Универсиадаға дайындық

Татьяна Киселева Татьяна Киселева
10538

Универсиаданың ойын-сауық бағдарламасы демеушілердің есебінен өткізіледі, ал медальдарды Қазақстанның теңге сарайы жасап жатыр.

Универсиадаға дайындық

Универсиаданы дайындау мен өткізу дирекциясы директорының орынбасары Дидар Сағадиевтің айтуынша, мәдени ойын-сауық бағдарламасын ұйымдастырудың барлық шығынын демеушілер көтеріп отыр. Демеушілер саны шамамен 30 шақты. Оның құрамына "Самұрық-Қазына" АҚ-тан бөлек Air Astana, "Астана Банк", "Технодом" және т.б кірді. Барлық мәдени шараны "Астана банк" компаниясы ұйымдастырып жатыр. Халықаралық спорт шарасын өткізуге жалпы 17,9 млрд теңге қаражат салынған. Оның шамамен 2 млрд теңгесі демеушілердің қосқан үлесі. Алайда нақты шығын ойынды өткізіп болғаннан кейін жарияланады, қаражатты үнемдеу мүмкін болатын шығар.

Дидар Сағадиев күні бүгінге дейін 78 мың билет сатылғанын айтты. Ал бір күнде отыратын орын саны 1 мыңға жуықтайды. Оның болжауынша, билеттің ең көп сатылатын уақыты 24 қаңтар мен 29 қаңтар аралығы. Ал табыс келетін спортсмендерден түседі. Орташа есеппен, жеке келген турист Алматыда бір күнде 245 еуро жұмсайды.

"Алматыға 5 мың шетелдік және өңірлерден 25 мың өзіміздің турист келеді деп жоспарланып отыр", – деп нақтылады ол. Оның айтуынша, жарыс өтетін жерлердегі коммерциялық орындарды жалға алғандар нақты бір табыс әкеледі.

Ойын-сауық шатыры

Универсиаданың мәдени бағдарламасы аясында Республика даңғылында "Медал Плаза" спорттық емес нысаны орналасады. 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында бұл жерде күн сайын сағат 15.00-ден 22.00-ге дейін мәдени шаралар өтеді. Сонымен бірге бұл жерде қысқы ойын түрлері бойынша жеңімпаздарды марапаттау салтанаты болады. Хаттама бойынша бір медальды беру салтанатына 10 минут уақыт кетеді.

"Медал-Плаза" жобасының мәдени бағдарламасын қоюшы-режиссер Андрей Ереминнің айтуынша, тәңертеңнен бастап өтіп жатқан жарыстар тікелей эфирде көрсетіледі.

"Шараға бара алмағандар жарысты осы жерге келіп көре алады. Арнайы шатыр тігіліп, келушілердің барлығы сол жерде шай іше алады", – дейді ол.

Сонымен бірге Андрей Ереминнің айтуынша, бағдарлама бойынша балаларға арналған 11 спорттық шара өтеді және олар оған қатысқаны үшін марапатталады. Сондай-ақ бұл жерде танымал қазақ спортшыларымен сұхбат өткізіледі. Бұдан басқа кинозал жұмыс істейді, ол жерде қазақ фильмдері көрсетіледі.

"Кино көрсетіліп болғаннан кейін, әртістермен, режиссерлермен сұхбат өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл өте қызық болады", – дейді Андрей Еремин.

Көрермендерді тарту үшін "Медал Плазада" суретке түсетін қабырғалар қойылады. Осы жерде түскен суретін қойған адамға да аздаған сыйлық болады. Мұның барлығы Универсиаданың өтіп жатқанын адамдарға таныту мақсатында жасалады.

Медаль қазақ өндірушісінен

Универсиаданың медальдарын "Қазақ теңге сарайы" компаниясы жасап жатқанын айта кету керек. Алайда Камила Лұқпанова медаль жасауға жұмсалып жатқан қаражатты нақтыламады. Оның айтуынша, барлық медаль алтын, күміс және қола болып үш топқа бөлінеді. Олар халықаралық студенттік федерацияның талаптары ескеріле отырып, Универсиаданың арнайы брендбугына сай соғылады.

"Медальда мәдени ерекшелігімізде жасалған қазақ нақышы бар. Сонымен бірге Универсиада-2017 логотипі, Алматы мен FISU логотипі бар. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде жазылған "Қанатыңды кең серпі!" ұраны жазылған", – дейді ол. Оның айтуынша, алтын медаль сары түсті жезден, күміс ақ мельхиордан, ал қола оксидтелген қоңыр жезден жасалған. Универсиада барысында спорттың 12 түрінен 86 медаль ойнатылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу