Ұлыстың ұлы күні символына қызғалдақтың таңдалғаны қисынды ма?

2497

Бірқатар сарапшы әз-Наурыз нышанына қазақ мифологиясының темірқазығы – Бәйтеректі алуды ұсынады. 

Ұлыстың ұлы күні символына қызғалдақтың таңдалғаны қисынды ма?

Қызғалдақ ел Президентінің айтуымен Наурыз мерекесінің символына айналып шыға келді. 2021 жылғы 20 наурызда Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсынысын жария еткен еді.

"Жыл басында жарияланған "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаламда Наурызды жаңаша атап өту қажеттігіне тоқталдым. Мерекенің әр сәті елге пайдасы тиетін, ұрпаққа өнеге болатын игілікті іске ұласуға тиіс... Ел ұғымында қырдың қызғалдағы – нағыз көктемнің нышаны. Осы орайда, қызғалдақ гүлін Ұлы даладағы Ұлыстың ұлы күнінің басты белгісі ретінде бекітуге болады", – деді Қ.Тоқаев.

Осыдан кейін әдеттегідей науқаншылдық басталды. Әлдебір волонтерлік ұйымдар әлдеқайдан қаржы алып, 22 наурызда ірі қалалардың көшесінде өткен-кеткенге қызғалдақ таратты.

Әдетте Әйелдердің халықаралық мейрамында тіпті полицейлер де темір тұлпар тізгіндеген айымдарға қызғалдақ таратып жатады. Содан көшеде бөгде жігіттің өзіне гүл сыйлағанына тіксіне қараған еркектер де табылды.

Жылыжайда қызғалдақ өсіретін маман, кәсіби ботаник Ерасыл Жәмкеұлының ойынша, қызғалдақ 8 наурыздың символы.

"Мен Президентке бұл ақылды кім қосқанын білмедім. Әрине, кәсіпкер ретінде айтсам, гүл саудасының көрігі қызатын тағы бір мереке пайда болса, мен тек қуанам. Дегенмен, эстетикалық тұрғыдан келсек, қызғалдақ нәзіктіктің белгісі, ол жауынгер қазақтың, Ұлысымыздың ұлы күнінің символына жарамайды. Біріншіден бұл қыр гүлі кейбіреулер жазып жүргендей, дәл наурызда қауыз жармайды: бәйшешекпен шатастырып жүр. Қырда қызғалдақ тек мамыр айында ғана құлпыра бастап, көздің жауын алып тұрады. Қазақстанның ұлан-байтақ даласында қызғалдақтың шамамен 35 түрі бар. Қазақ елі қызғалдақтың отаны болып табылады. Екіншіден, қызғалдақ бұрыннан Әйелдер мейрамының символы. Ашықхаттарда да баяғыдан солай дәріптеп келеді", – деді Ерасыл.

Үшіншіден, оның байламынша, әз-Наурыз әр қазақта бала кезден қыр гүлдерімен емес, жайлаумен, ат бәйгесімен, Наурыз көжемен, ас пен ақ толы дастарханмен үйлесім тапқан, соларды көзге елестетеді.

Әлеуметтанушы Марат Бегімбет те Наурыз мейрамының басты нышаны ретінде қызғалдақты бекіту қисынсыз деген ойын білдірді.

"Негізі, кез келген символ, атрибутиканы халықпен келісіп, талқылап барып, таңдаған жөн. Кезінде билік ЭКСПО-ның маскот-талисманын, эмблемасын ақылдасусыз, өзі бекітіп, ұятқа қалғаны бар. Ал Ұлыстың ұлы күні қатардағы мереке емес, оның мәртебесі жоғары. Жылдың басы, жаһандық күн мен түннің теңелу күні. ЮНЕСКО-ның өзі бұл мейрамның түп-төркіні байырғыдан ғарышпен байланысып жатқанын атап өтті. Ендеше оның символы да ғарыштағы темірқазықтай тұғырлы, тегеурінді, қуатты болғаны жөн. Мысалы, қазақ мифологиясының ұстыны – Бәйтеректі алуға болады. Бізде бәйтерек десе, бәрі Астанадағы Бәйтерек кешенінің сұлбасын сала бастайды. Бірақ бәйтеректің одан басқа, балама бейнесін тапқан жөн", – деді әлеуметтанушы.

Бәйтеректің Көк пен Жерді қосушы мифологиялық мәні бар, демек, қазақ үшін одан асқан ірі нәрсені табу қиын.

Мәдениеттанушы Серік Ерғали да өзі әзірлеген Наурыз мейрамын мерекелеу тұжырымдамасында Наурыздың нышаны, символы бәйтерек деген байламға келеді.

Оның тұжырымдауынша, түркілік ғаламтанымды көрсететін мифтік мынадай көріністен аттап өтуге болмайды. Айдалада бәйтерек өсіп тұрады, оның басына самұрық құс ұя салған екен, бірақ самұрықтың жұмыртқасын жалмайтын айдаһар бәйтеректің түбін мекендейді. Айдаһарды өлтіретін айбынды батыр тумайынша, самұрық бұл тажалдан құтылмайды. Батыр пайда болады, айдаһармен айқасады, жеңеді, ал самұрық оның төл мұратына жетуге қызмет етеді. Міне, бұл – типтік мифологиялық арқау.

Бәйтерек – адамзаттың Көкке өрлеу жолы, ғұмыры. Бәйтерек – түркілік танымдағы ғаламдық ағаш. Ал бәйтеректі орап жататын жылан кейіпті жеті басты айдаһар – Уақыт. Айдаһардың жеті басты болуы оның о бастан аса жетілген ғаламдық құдіретті де қасиетті құдірет (стихия) екендігінде. Ал самұрықтың жұмыртқасы – адамзаттың арманы, аңсары; самұрық – Бақ құсы, адамның мұраты, арманға жеткізер көлігі. Міне, осы типтік миф, арқаудағы бәйтерек ежелгі түркілік Наурыз рәсімінде йол (жол терек, бақан) ретінде кейіптелсе, ал айдаһардың рөлін йолды айнала тізбектелген адамдар атқарған.

"Бір қызығы, қол ұстасқан адамдар 12 айдың немесе он екі мүшелдің, болмаса үш жүз алпыс бес күннің кейпінде билеп, айналады. Бұл көріністі Аңырақай тауындағы Таңбалы қашамасынан да көріп отырмыз. Біз атаған мифологиялық аңыз бен Наурыздың арасынан қыл өтпейді деуге болады. Бұл әфсана, адам көзімен қарағанда, жауыздық пен бауырлықтың арбасуы, арпалысы болғанымен, түпкі идеясы ғаламдық үйлесімді паш ету. Наурыз да сол үйлесімге қызмет етудің басты рәсімі. Яғни, Наурыз мейрамы ғарышты әлемтапырықтан, хаостан қорғау жолындағы адамзаттық әрекет жоралғысы болып табылады. Әлемтапырыққа ғаламның теңгерімі, жаңа уақыттың бастауы ескерілген", – дейді мәдениеттанушы.

Жалпы, қызғалдақты Наурыздың символына айналдыру идеясын алғашқылардың қатарында ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім ұсынған болатын.

"Ұлыстың ұлы күні – біздің қазақ халқына тән, жалпыұлттық мереке. Менің ұсынысым – наурыз айы басталысымен адамдар бір-біріне қызғалдақ гүлін сыйлауды дәстүрге айналдырса, ол өте дұрыс болар еді", – деді ол 2016 жылғы 16 наурыздағы сұхбатында.

Бұл идеяны Мәдениет және спорт министрі лауазымынан кетер алдында, 2019 жылғы наурыздың басында Арыстанбек Мұхамедиұлы ілгерілете бастады. Ол заман талабына сай Наурызды тойлау форматын түбегейлі өзгертуді ұсынды.

"Жауқазын, бәйшешек немесе қызғалдақ Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітуді қажет етеді. Себебі кең байтақ еліміз "қызғалдақтың отаны" екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденген. Елбасымыз "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласында: "Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ, ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады" деп баса айтты. Өз жерімізді танытатын гүлді атрибуттық белгі ретінде бекіту арқылы өзіміздің құндылықтарымызды бағалайтынымызды көрсетпекпіз", – деді 2019 жылы сол кездегі мәдениет министрі.

Қалай болғанда, биылғы Ұлыстың ұлы күнін безендіру қалпымен қызғалдақ бейнесі аясында жүріп жатыр. Болашақта әз-Наурыздың символы ауысуы ғажап емес.

Оған дейін пікірталас жалғаса беретінге ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу