Ұлттық банк резервтерді алыпсатарлар үшін жұмсады – Аманжан Жамалов

2014

"Оның көлемін Денсаулық сақтау немесе Білім және ғылым министрліктерінің шығындарымен салыстыруға болады"

Ұлттық банк резервтерді алыпсатарлар үшін жұмсады – Аманжан Жамалов

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов "Ұлттық банк" жүргізген интервенциялар мен жұмсалған резервтер алыпсатарлар сұранысын қанағаттандыруға жасалды" деп есептейді. 

"Қарапайым тілмен айтқанда ақшасы барлар долларды "Ұлттық банк есебінен "жақсы бағаммен" сатып алды. Әрі бұл ақша шетелге шығарылған сияқты", – деп күмәнданады ол.

Оның айтуынша, теңгенің бағамын ұстап қалу үшін 2022 жылғы 12-13 қаңтарда Ұлттық банктің валюталық интервенцияларының көлемі 240 млн доллар болды. Бұл – жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 50%-ы. Ұлттық банк валюталық интервенцияларды 2021 жылғы қараша мен желтоқсанда да жүргізді – сальдо 500 млн долларға жуық. 2022 жылғы қаңтардағы валюталық интервенциялар туралы деректер әлі күнге дейін жарияланған жоқ. Алайда бұл цифрлардың өзі де "ауқымды", "адамды таңғалдырады". 

"Оның көлемін Денсаулық сақтау немесе Білім және ғылым министрліктерінің шығындарымен салыстыруға болады", – деді депутат "Ұлттық банк" төрағасы Пірматов пен қаржылық мониторинг агенттігі төрағасы Элимановқа сауал жолдап.

Депутат неліктен алыпсатарлардың сұранысын қанағаттандыруға резервтер жұмсалғанын түсінбейтінін айтады.

"Бұл не деген монетарлық саясат өзі?", – дейді ол.

"Елімізге резервтер елдің қажеттілігі үшін жеткілікті импорт көлемін қамтамасыз ету және сыртқы қарыздар бойынша төлемдерге кепілдік беру үшін қажет, осының өзі валюталық бағамды тұрақтандыратын мықты фактор болып табылады. Бұл ретте әрбір баспасөз-релизінде және көпшілік алдында сөйлейтін сөздерінде біз Ұлттық банктің еркін құбылмалы бағам мен тұрақтылықты ұстанатыны туралы мантраны естіп келеміз. Өкінішке қарай, теңге бағамының тұрақтылығы оның тұрақты құлдырауын білдіреді. Сөзі мен ісі арасында қайшылық туындайды. Еркін нарықтық бағамды декларациялай отырып, Ұлттық банк белсенді түрде әрі кімнің пайдасына екені белгісіз интервенциялар жүргізеді. Ұлттық Банктің орындауындағы еркін құбылмалы бағам елес сияқты – бәрі ол жөнінде айтады. Бірақ оны ешкім өз көзімен көрмеген.

Тіпті нарыққа кәсіби қатысушылар да теңгенің бағамы неге байланысты екенін түсінбейді. Мұнай бағасы өседі немесе төмендейді, бағам өзгермейді немесе мүлдем басқа жаққа қозғалады. Ұлттық банк валюта нарығына араласады, бірақ өзі бағамның қандай нысаналы мәндерін қолдайтынын түсіндірмейді. Екінші жағынан, еркін құбылмалы бағам туралы мәлімдейді. Бағамның алдын ала болжап білуге болмайтыны оған деген сенімсіздіктің басты себебіне айналды. Сондықтан адамдар үнемі девальвацияны күтумен өмір сүреді. Мемлекет басшысы бағамның күрт алыпсатарлық ауытқуларын болғызбау үшін теңгеге деген сенімді қалпына келтіру қажеттігі туралы айтқан болатын. Бірақ бұл ашық әрі адал жасалуға тиіс", – дейді Жамалов.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу