Ұлттық банк валюталық ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету бағдарламасын қабылдады

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
3316

Реттеуші 21 мыңнан астам қарыз алушының қарызын жабуға оңтайлы жағдай жасауға тырысуда.

Ұлттық банк валюталық ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету бағдарламасын қабылдады

Ұлттық банк басқармасы бүгін 2015 жылдың сәуірінде қабылданған ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер мен толықтыруларды бекітті деп хабарлады реттеуші. Бағдарламаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар екі блоктан тұрады. Бірінші блок мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан халқына жолдауындағы Ұлттық банкке берген тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Мемлекет басшысы Ұлттық банкке халыққа 2016 жылғы 1 қаңтарына дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздар бойынша мәселені түпкілікті шешуді тапсырған болатын.

"Қазақстанда осы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде жеке тұлғалардың баспанамен және өзге жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген барлық валюталық ипотекалық қарыздары теңгеге ауыстырылатын болады", – деп атап өтті қаржы реттеушісінің басшысы.

Данияр Ақышев 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап кірістері шетел валютасында емес жеке тұлғаларға шетел валютасында жаңа ипотекалық қарыздар беруге заңнамалық тұрғыдан тыйым енгізілгенін еске салды. Енді Ұлттық банк басшысы жаңартылған бағдарламаның негізгі талабын айтып өтті.

"Бағдарлама жеке тұлғалардың 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін алған валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша теңгемен қайта қаржыландыруды көздейді. Бағдарламаға енгізілген толықтырулар 21 мыңнан аса қарыз алушының қарыздарын өтеуге оңтайлы жағдайлар жасайды", – деді Ұлттық банк басшысы.

Данияр Ақышев валюталық ипотекалық қарыз алушылар бағдарлама шеңберінде қарызды қайта қаржыландыру туралы өтінішпен өзіне кредит берген банкке тез арада жүгіну қажеттілігін атып кетті.

"Бағдарламаға енгізілген өзгерістердің екінші блогы 2004-2009 жылдары қарыз алған ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл бағдарлама барысында 23 мыңнан астам қарыз алушыға көмек көрсетілді. Олар өздерінің жалғыз баспаналарын сақтап, ипотекалық қарыздары бойынша төлемдерін жеңілдете алды. Ақшаны игерудің револьверлік тетігін ескерсек, қайта қаржыландырылған қарыздар саны 2026 жылға дейін шамамен 40 мың болады деп болжанып отыр", – деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.

Тап қазіргі уақытта Ұлттық банк ипотекалық қарыз алушыларға, оның ішінде халықтың тұрмысы нашар тобына жататын қарыз алушыларға көмек көрсетудің үшінші кезеңіне кіріскен.

"Біз халықтың тұрмысы нашар тобына жататын қарыз алушылардың мемлекеттік қолдауға аса мұқтаж екенін көріп отырмыз. Олардың көпшілігінің жалғыз табыс көзі – мемлекеттік төлемдер мен жәрдемақылар. Олар кредиттерін төлеу үшін алған ақшасын банктерге беруге мәжбүр. Қазір Ұлттық банк маңызды заңнамалық бастама жасады. Онда қарыз алушының ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелерін орындамауына байланысты бағдарлама шеңберінде өндіріп алу барысында банктердің меншігіне өткен тұрғын үйді жалға тапсыру құқығы қарастырылған. Осы түзету қарыз алушыға бұрын тиесілі өзіне болған тұрғын үйді меншігіне қайтарып алуына мүмкіндік береді", - деді қаржы реттеушісінің басшысы.

Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Батищева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу