Ұлттық жобалар қалай жүзеге асырылады?

4107

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 ұлттық жобаны бекіткен. Оларды қаржыландыруға 49 трлн теңге жұмсау жоспарланып отыр. Оның 33 трлн теңгесі (67%) жеке инвестиция есебінен тартылады.

Ұлттық жобалар қалай жүзеге асырылады?

Мамандар ұлттық жобалар қалай жүзеге асырылатынын, жұмыс нәтижелі болу үшін қандай іс-шаралар жүргізілетінін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

ҰЭМ Жобалық басқару саясаты департаментінің директоры Илона Шварцкопфтың айтуынша, ұлттық жобалар жобалық тәсілдер арқылы іске асырылады.

"Негізгі міндет – нәтижеге қол жеткізу, дербес жауапкершілік, барлық мүдделі тараптың жобаларды іске асыруға қатысуы. Енді мемлекеттік органдар барлық мүдделі тарапты тарту үшін сарапшылар және қоғам өкілдерінің қатысуымен жобалау командасын құрады. Бұл жаңа ұйымдастыру мәдениеті мен жобалық желі моделін құруға мүмкіндік береді", – деді басқарма басшысы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ол бүгінде 44 мемлекеттік кеңседен тұратын жобалық басқарудың бірыңғай экожүйесін қалыптастыру процесі аяқталуға жақын екенін, мониторинг және ұлттық жобаларды іске асыру жөніндегі офис құрылып, жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.

"Жобалық басқарудың нормативтік және құқықтық базасы бекітілді. Бұл басқаруды жүзеге асыру қағидаларын және мемлекеттік органдардың жобалық басқару регламентін қамтиды. Аталған құжаттар мемлекеттік басқарудың 3 деңгейіндегі портфельдерді, бағдарламалар мен жобаларды басқару жөніндегі мемлекеттік аппараттың қызметін реттейді: үкімет, мемлекеттік органдар және жобалық командалар деңгейінде", – деді Илона Шварцкопф.

Сондай-ақ директор ұлттық жобалардың жүзеге асырылуына кімдер жауап беретінін айтты.

"Әрбір ұлттық жоба бойынша премьер-министрдің орынбасары деңгейінде куратор және министр деңгейінде ұлттық жобаның басшысы анықталды. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар ұлттық жобаның әрбір көрсеткішін салалар мен өңірлер деңгейіне декомпозициялау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр", – деді басқарма басшысы.

Илона Шварцкопф барлық жобалау қызметі ақпараттық жүйеде жүзеге асырылатын жеткізді.

"Бұл бізге әрбір міндеттің орындалуын және әрбір жобаға бөлінген қаражатты бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес қоғамдық бақылау да болады. Жобаларды іске асыруда мониторинг жүргізу үшін қоғамдық топтарды құру көзделеді", – деді директор.

Осы орайда оның сөзін Ұлттық жобалардың жүзеге асырылуына мониторинг жүргізу офисінің жетекшісі Арман Евниев толықтырды.

"Мұнда көптеген инновациялық жаңа тәсіл бар. Оның бірі – жобалық желілік жүйе. Бұл әр тұрғын, әр сарапшы ұлттық жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын бақылай алады деген сөз. Барлық үкіметтік емес ұйымға және сарапшыға, блогерге осы жұмыстың қалай жүргізілетінін түсіндіріп беруге дайынбыз", – деді Арман Евниев.

Сонымен қатар ол мониторинг жүргізу офисі немен айналысатынын айтып берді.

"Біз мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, алдағы 1-2 жылда құжат айналымын 2-3 есе қысқартуға мүмкіндік береміз. Адамдарға хат жазудың керегі болмайды. Олар мәселесін Scrum-кеңес жүйесі арқылы шешеді. Бұрын мұндай болған жоқ. Осыған дейін қызметкерлер хатты бірнеше ай күткен кездері болған. Мұнда барлығы бірнеше сағатта шешіледі. Біз осы жұмысқа сарапшыларды шақырып жатырмыз. Жұмысты ашық жүргіземіз", – деп түйіндеді сөзін офис жетекшісі.

Ұлттық жобалар тізбесі:

1. "Дені сау ұлт" әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" ұлттық жобасы;

2. "Білімді ұлт" сапалы білім беру" ұлттық жобасы;

3. "Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасы;

4. "Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс" ұлттық жобасы;

5. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба;

6. "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы;

7. "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу" ұлттық жобасы;

8. "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасы.

9. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба.

10. "Қауіпсіз ел" ұлттық жобасы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу