Ұн тарту орындары астықсыз қалды

7341

Павлодар облысында 10 диірмен жұмысын тоқтатты. 

Ұн тарту орындары астықсыз қалды

Осы аптада Ресей Федерациясы елден бидайды экспорттауға шектеу қойды. Соның салдарынан павлодарлық астық өңдеу орындары зардап шегіп отыр. Диірменшілер жергілікті шаруалардың бидайды сыртқа шығаруына тыйым салуды сұрап, Президентке хат жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Өткен жылы Павлодар облысының билігі "30 жылда алғаш рет рекордтық көлем – 1 млн тоннадан астам астық жинады" деп сүйіншілеген еді. Бірақ одан еш қайыр жоқ. 1 млн тонна өнім жинағанмен, оның 750 мың тоннадан астамы Өзбекстан, Ауғанстандарға жөнелтілді.

Есесіне аймақтағы астық өңдеу орындары Ресейге тәуелді болып отыр. Олар өз өңірімізде өсірілген астық болғанмен, сырттан сатып алуға мәжбүр. Жергілікті 21 ірі диірменге бір жылда қажет 600 мың тонна бидайдың барлығы көршілес мемлекеттен жеткізіледі. Ал Ресей екі мемлекет арасындағы алыс-беріске шектеу қойған соң, диірменшілер шикізатсыз қалды. Қазір қорда бар бидай ары кетсе екі аптаға жетеді. Бүгінгі күннің өзінде қоры таусылған 10 диірмен жұмысын уақытша тоқтатты.

Сондықтан "Қазақстанның астық өңдеушілері" Одағының облыстағы өкілі Жанар Серімова Қазақстанда өсірілген астықты жаңа өнім шыққанға дейін экспорттауға тыйым салуды сұрап отыр. Бұл ұсынысқа бір топ кәсіпкер қол қойып, Мемлекет басшысының атына хат жолдады.

"Біз Ресейден бидайдың бір тоннасын 114 мың теңгеге алып, импорт салығын, басқа да міндетті төлемдерді жасап, алып келген едік. Ал Қазақстанда оның бір тоннасы орта есеппен 130 мың теңге тұрады. Соған қарамастан, отандық өнімді алуға дайынбыз. Бірақ шаруалар бізге сатқысы келмейді. Оларға егістіктен жүк көліктері арқылы шетелдерге бірден жіберген әлдеқайда тиімді. Сонда отандық нарықты ұн және ұн өнімдерімен қамтып отырған кәсіпорындарға қайтпек керек? Мұндай жағдайда ұн тапшылығы туындайтыны анық", – дейді Жанар Серімова.

"Павлодар Құс" шаруашылығының басшысы Ербол Досыбаевтың айтуынша, астық тапшылығы тауық санын азайтуға да тікелей әсер етеді. Себебі бүгінде тауықтарға талғажау болатын азықтың өзі аз-ақ қалды.

Ал облыс билігі бұл мәселені реттеуге асығар емес. Тек былтыр 8 ұн тарту кәсіпорынмен меморандум жасасқанын алға тартып отыр. Соған сәйкес, өңірдегі 91 шаруашылық диірмендерге шамамен 14 мың тонна бидайды тұрақты бағамен жеткізуге міндетті. Өз кезегінде ұн тарту орындары бірінші сұрыпты ұнды наубайханаларға келісін 119 теңгеден беруге міндеттеледі. Сол арқылы әлеуметтік нан бағасын 95 теңге көлемінде ұстап тұрмақ.

"Аталған меморандумда үшінші сыныпты бидайдың тоннасын 85 мың теңгеден асырмай сату белгіленген. Яғни шаруалар диірмендерге осы баға бойынша жеткізуі тиіс. Қазіргі уақытта 9,9 мың тонна бидай жөнелтілді", – делінген ауыл шаруашылығы басқармасының хабарламасында.

Алайда ұн тартушылар меморандум мәселені шешпейді дейді. Арзан бағамен жеткізілген астықты бес күннің ішінде өңдеуге болады. Ал қалған 25 күнде қандай бидайды өңдері – әзірше белгісіз. Сатушылар қазірдің өзінде нан бағасының өсетіні туралы айтуда. Ұн тапшылығының туындауы да ғажап емес. Сондықтан ел билігіне ішкі нарықты реттеу шарасын уақыт оздырмай қолға алу қажет болып тұр.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу