Ұлттық банк "үрейлі болжамын" жариялады

11769

Бұл қорқынышты сценарий қандай жағдайда шындыққа айналуы мүмкін екені ашық айтылды. 

Ұлттық банк "үрейлі болжамын" жариялады Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Осының алдында Мәжілістің бір топ депутаты Ұлттық банкке кредиттерді жаппай арзандату үшін базалық ставканы қайта қарап, 10-12%-ға дейін түсіруді сұраған болатын.

Олардың дәйектеуінше, бұл сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен молайту, сол арқылы экономиканы инфляциядан қорғау үшін қажет.

Қазіргі кезде Қазақстанда базалық ставка 15,25%-ды құрайды. Сарапшылар мұның әлемдегі ең жоғарғы ставкалардың бірі екенін айтып жүр.

TradingEconomics есебінше, осы ставкасының "қымбаттығы" жөнінен бүкіл Азияда Қазақстан санкция астындағы Иран мен Ливаннан кейінгі үшінші орында тұр (ставкасы 45% болатын Түркия Еуропаға жатқызылған).

"Қазіргі 15%-дан асатын базалық ставка аясында несиелендіру сыйақысының тиімді мөлшерлемесі орта есеппен 21-23%-ға барады. Мұндай қымбат кредит тек бөтен елдердің жасаған арзан тауарларын елге импорттаса және алыпсатарлықпен айналысса ғана өзін ақтайды. Мұндай ставкамен негізгі капиталға инвестиция салып, құрал-жабдықты жаңғырту, өндірістік бизнес-процесті өркендету тек шығынға батырады", – дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов депутаттардың жетегінде кете алмайтынын жеткізді. Оның дәйектеуінше, егер мәжілісмендердің сұрап отырғанын берсе, елде терең дағдарыс басталуы мүмкін.

Бас банкирдің түсіндіруінше, елде инфляция аспандап тұрған кезде, базалық ставканы түсіруге болмайды, ол тек проблема әкеледі. Ресми дерекке сәйкес, 2024 жылы инфляция 8,6% болды. 2025 жылдың қаңтарында ол 8,9%-ке дейін жылдамдады.

"Алайда халық елдегі инфляция "бұдан да жоғары" деп бағалайды: 2024 жылғы желтоқсандағы сауалнамада азаматтар, сарапшылар бағаның 13,2%-ға өскенін сезініпті. Сонымен қатар, олардың күтуі бойынша 2025 жылы инфляция ең кемі 14,6%-ға жетеді. Инфляциялық күтулер – экономикаға тікелей әсер ететін маңызды фактор. Егер халық пен бизнес болашақта бағаның одан әрі өсетініне сенімді болса, онда олар тауарлар мен қызметтер бағасын көтереді. Бұл "инфляция шиыршығының" қалыптасуына, яғни, инфляцияның өзінен-өзі үдеуіне алып келеді", – деді Тимур Мұратұлы.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда егер ҚРҰБ базалық мөлшерлемені төмендетсе, онда оның ауыр салдарлары болатын көрінеді. Тимур Сүлейменов қазіргі кезде банктерде 41,3 трлн теңге депозит жатқанын еске салды. Оның 32 трлн теңгесі – ұлттық валютадағы салымдар.

"Егер базалық ставка инфляция деңгейінен және халықтың, кәсіпорындар мен қаржы ұйымдарының күтулерінен көп төмен болса, онда депозит ставкалардың да төмен болуына байланысты теңгелік салымдар өз тартымдылығын жоғалтады. Халық пен бизнес банк жүйесінен салымдарын жаппай алып кетеді. Бұған қоса, қымбатшылыққа дайындалған адамдар ұзақ мерзімді тұтыну тауарларын көптен сатып ала бастайды. Қаражаттар валюталық активтерге аударылады. Қолма-қол ақша массасы өседі. Валюта бағамы артады", – деді Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ, бұл теріс сценарий жүзеге асса, жылжымайтын мүлік нарығына ақша ағыны күрт артып, ол баспана бағасының өсуіне соқтырады.

Ұлттық банк төрағасының байламынша, бұл баспананың қолжетімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттің барлық әрекетін жоққа шығарады, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын құнсыздандырады.

"Өз кезегінде тұтынушылық сұраныстың артуынан импорт еселеп өседі, ол валюта нарығына қосымша қысым жасайды. Өйткені Қазақстан тұрмыстық техника, ұялы телефон және басқа да көптеген кең тұтынылатын тауарларды өзінде шығармайды, шетелден тасиды. Айырбас бағамының әлсіреуі, шетел валютасындағы депозиттердің көбеюі ұзақ мерзімді дедолларизация үрдісін бұзып, валюталық дағдарысқа әкеледі! Онда депозиттердің долларлануының тарихи максимумы жаңартылуы мүмкін. Мысалы, 2016 жылғы қаңтарда доллардағы депозиттер үлесі 70%-ға жеткен еді", – деді Тимур Сүлейменов.

Ол үрейлі сценарийінің егжей-тегжейін айтуды жалғастырды. Теңгенің қатты әлсіреуі және инфляцияның шарықтауы халықтың әл-ауқатына ауыр соққы жасайды. Ең алдымен, жинақтары жоқ, жалақысын жалақыға әзер жалғап отырған осал топтар зардап шегеді.

Бизнес үшін де бұл үлкен қиындықтар туғызады екен: жоғары инфляция болашаққа жоспарлауды ғана емес, ағымдағы шығындарды есептеуді күрделендіріп, инвестициялар мен сатып алуларды алдын ала жобалауды қиындатады.

Мұндай күйзеліс аясында Ұлттық банк базалық ставканы әрі қарай көтеруге мәжбүр болмақ. Өйткені банктер үшін қаржыландыру мен кредиттеу көзі болатын теңгедегі депозиттер азайса, бұл базалық ставканың төмендеуіне емес, керісінше, өсуіне алып келеді.

"Салдарынан, ставканы төмендеткенде оң әсердің орнына кері нәтиже аламыз. Қазіргі инфляция деңгейі (8,9%) мен жоғары инфляция күтулерін (14,6%) ескерсек, депутаттар айтқандай 10-12%-дық базалық ставка несиелердің арзандауына әкелмейді. Бұл ең алдымен банктердің инфляция бойынша күту деңгейінен төмен ставкамен кредит бермейтінімен байланысты. Жоғарыда аталғандардың бәрі тіпті базалық ставка төмендегеннің өзінде кредитке шешуші әсер етіп, арзандауына кедергі келтіреді", – деді бас банкир Тимур Сүлейменов.

Ол депутаттардың "қаржылық сауатын ашатын" шағын түсініктеме бере кетті. Ұлттық банк белгілейтін базалық ставка "банктік өнімдердің құнын айқындайтын жалғыз фактор емес".

Кредиттердің құнына келесілер ықпал етеді: күтілетін инфляция, банктердің қаржысының құны (депозит сыйақысы қандай болса, кредит сыйақысы одан жоғары болады), несие тәуекелдері, сондай-ақ операциялық шығындар.

"Нәтижесінде, егер банктер, қаржы ұйымдары экономикаға несие беруін шектесе бұл мемлекеттің экономикаға қазіргіден де белсенді әрі тұрақты араласуын талап етеді және бюджеттік шығыстардың айтарлықтай ұлғаюына соқтырады. Бизнесті несиелеу үрдістеріне тоқталсақ, корпоративтік кредиттердің айтарлықтай өсуі байқалады. 2024 жылғы қарашада корпоративтік секторды несиелеу 20,6%-ға ұлғайып, 18,8 трлн теңгені құрады", – деді Ұлттық банк басшысы.

Бас банкир депутаттарды "базалық ставканың төмендеуі инвестициялардың автоматты түрде артуына әкелмейтінін ұғынуға" шақырды. Себебі, бизнес қандай да бір елге инвестиция салғанда елде қарыз қаражатының арзандығын емес, бірінші кезекте ол мемлекеттің нарығының ауқымын, макроэкономикалық жағдайының тұрақтылығын, сондай-ақ тұтынушыларының төлем қабілеттілігі мен сұранысын басшылыққа алады.

Тимур Сүлейменовтің байламынша, Қазақстанда негізгі капиталға инвестицияларды қаржыландырудың негізгі көзі – шетелдік инвесторлар емес, "әрқашанда кәсіпорындардың жеке қаражаты болған және болып қалады". Соңғы 10 жылда, яғни, 2014-2023 жылдары олардың үлесі жалпы инвестиция көлемінің 60-70%-ын құрады. Ал, банктік несиелердің үлесі осы кезеңде орта есеппен небәрі 3-7% деңгейінде сақталуда.

ҚРҰБ төрағасы 2018-2021 жылдары Қазақстанда базалық ставка орта есеппен 9,3% деңгейінде болғанына назар аудартты. "Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" сол заманның өзінде инвестициядағы банктік несиелердің үлесі 3,7% болыпты.

Содан соң, пандемиядан кейінгі 2022-2024 жылдары базалық мөлшерлеме орта есеппен 15%-ға жетті. Банктік несиелердің үлесі бәрібір айтарлықтай өзгерген жоқ және 3,6% деңгейінде қалды.

Бұл, Ұлттық банк басшысының пікірінше, кредиттердің қолжетімділігі негізгі капиталға инвестициялауда басым рөл атқармайтынын көрсетеді.

Тимур Сүлейменов өзін-өзі қаржыландыру үшін бизнесте ақша жеткілікті деп санайды. 2023 жылы ірі және орта кәсіпорындардың таза пайдасы 14,8 триллион теңгені, ал, 2024 жылдың 9 айында – 11,1 триллион теңгені құрапты. Бұл "олардың инвестиция үшін жеткілікті қаржы ресурстарына ие екенін растайды".

"Мысалы, 2021 жылы Түркия экономикалық өсуді ынталандыру мақсатында негізгі мөлшерлемені (бізше – базалық ставканы) төмендету жолын таңдады. Бұл шешімнің салдарынан инфляция 2020 жылғы 14,6%-дан 2022 жылғы қазанда 85,5%-ға дейін шығандады. Тауарлардың бағасы рекордтық деңгейге көтерілді. 2022-2024 жылдары түрік лирасының құнсыздануы 165,7%-ға жетті. Халық қаржы жүйесіне деген сенімін жоғалтты. 2023 жылы Түркияның Орталық банкі бұл саясатын өзгертуге мәжбүр болып, негізгі ставканы 2023 жылғы ақпандағы 8,5%-дан 2024 жылғы наурызда 50%-ға дейін күрт көтерді", – деді қазақстандық Ұлттық банк төрағасы.

Оның айтуынша, халық пен бизнестің жоғары инфляциялық күтулері, жұмыссыздықтың ұлғаюы және өндірістің қысқаруы түрінде көрініс табуда.

"Соның кесірінен, Түркия экономикасы әлі де елеулі инфляциялық қауіп-қатерге тап болуда. 2025 жылғы қаңтардағы инфляция 42%-ды құрады. Бұл Түркияда қатаң ақша-кредит саясатын әрі қарай ұзақ уақыт бойы жалғастыру қажеттігін айқындайды. Қазақстанның Ұлттық банкі Түркиядағыдай қателіктерге жол берген жоқ. Қабылданған қатаң, бірақ уақтылы шаралар инфляцияны 2023 жылғы ақпандағы 21,3%-дан 2024 жылғы желтоқсанда 8,6%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Осы бірізді ақша-кредит саясаты арқасында жағдай бақылауда ұсталды", – деді Тимур Сүлейменов.

Ол базалық ставканы төмендетуге негіз жоқтығын білдірді. Қазіргі уақытта кең ауқымды фискалдық ынталандыру жалғасты (Ұлттық қордан 6,3 триллион теңгеден астам қаражат бөлініп жатыр). Ақша массасы айтарлықтай ұлғаюда. Тарифтік реформа жалғасты және "басқа да проинфляциялық факторлар" күшейді. Осы жағдайда инфляцияны қазіргі деңгейде ұстап тұру үшін базалық ставка шешуші рөл атқарады.

Тимур Сүлейменов қазіргі күрделі факторлардың жиынтығы, соның ішінде сыртқы саяси, экономикалық белгісіздік те Қазақстанда "ұстамды түрде қатаң" ақша-кредит шарттарын одан әрі сақтауды талап ететінін нықтады. Ал, депутаттар ұсынғандай, базалық ставканы төмендету оның айтуынша, баға қысымына ұласады, инфляциялық процестерді жеделдетеді, долларлануды күшейтеді және халық жинақтарының құнсыздануына әкеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу