- Үміт ханым, елдегі банк жүйесінің негізгі қалыптасу кезеңі есіңізде ме?
- Иә. Банк жүйесінде көп уақыттан бері қызмет істеп келемін, нақты айтсам, 1997 жылдан бастап осы саладамын. Төл теңгеміздің алғаш айналымға шыққан кезінде шетелде оқып жүрген болатынмын. Елге келгеннен кейін бірден "АБН АМРО Қазақстан Банкі" ЕБ ЖАҚ-қа жұмысқа шықтым. Ең алғашқы жұмысымды зейнетақы заңымен, зейнетақы қорын құрумен айналысатын бөлімнен бастадым. Сонымен қатар, құрылымдық өнімдерді шығарумен айналыстық. Еліміз үшін алғашқы еурооблигациялар, біріктірілген несиелер шығарылып, мемлекеттік кепілмен ірі мәмілелер жасалды. Бұлар мемлекеттік деңгейде жасалған алғашқы мәмілелер болатын. Осы кезде жаңа зейнетақы жүйесі, құнды қағаздар нарығы енгізілді. Ірі мемлекеттік компанияларды жекешелендіру бойынша бағдарламаны іске асырғанымыз есімде. Көгілдер фишкалар бағдарламасы жарияланған еді. Сол кезде Григорий Марченко құнды қағаздар комиссиясын басқарып, біздің елдің қор биржасы арқылы сатуға шығарылатын көгілдір фишкалы 4 компания анықталған болатын. Ол кездегі жұмыс өте қызықты еді. Өйткені, нақ осы кезде қаржы секторының инфрақұрылымы қалыптасты. Күн сайын, ай сайын жаңа бастамалар, идеялар туындап жатты. Коммерциялық нарық белсенді түрде дамып, капитал нарығы қалыптасты. Менің ойымша, 1997 жылдан бастап 2006-2007 жылға дейін үлкен серпіліс болды. Осы 10 жыл ішінде еліміз көптеген жайды бастан кешіп, алға шықты. Ал келесі кезең – қиын кезең болды. Дағдарыс кезеңі. 2008 жылы басталғаннан әлі күнге дейін жалғасып келеді. Өкінішке қарай, бізге дағдарыстан шықтық деп айту әлі ерте. Әзірге төменгі бөлікте тұрмыз. Келесі кезең – өсу кезеңі болады деп ойлаймын.
- Сіз жинақтаушы зейнетақы қорын құрудың басы-қасында болдыңыз. Мұның барлығы қалай басталғаны есіңізде ме? Қандай бастамалар ұсынылып еді?
- Иә. Бұл сол банк жүйесіне алғаш келген кезімде, 1997 жылы болды. Сол кезде бізге бұл зейнеткерлерге қатысты әлеуметтік мәселе сияқты көрінген еді. Мен дәп осы кезде мұның құнды қағаздар нарығына жақын екенін түсіндім. Зейнетақы қоры – бұл, ең бірінші, қаржылық институттар. Бұлардың артында жаңа құралдардың дамуы, өмірді сақтандыру, актуарийлік есеп, төлемдер сияқты компаниялар тұр. Ал мұның барлығы құнды қағаз нарығымен байланысты. 1997 жылы елімізде жаңа жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізу жөніндегі USAID-тің кеңесші тобы болғаны есімде. Жеке жинақтаушы зейнетақы қорының не екенін, зейнетақы активтерін басқару компаниясы, өмірді сақтандыру төлемі бойынша компаниялар дегеннің не екенін тек сол кезде ғана түсіне бастадық. Реформа тез енгізілді. Әрине, бірінші кезекте, бұған себеп болған нәрсе мемлекеттік бюджетпен және зейнетақымен қамтамасыз ету қиындықтары. Ол өте қиын кез еді. Осы нарық реформасын енгізу өте тиімді болды. Зейнетақы реформасы қаржы институттарын құруға бастама болды. Ал олар кейіннен құнды қағаздар нарығын, активтерді басқаратын эмитенттерді қалыптастырды. Зейнетақы қоры небары 15 жыл ғана жұмыс істеді. 2014 жылы басқа реформа жарияланып, жекеменшік зейнетақы қорлары мемлекет меншігіне көшіп, бір мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды. Мелекеттік зейнетақымен қамтамасыз етуге қайтып айналып келе жатырмыз. БЖЗҚ жеке жинақтаушы шот әзірге сақталады. Бірақ, оларды қазір біз басқарып отырған жоқпыз. Бұл – біздің емес, салымшылардың таңдауы. Бұдан әрі олардың зейнетақысын төлеуге мемлекет кепіл береді. Ал сонау қиын кезеңде қандай да өзгерісті жылдам енгізіп, үлкен өзгеріс жасау керек болды. Мұның барлығы елбасы мен үкіметтің арқасында тез іске асты.
- Ал осы кезең бизнесмендерді неге үйретті?
- Бұл менің сараптамалық пікірім. Мен өзім, өкінішке қарай, бизнесмен емеспін. Мен жалдамалы жұмыскермін, алайда, бизнесмендермен несиелендіру, қарым-қатынас жасау барысында күн сайын кездесемін. Біздің елде де үлкен бизнес жасауға мүмкіндіктер пайда болғанына қуаныштымын. Қазір бізде бастама да, бизнесмен де көп, бәсекелестік те өсіп келеді. Бизнесмендер арасында бұрынғы мұғалімдер, дәрігерлер, әскерилер бар. Олар еш қиындықтан қорықпай, саудамен, құрылыспен айналысты. Өз бастарын тәуекелге тігіп, үлкен істі меңгеріп кете алған адамдар.
- Біздегі банк жүйесі қалай өзгереді деп ойлайсыз? Банк неге ұмылады?
- Банк келешегі жайлы болжам айту қиын. Өйткені, өмір бір орнында тұрмайды. Күн сайын неше түрлі өзгеріс болып отыр. Сондықтан, 10-15 жылға емес, алдағы 2-3 жылға бағдар жасағым келеді. Дағдарыс бітті деп айту әлі ерте, одан үлкен шығынсыз шығамыз, банк секторында бірігу болады деп ойлаймын. Банктер саны қысқаруы мүмкін, бірақ олар бірігіп іріленеді. Олар өзінің капиталдарының сапасын жақсартуы керек. Банктер, сөзсіз, өзгереді. Олар технология жағына ауысады. Қазір интернет, мобильді банкке ауысу жүріп жатыр. Банкке идеяларын, қызметкерлерін, корпоративті мәдениетін өзгерту керек болады. Сонымен бірге, біз ДСҰ-ға мүше болдық және 2020 жылдан бастап елдегі қаржы нарығы ашық болады. Бұған өз филиалдарын құрумен халықаралық корпорациялар келеді, яғни, біздің нарыққа кіру оңай әрі капиталды қажет етеді деп ойлаймын. Қазір жаһандану жүріп жатқанын көріп отырмыз, бұл – әлемдік беталыс. Сонымен бірге, тәуекел-менеджменті күшейтіліп жатқанының куәсі болып отырмыз. Банкке көптеген жауапкершілік артылып отыр. Сондықтан, артылып отырған ауыртпалық оңай болмайтын сияқты. Банктерден технология мен адами капиталға көп инвестиция салу талап етіледі.
- Үміт ханым, қалай ойлайсыз, Халық банк дағдарыс сынағынан ойдағыдай өтеді ме? Сонымен бірге, NPL деңгейі жетерліктей төмендеді ме?
- Халық банкіне қатысты бір-ақ нәрсе айтамын, біз дағдарыс сынағынан жеңіл өтеміз. Дағдарыс сынағы – бұл да тексеріс, тек кепіл мен активтерді бағалау тәсілі басқаша. Дағдарыс сынағына әдістемесіндегі принциптерді қазір қолданып отырмыз. Сондықтан, Халық банк үшін үлкен айырмашылық пен дағдарысты көріп отырғанымыз жоқ. Дағдарыс сынағына қатысты бір ғана пікірім бар, бұл – пайдасы бар нәрсе, бірақ, ол ұзақ уақытты алады және мемлекет үшін қымбатқа түседі. Ұлттық банкте барлық ақпарат бар. Сондықтан, ол үшін дағдарыс сынағын өтікізудің керегі жоқ деп ойлаймын.
- Дағдарыс сынағы ұсақ банктерге әсер етіп, олар нарықтан кетуі мүмкін бе?
- Иә, солай болуы мүмкін деп ойлаймын. Барлық банк дағдарыс сынағынан бірдей өтеді деу қиын.
- Мұндай жағдайда нарыққа қатысушылардың бірігуі қажет пе?
- Менің ойымша, бұл процесс міндетті болмауы керек. Нарыққа қатысушылар кімнің қандай проблемасы бар екенін біледі. Мұның барлығы реттеушіге де байланысты болады. Банк өзінің жағдайын біліп тұрса, мүмкіндігінің де қаншалықты болытынын біледі деп ойлаймын. Сондықтан, мұның барлығы дағдарыс сынағын күтпей-ақ, акционерлердің өзі шешетін мәселе. Бұған қатысты қандай да болмасын күштеу болмауы керек. Күштеу тек лицензияны қайтарып алуда немесе жұмысын тоқтату кезінде ғана болуы керек. Сіздер өздеріңіз көріп отырсыздар, реттеуші екі банктің жұмыс істеуін тоқтатты. Ал бұдан әрі акционерлер не істейтіні туралы шешім қабылдауы керек. Олар банкті таратып жіберуі, бірігуі, не сатып жіберуі мүмкін.
- Сіз қашанда өз ойыңызды қай мәселеде болмасын ашық айтасыз?
- Шыны керек, өзімді оппозиционер санамаймын. Тек жұрттың ойындағыны айтамын, ал біреулер оны айта алмайды. Мен қай уақытта болмасын ашық, тік адаммын. Бұл менің табиғи мінезім. Менің айтатынымның барлығы кәсіби тақырыпқа қатысты. Егер бір жағдайға байланысты пікірімді білдіріп жатсам, ол жаным ашығандықтан.
- Тәуелсіз еліміздің қаржылық және экономикалық тарихындағы қандай маңызды кезеңдерді атап өтуге болады? Біз бұған қаншалықты жақынбыз?
- Еліміздің қаржылық және экономикалық тәуелсіздігінің барлық атрибуты бар деуге болады. Ең бірінші кезекте, бұл ұлттық теңгеміз, ішкі реттеу мен қорлар. Біз өз тәуелсізідігімізге қол жеткіздік. Енді, ең бастысы, оны жоғалтып алмау. ЕАЭО аясында бірыңғай валютаны қолдануда тәуелсіздігімізді жоғалтып алу қаупі бар. Себебі, күшті экономикалық елдермен бірігуде еліміз, сөзсіз, өзінің қаржылық және экономикалық тәуелсіздігін жоғалтады. Өкінішке қарай, қолдаушылыққа деген жаһандық беталысты көріп отырмыз. Адамдар жаһандануды жақсы деп ойлайды. Мен де солай ойлаймын, алайда, ұлттық мүдделерді сақтап, оның да жақсы және жаман жақтарын ажырата білу керек.