Кейде "Қазақстан темір жолын" қолдауға, белгілі бір инфрақұрылымдық жобаны атқаруға, акциялар сатып алуға бағытталуда. Әрине, барлығын тиімсіз деп қаралай алмаймыз, әйтсе де қордың қаражаты оңды-солды жұмсалуы – жинақ иесі саналатын қоғамның сенімін шайқалтуда.
Құрылысқа да, компанияларға да, акция сатып алуға да берілуде
Алдымен қор қаржысындағы жағдайды шолып өтейік. 2024 жылдың 1 қазанындағы дерек бойынша, зейнетақы қорындағы ақша мөлшері 20,4 трлн теңгені құраған екен. 2023 жылмен салыстырғанда 22,2 пайыз өсім көрсеткен. Ал биыл 22 трлн теңгеге ұлғайды. Жұртшылықты алуға болатын жеткілікті шегі адам сенгісіз деңгейге көтеріліп, ақыры қолжетімсіз болып қалған осы қаржы қазір түрлі салалардың қызығушылығын тудырып, қол салдыруға мәжбүр болуда.
Жыл бастала сала Үкімет зейнетақы қорын жылу-электр орталықтарын салуға, жаңартуға жұмсайтынын мәлімдеді. Шынын айтқанда, ұлттық жобаларға құйылады. Елдегі электр желілерінің 70 пайызы, жылу құбырларының 50 пайызы тозған. Онсыз да бюджет тапшылығын сезіп жатқанда шенділер мәселені қор қаражаты арқылы реттеуге ниеттенді. Әзірге қанша қаржы алынатыны белгісіз. Әйтеуір 2024-2025 жылдарға 2 трлн теңгеге дейін алу шегі қойылған. Жақында жобаларды атқарушы саналатын "Самұрық-Қазынаға" қордан 1,5 трлн теңге беру де ұсынылды.
Бұған дейін "Бәйтеректің" облигацияларын инвестициялауға, көлік саласындағы жобаларды іске асыруға 173 млрд теңге, агроөнеркәсіп кешенінің жобаларына 213 млрд теңге бөлініп қойған.
Осылайша, облигацияларды сатып алу көзінің бірі БЖЗҚ болуы мүмкін. Тіпті, банктердің инвестициялық жобаларын іске асыру үшін де облигациялар сатып алынады.
Бұған 2024-2025 жылы 500 млрд теңге көзделіпті. Яғни, қор қаржысы кезбеген сала қалмайды. Әсерінен кейде халық зейнетақы жинақтарында инвестициялық табыстың азайып жатқанына да шағымдануда. Парламент Сенатында депутаттар салымшылардың мүддесі қорғалмай жатқанын жыл басында ашық айтқан болатын.
Әлеуметтік кодексте жазылғандай, Ұлттық банк зейнетақы қорындағы қаржының сенімді басқарушысы саналады. Соның әсерінен олар ақшаны қалағанынша жұмсап жатыр деуге болады. Тіпті, жыл басында қор есебінен Apple, Microsoft, Tesla акциялары да сатып алынғаны мәлімделді. Ұлттық банк мамандарының бір ойлағаны бар шығар, дегенмен қардының түрлі бағыттарға жұмсала беруі келешекте тапшылық тудырмасына ешкім кепілдік бермейді.
Қор қаржысын жұмсау – қауіп-қатерге толы іс
Мәселенің анық-қанығын ажырату мақсатында біз сарапшылармен де сөйлескен едік.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, тақырып екіұшты ой туғызады. Яғни, қоры ақшасының жұмсалуын дұрыс не бұрыс деп нақты топшылай алмаймыз.
– Зейнетақы қорындағы қаржыны инфрақұрылымды дамыту секілді жобаларға көптеп жұмсау тәжірибесін жаппай енгізе беретін болса, мемлекет үлкен тәуекелмен бетпе-бет келеді. Себебі ол қаржының бәрі – халықтың болашаққа бағыттаған сенім құралы. Мәселен, бір жылу электр орталығының құрылысына қаражатты салды делік, бірақ келешекте ол қаржының қайтарымы бола ма, болмай ма – белгісіз жайт. Әрине, ақша қорда текке жатпағаны дұрыс. Бірақ үстемақы алып келіп, көбеюге септесетін салаларға жұмсалғанын құптаймын, – дейді маман.
Экономист сөзінше, қор қаражатын инфрақұрылымға жұмсаудың тиімді және тиімсіз жақтары бар. Бірінші тиімді тұсы, инфрақұрылымды реттеуге тырысу арқылы экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, энергетикалық қауіпсіздікті арттырып, азаматтардың жайлы өмір сүруіне мүмкіндік береді. Екінші тиімді тұсы, құрылыс жүріп жатқан уақытта жаңа жұмыс орындары ашылатыны белгілі.
Қысқамерзімде болса да халықтың бір бөлігін жұмыспен қамту арқылы экономиканы ынталандыра аламыз. Үшінші тиімді тұсы, қаржы ұзақмерзімде даму жобаларына бағытталса, мемлекеттің де, жеке сектордың да ілгері басуына әсерін тигізеді екен.
– Қауіпті жағына келсек, зейнетақы жинағының ең басты мақсаты – халықты зейнетақымен қамту. Егер оны инфрақұрылымды дамыту секілді жобаларға үздіксіз жұмсай берсек, қордағы қаржының тапшылығына әкеледі. Бұның әсерінен төлемдер кешіктіріліп, мөлшері төмендеуі мүмкін. Яғни, зейнеткерлерге қаржылық қауіп тудырады. Ақша қысқамерзімді экономикалық жобаларға бағытталып жатқанын ескерген жөн. Жобалардың барлығы ұзақмерзімде тиімді болады дегенге сену қиын, – деп қосты Бауыржан Ысқақов.
Сарапшының ойынша, тағы бір маңызды жағы – азаматтардың сенімін жоғалту. Егер ақшаны үздіксіз жобаларға бағыттай берсек, қоғам "біздің ақшамыз жұмсалып жатыр, жинақтың қажеті жоқ" деген пікірлер қалыптастыруы мүмкін.
Соның әсерінен азаматтар көлеңкелі экономикаға қарай жылжуы ғажап емес. Сондықтан зейнетақы қорындағы қаржыны жұмсау мұқият ойластырылуға тиіс. Салынғалы жатқан инфрақұрылымның болашақтағы перспективалы дамуы бағамдануы керек. Олай болмаған жағдайда қаражатты жұмсау – тәуекелге толы іс.