қысқарту әлі жалғаса бермек", – дейді инвестбанк өкілдері.

Теңгенің нығаюына кедергі келтіріп отырған тағы бір қарсылас – тікелей өз табысына мүдделі экспорттаушылар мен үкімет. Көршілес Ресейде тым жоғары бағаланған рубль туралы пікірталастың тууы бұған дәлел. Сөзге тиек етсек, биылғы ақпаннан бастап РФ Қаржы министрлігі жоспардан бюджетте көрсетілген деңгейден асып түскен мұнайгаз табыстарын айырбастау жөніндегі уақытша бюджет тәртібін енгізуді жоспарлап отыр. Мекеменің есебіне жүгінсек, бұл саясатты іске асыру ресей валютасын 10%-ға, бір долларға 64,8 рубльге дейін құнсыздандыруға әкеледі деп жазады бүгін ресейлік "КоммерсантЪ".

Қазақстанның 2017 жылға арналған бюджеті Brent мұнайының барреліне 40 доллар және долларға 360 теңге айырбас бағамы көрсеткішімен жиналған.

Арман Джакуб

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу