Ұлттық тағам өндіретін кәсіпкер мемлекет көмегіне мұқтаж

5859

Қарағанды облысында талқан, жент шығарумен айналысатын шаруа қожалығы кәсібін дөңгелету үшін мемлекеттен көмек сұрайды. 

Ұлттық тағам өндіретін кәсіпкер мемлекет көмегіне мұқтаж

Қарағанды облысының Ұлытау ауданы Жезді кентіндегі "Бас көн" шаруа қожалығы 2015 жылдан бастап талқан, жент шығаруды кәсіп етіп келеді. Талқан арнайы дизайны бекітілген пакеттерде, жент 500 граммдық ыдыстарда дайындалып сатуға шығарылады. Ауызға салса еріп кететін, дәмі тіл үйіретін жеңсік асты шаруа қожалығының иесі, алпысты алқымдаған ақсақал Шаяхмет Үмбетов.

– Қазіргі күннің талабына сәйкес, талқан мен жентті саудаға шығаруға 1,5 жылдай уақыт пен 1 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды. Бүгінгі күні бұл өнімдер Ұлытау ауданы аймағында, Сатпаев, Жезқазған қалаларындағы сауда орындарына тұрақты тасымалданады. Астана қаласындағы "Самғау" дүкенінің 5-інші қабатында "Қазақстанда жасалған" таңбасымен саудаға қойылды. Бұл тағам түрін көпшілік күнделікті пайдалана бермейді, құдайы астарда, тойларда, айт мерекесінде, соғым сойып, қонақ шақырғанда дастарханға қояды. Ораза айы кезінде сұраныс жоғары, – дейді қожалық басшысы.

2004 жылдың 9 қарашасындағы ҚР "Техникалық реттеу туралы" заңына сәйкес, азық-түліктің қауіпсіздігі мен тағамдарды таңбалау ережеге сай реттеледі. Мемлекеттік стандартқа сәйкестік туралы сертификат алып, каталогтық парақ номерін иеленген қожалық "Кеден одағының сәйкестік туралы декларациясын" жыл сайын жаңартып отырады.

Өнімнің сәйкестiгі туралы декларация – айналысқа шығарылатын өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң белгiленген талаптарға сәйкестiгiн куәландыратын құжат. Сондай ақ, елде шығарылатын өнімдер каталогтау жүйесінде тіркелуге жатады. "Бас көн" ШҚ ұсынған тағамның сипаттамасы мен дайындаушылары туралы ұйымдастырушылық-техникалық ақпарат каталогтау жүйесіне енгізілген.

"Сәйкестік туралы декларация" бойынша талқанның сақталу мерзімі 10 ай, ал женттікі 1 ай. Жент супермаркеттерде өтімді. Халық ірі сауда нүктелерінен дайын өнім алғанды қалайды. Ал, талқанға базарларда сұраныс бар, – дейді қожалық басшысы.

2000 жылдары отбасылық бизнес құрғанымызда ұн өнімдеріне сұраныс жоғары болды дейді ақсақал.

– Диірменіміз болды. Ұн тартып, әртүрлі ұн өнімін шығардық. Кейіннен бәсекелес көбейіп, бизнесті жүргізудің жаңа жолдарын іздедім. Диірменді жауып, ата-бабаларымыздан мұраға қалған дастарханның сәні, емдік қасиеті жоғары, дәрумендерге бай десерт – талқан мен жентті жаңғыртуды жөн деп есептедім. Бүгінде халық ұлттық тағамдарға бет бұра бастады. Себебі, оларда жасанды дәмдендіргіштері жоқ, бояу қоспалары қосылмайды, табиғи, экологиялық таза өнімдер. Ұлттық тағам біртіндеп нарықты жаулап алып жатыр, – дейді кәсіпкер.

– Қазақстанда талқан шығаруға сәйкестік сертификаты бар екі кәсіпорын бар екенбіз. Бірақ, дүкен сөрелерінен басқа да компаниялардың талқаны мен жентін көріп жүрміз. Кейбірі, талқанға ІІ-ІІІ сортты ұнды қуырып қоса салады. Супермаркеттер, сауда үйлері өнім дайындаушының құжаттарын түгендеп қабылдауы тиіс қой, – деп шағымнданады Шаяхмет Үмбетов.

Кәсіпкер арманы: ЕАЭО шеңберінде экспортқа шығу

Оның айтуынша, талқан ұзақ сақталады, тасымалдауға ыңғайлы өнім. Женттің келісі 700, талқандыкі 250 теңге тұрады. Өнім өзін өзі ақтайды дейді ақсақал. Бір келі талқанды дайындауға 85 теңге жұмсалса, жент 180 теңгеге түседі екен. Өнім Алматы қаласындағы компанияда арнайы тапсырыспен жасалған ауа өткізбейтін пакеттерге салынады. Айына бір тоннадай талқан саудаға түседі.

"Кеден одағының сәйкестік туралы декларациясы" келешекте өнімді Еуразия экономикалық одағы шеңберінде экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. "Ұлттық бренд" ретінде EXPO-2017 ASTANA халықаралық шарасында көрмеге қойылса деген де арман болған. Ол үшін бидай қуыратын пеш, талқанды қаптайтын пакеттер мен өтек, жентке арналған ыдыс, дайындалған мерзімін жазатын аппарат алу қажет. Кәсіпкер ұлытаулық фермерлерден жылына 30 тонна бидай сатып алады. Биыл бидайдың тоннасы 40 мың теңгеге аспандап кетті, – дейді қожалық басшысы.

– Қазір бидайды қолмен қуырып жүрміз. Оны қуыратын арнайы аппарат бар. Дегенмен бағасы қымбат, 600 мың тұрады. Кәсібімізді кеңейтіп, ірі қалаларға шығу үшін гранттар байқауына қатыстық. Былтыр 1 млн 900 мың, биыл 2 млн 700 мың теңге сұрап, өңірдегі Кәсіпкерлер палатасына жүгіндік. Өкінішке орай, біздің шағын-бизнес жоспарымыз мақұлданбады, – дейді кәсіпкер.

Нарықты жаулап жатқан ұлттық тағам өнімдері

"Құралай" дүкенінің сатушысы Назгүл Әбдіразақова "Бас көн" шығаратын өнім басқа фирмалардың өнімін саудадан ығыстырып шығарғанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, аталған шаруа қожалығының талқаны басқа фирмалардың талқаны мен жентіне қарағанда арзан әрі дәмді көрінеді. "Бұрын бізге талқан мен жент оңтүстік өңірінен көп  келетін. Кейін олар "Бас көн" өніміне бәсекелес бола алмай қалды. Қазір  тек осы компанияның өніміне тапсырыс береміз. Сұранысқа ие. Сөрені де, тұтынушының көңілін де жаулап алды", – дейді сатушы.

Отандық өнімді қолдау керек деп есептейді Ұлытау ауданы Жезді кентінің тұрғыны Құралай Ерменова. "Мен осы компанияның өнімін үнемі сатып аламын. Талқан мен жент денсаулыққа пайдалы. Аяғы ауыр әйелдер мен балаларға таптырмайтын витамин. Тез тойдырады, жеңіл қорытылады,  дайындауға уақыт кетпейді", – дейді Жезді тұрғыны.

Ішкi істер органдарынын зейнеткерi Сәлімжан Жаманбаев дүкен сөрелерінде ұлттық тағамдардың пайда болғанын жақсылыққа балайды. "Бүгінде дүкендерден тек жартылай дайын өнімдерді көреміз. Олар денсаулыққа зиян. Құрамында не бар екендігі белгісіз. Балалар сондай жасанды өнімге құштар. Кириешки, чипси дей ме нәрі де, қуаты да жоқ тағамдарға әуес. Одан да осындай таза өнімді жегенге ен жетсін. Мен өзіміздің жерлесіміз шығаратын өнімдерді қолдау қажет деп есептеймін. Біз басқа елдерді осындай ерекше, бізге ғана тән өнімдерімізбен таң қалдырамыз", – дейді Сәлімжан Жаманбаев.

Шаяхмет Үмбетовтің жобасы мақұлданбады

Ал "Бас көң" шаруа қожалығының жетекшісі Шаяхмет Үмбетовтың өзі екі жылдан бері кәсібін кеңейту үшін гранттар байқауына қатысып, мемлекеттен көмек сұрап жергілікті атқарушы органдарға жүгініпті.

"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасында гранттық қаржыландыру деген бағыт бар. Біз кәсіпкерге (Шаяхмет Үмбетовке) осы бағдарламамен грант алу үшін құжаттарын реттеуге көмектестік. Ұлытау ауданы әкімдігіндің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне тапсыру үшін бизнес жоспарын жасап бердік", – деді Кәсіпкерлер палатасының Ұлытау аудандық филиалының өкілі Үміт Мизамбаева.

Қарағанды облыстық әкімдігінде өткен аймақтық Үйлестіру кеңесінде Ұлытау ауданынан ұсынылған жалғыз жоба грантқа ілікпей қалыпты. "Жыл сайын аудандағы шағын және орта кәсіп иелері мемлекеттің гранттық қаржыландыру бағдарламасына қатысып келеді. "Бас көн" шаруа қожалығын 2 жыл қатарынан грантқа ұсындық. Өткен жылы құжаттары түгел болмаған соң берілмеді. Биыл Шаяхмет Үмбетовтің жобасы мақұлданбай, басқа жобаларға басымдық беріліпті", – дейді аудандық әкімдіктің Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Гүлнәр Ауғанова.

Ләззат Қожахметова, Қарағанды

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу