Ұлттық қор келешегіне күмән көбейді

232

Әуелде келешек ұрпақтың қамы үшін делінген Ұлттық қордың келешегіне келгенде сауал жетерлік. 

Ұлттық қор келешегіне күмән көбейді Фото: canva.com

Үкімет қордан толассыз қаржы алып жатқаны жөнінде ақпарат құралдарында аз жазылып жатқан жоқ. Ал "Ұлттық қор – балаларға" жобасы қалай іске асып жатыр? Жаһан тәжірибесіне жүгіне отырып, осы мәселелерді қазбалап көргенді жөн санадық.

Табиғи ресурстарға негізделген жинақ

Ғасыр басында, сонау 2000 жылы Қазақстан Президентінің жарлығымен Ұлттық қор құрылғаны есте. Міне, содан бері ширек ғасыр уақыт өтті. Алғашында қаржы капиталдарды ескергенде 660 млн долларды құрады. Содан кейін сатудан түскен барлық қаражат тікелей Ұлттық қорға аударылатын болды. Ұлттық қор кірістерінің елеулі бөлігі табиғи ресурстардың экспортынан түсетінін білеміз. Әсіресе, ел экономикасы әбден сенім артып алған – мұнайдан.

Негізі қорларды жинақтаушы елдердің көбі табиғи ресурстар есебінен толтырып отырады. Қазақстан да осы тәжірибені алған. Мысалы, Кувейтте бір емес, екі қор бар – 1960 жылы құрылған Бюджеттік резервтік қор және 1976 жылы ашылған Болашақ ұрпақтың резервтік қоры. Байқасаңыз, бірі бюджеттегі тұрақтылықты сақтауға, екіншісі болашақ ұрпақ үшін еш қол сұғылмастан сақталады. Болашақ ұрпақ қорына мемлекеттік кірістердің 10 пайызы аударылады.

Ал көпшілік қара алтын державасы санайтын Біріккен Араб Әмірліктерінде инвестициялық басқару бойынша қызық кейс бар. Мұнда Абу-Даби әмірлігіне тиесілі ұлттық әл-ауқат қоры 1970 жылдардың басында мұнай бағасының өсуіне жауап ретінде 1976 жылы тәуелсіз инвестициялық мекеме ретінде құрылған. Бұл қордың 49 еншілес компаниясы бар, барлық халықаралық нарықтарда акцияларға, облигацияларға, инфрақұрылымға, жылжымайтын мүлікке инвестиция жасайды.

Келер жылдан бастап басшысы ауысатын Америкада 1976 жылы Аляска қоры ашылған. Ол – мемлекеттің жаңартылмайтын мұнай және минералдық байлықтарын сақтауға, Аляска тұрғындарының барлық ұрпақтарына арналған тәуелсіз әл-ауқат қоры. Ол екі бөліктен тұрады: негізгі шот және кірістердің резервтік шоты. Заң бойынша негізгі сома тұрақты жинақ ақша ретінде жүреді, яғни, ешкім қол сұға алмайды, ал кірістердің резервтік шотының қаражатын пайдалануға болады.

Ұлттық қорлар турасында әңгіме болғанда ең алдымен кәрі құрлықтағы Норвегияның 1990 жылы құрылған Мұнай қоры еске түседі. Бір қызығы, онда да біздегі секілді мемлекеттік тұрақтандыру тетігі бар, сондай-ақ болашақ ұрпаққа арналған қор рөлін де атқарады. Толтыру тәртібін үкімет айқындайды және жыл сайын парламент бекітеді. Қорға мемлекеттік бюджеттегі мұнай кірісінің 50 пайызға жуығы жұмсалады. Алайда олардың қоры біздегідей азайып емес, жыл сайын көбейіп жатыр. Қазір Норвегия қоры әлемдегі ең ірі инвестициялық қорлардың бірі. 2024 жылы Норвегия қоры әлемнің 71 еліндегі 8 763 компанияның үлесіне ие болды, оның активтерінің құны 1,8 трлн доллардан асады.

100 млрд доллар арман күйінде қалуда

Былтыр сәуірде Ұлттық банк Ұлттық қордың активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын жариялады. Онда 2030 жылға қарай Ұлттық қор активтерінің көлемін 100 млрд долларға дейін ұлғайту жоспарланған. Қараңыз, көзделген мерзімге 5 жыл ғана қалды. Ал Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, орта мерзімді кезеңде мұнай бағасы барреліне 75 доллар болғанда Ұлттық қор түсімдері 2025 жылғы 5,8 трлн теңгеден 2027 жылы 6,7 трлн теңгеге дейін өсетіні болжануда. Бірақ мұнай бағасы осы шекте сақтала ма? АҚШ билігі келер жылдан мұнай бағасын түсіруге мүдделі, одан қалды жыл сайын қара алтын құны айтарлықтай көтерілмей отырғанын байқаудамыз.

Әйтеуір өткен айда Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қор "ҚазМұнайГаз" және "Қазатомөнеркәсіп" акцияларын инвестициялаудан табыс тапқанын хабарлады. Былтыр 1,3 трлн теңгеге сатып алынған "ҚазМұнайГаз" акциялары 400 млрд теңге кіріс әкелген екен. Ал "Қазатомөнеркәсіптің" шілде айында 467 млрд теңгеге сатып алынған акциялары қазір 600 млрд теңгеге бағаланыпты. Осылайша, Ұлттық қор 500 млрд теңгеден астам табыс тапты.

Дегенмен қуануға ерте. Ұлттық банк 2024 жылдың 10 айындағы Ұлттық қордағы қаражат қозғалысы туралы деректерді жариялады. Статистикаға сәйкес, осы жылдың қаңтар-қазан айларында Ұлттық қордан 4,6 трлн теңге жұмсалыпты. Қаржы министрлігінің есебінде 2024 жылдың 1 қаңтарында Ұлттық қордың активтері 29,8 трлн теңгеге жеткені көрсетілген. Ал 2024 жылдың 1 қарашасына қарай қор активтері 30,9 трлн теңгеге барды. Әйтсе де Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдегендей, Ұлттық қордың қаражатын алу мен түсімдер теңгерімі әзірге теріс күйінде қалып отыр. Себебі елімізде бюджет тапшылығы бар, бұндай кезде ауырлық Ұлттық қорға түсе береді. Яғни, үкімет тапшылық кезінде қорға жәутеңдейді.

Балалардың несібесі қалай болуда

Биыл ақпанда Қазақстандағы 18 жасқа дейінгі балалар Ұлттық қордан алғашқы төлемдерін алды. "Ұлттық қор – балаларға" жобасы қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалардың жинақтаушы шоттарына аударатынын білеміз. Қаржыны бала есейген соң тұрғын үйге немесе білім алуға жұмсай алады.

2024 жылы 18 жасқа толған қазақстандықтарға 100,05 доллар есептеліпті. 2023 жылы 31 желтоқсанда 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны 6,9 млн адамды құраған екен. Балаларға келесі төлемдер 2025 жылдың ақпанында түседі.

Осы айда Қаржы министрі Мәди Такиев 2025 жылы балалар қанша ақша алатынын болжаған еді. Оның айтуынша, сома доллармен есептеледі, сондай-ақ қосымша инвестицияланады. Келесі жылы 3 пайыз инвестиция салынады деп болжануда. Сондықтан Қаржы министрлігі балаларға шамамен 118-120 доллар есептеледі деп тұспалдады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов болса әр балаға 130 доллар түсетінін болжаған.

Қорыта айтқанда, қазір Ұлттық қордың ахуалы тым жақсы немесе тым жаман деп айта алмаймыз. Бірақ үміттен күдік көбірек. Бұған қордағы қаржының тұрақсыздығы, оған қол салына беруі себеп болуда. Егер Үкімет алдағы кезеңде бюджет тапшылығынан арылмаса, күмән арта берері сөзсіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу