Үкімет мемлекеттік бюджетте азғантай тапшылық сезілсе Ұлттық қордан қаржы алу үрдісін тіпті әдетке айналдырып алғаны белгілі. Осыдан 10 жыл бұрынғы қордағы қаржы қазіргі көрсеткіштен 15 млрд долларға көп болатын. Қазір ел билігінде бюджет шығындарын азайту мәселесі тектен-тек айтылып жатқан жоқ. Бұл қарқын жалғаса берсе алдағы 40 жылда қордың түбі көрінуі мүмкін. Себебі шикізат экспортына сенген экономиканың әлеуеті айтарлықтай емес. Сала мамандары не ойлайды, қандай болжам жасасақ болады?
Еуразиялық одақ құлдырауға жол ашты
2010 жылдары Ұлттық қордан енді қаржы алмайтынын мәлім еткен үкімет одан бері жыл сайын трлн теңгелеп қол салып келеді. Былтыр мұнай пайдасынан қорға 4,56 трлн теңге түсіп еді, 4,1 трлн теңгесін бюджет сімірді. Сонда түсім бар болғаны плюс 460 млрд теңгені құрайды. Бұл аз ба, 2018 жылғы 600 млрд теңге плюсті айтпағанда, 2015-2021 жылдарда Ұлттық қор тек минусқа кетумен (әр жылдары 800 млрд-3,3 трлн теңге арасы) болды. Міне, 2014 жылы 75 млрд доллар ақша жатқан қор азая келе қазір 60 млрд доллар шамасында тұр. Кезінде премьер-министр болған Серік Ахметов қана бюджетке көп қаржы алмай, 2013-2014 жылы екі жыл қатарынан Ұлттық қорды трлн теңгелеп плюске шығарды. Бірақ ол үкіметбасын да асыра мақтауға болмайтын секілді. Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтың айтуынша, Ұлттық қордың азаюына ықпал еткен факторлар 2014-2015 жылдары басталған.
– 2014 жылы Ұлттық қордағы қаржының көлемі 75 млрд долларға жеткені рас. Одан кейін қаржы көлемі азая берді. Бұған ішкі және сыртқы бірнеше фактор себеп болды. Сыртқы факторды айтар болсақ, біз 2014-2015 жылдардан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа кірдік. Осы одаққа кірмей тұрған уақытта Қазақстандағы тауардың бағалары көрші Ресеймен салыстырғанда 30-50 пайызға арзан болып тұрды. Одаққа кіре сала біздің нарыққа ресейлік тауарлар жаппай енді. Жұмыс күші ағылды, бизнесі кірді, капиталы араласты. Осылайша біздегі өмір сүру қымбаттай бастады, ал Ресей сол қалпында қалды. Аталған үдеріске ілескен соң Қазақстанның әлеуметтік саласы қиын жағдайға түсті. Ақыры бюджет шығындарының өсуіне әкеліп соқтырды, – дейді сарапшы.
Әрине, одан бөлек экономикалық өсім жағын қамтамасыз етуге болар еді. Алайда қарқын ойдағыдай болмады. Әсіресе, 2015-2021 жыл арасындағы көрсеткіштер нашар. Демек, Ұлттық қор да өспеді деген сөз. Мемлекет шығындары көбейіп, кіріс жабылмағаннан кейін Ұлттық қорды пайдалану процесі артып кетті.
Қаңтар оқиғасынан кейін билік халықтың алдында әлеуметтік міндеттерін ұлғайтуға мәжбүр болғаны бәріне анық жайт. Мысалы, мұғалімдер мен медицина саласы мамандарының жалақысы екі есеге өсірілді. Осы факторлардың бәрі айналып келгенде Ұлттық қордағы қаржының азая беруіне әкелді.
Әлеуметтік сала дегеннен шығады, оның да қазір берісі бюджетке, әрісі қорға салмақ салып тұрғаны жасырын емес. Жыл сайынғы мемлекеттік бюджеттің 40 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады. Сайып келгенде, бұл халықтың әл-ауқаты оңып тұрмағанын, бюджет қызметкерлері билікке телміретінін көрсетеді.
Бір жағынан үкіметтің Ұлттық қорға қол сала беруі мұнай бағасына байланысты. Өйткені еліміз негізгі табысты шикізат экспортынан ғана табады. Егер мұнай бағасы осыдан он жыл бұрынғыдай баррельіне 110-120 доллар болса, Ұлттық қордан қаражат алу түбегейлі тыйылар еді.
Заңнамалық тұрғыдан келгенде Ұлттық қорды пайдаланудың екі тетігі бар. Біріншісі, болашақ ұрпақтың мүддесі. Көрінісі ретінде кейінгі екі жылда ғана іске аса бастаған "Ұлттық қор – балаларға" жобасын айтамыз.
Екіншісі, тұрақтандыру тетігі. Негізі тұрақтандыруды экономикалық дағдарыс кезінде пайдаланған жөн. Бірақ Қазақстан үкіметі дағдарыс болмаса да қорға қол салып үйренгені шындық.
Салық жеңілдіктерінің салдары
Бір қызығы, мемлекеттік бюджеттің толықпай, Ұлттық қордың азая беруіне мемлекеттің кейбір негізсіз жеңілдіктері әсер еткенге ұқсайды. Экономист Қайырбек Арыстанбеков мұны нақты сандармен дәлелдеп көрсетуге болатынын айтады.
– Егер Ұлттық қордан қаржы алмаймыз десек, екі жолы бар. Салық кодексінде 280-нен астам жеңілдіктер мен босатулар тізімі тұр екен. Соның 70 пайызын алып тастайтын болса, бюджетке түсетін ақша 3 трлн теңгеден асуы мүмкін. Бұл – бір. Қазақстанның жалпы ішкі өнімінде көлеңкелі экономиканың үлесі 18 пайызды құрайды. Үкімет сонымен тиімді күрессе, бюджетке қосымша 4 трлн теңге түсіруге болады. Бұл – екінші жол, – дейді ол.
Экономикалық саясат институты директорының сөзінше, қалай алғанда да Ұлттық қордың ұлғаюына сенім мен үміт бар. Бірақ барлығы да жоғарыда айтылған тұжырымдарға байланысты. Алдымен "үкімет Салық кодексіне қалай реформа жасай алады, жеңілдіктерді алып тастай ала ма, әлде жоқ па, көлеңкелі экономикаға тоқтау сала ала?" деген сауалдар жол тосады. Негізі ең қарапайым жолы – мемлекеттік бюджеттің шығындарын мейлінше қысқарту.
Үкімет осы айтылғандарға дер кезінде зер салғаны абзал. Әйтпесе, Ұлттық қордың "келешек ұрпақтың қамы үшін" деген тетігі бос сөз болып қалғаны. Әзірге Ұлттық қоры 1,6 трлн долларға жеткен Норвегия секілді елдерге қызыға қарауға тура келеді.