Университетке түскісі келетіндер үшін жағымсыз жаңалық жарияланды

1211

​Статорган бір алаңдатарлық жайтты жариялады. 

Университетке түскісі келетіндер үшін жағымсыз жаңалық жарияланды Фото: canva.com

Қазіргі кезде еліміздегі жоғарғы оқу орындарында оқитын студент жастардың саны тіпті ХХІ ғасыр басындағыдан да аз.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ағымдағы 2024-2025 оқу жылының басында 183,6 мың талапкер оқуға түскен. Соның өзінде бүгінде Қазақстандағы студенттердің жалпы саны 624,5 мың адамды ғана құрайды.

Салыстырсақ, республиканың жоғарғы оқу орындарында 2003 жылы – 658 106, 2004 жылы – 747 104, 2005 жылы – 775 762, 2006 жылы – 768 442, 2007 жылы – 717 053, 2008 жылы – 633 814 студент оқыған екен. Содан бері демографияның күрт жақсарғанына қарамастан, өз Отанында білім алатын қазақстандық жастардың саны азайып келеді.

Осылайша, 20 жыл ішінде отандық ЖОО-ларда оқитын қазақстандық балалардың саны 151,2 мыңнан артыққа кеміп кетті.

Ұлттық статбюроның түсіндіруінше, өйткені елімізде университеттер саны азайып келеді, академиялар қалмады деуге болады.

"Соңғы 5 жыл ішінде жоғары білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын ұйымдардың саны 9,6% қысқарды. Егер 2020 жылы Қазақстанда 125 жоғарғы оқу орны болса, 2024 жылы соның 113-і ғана қалды", – деп мәлім етті статорган.

Ал, ғасыр басында, 2001 жылы елімізде 185 жоғарғы оқу орны болған. Олардың саны азайған сайын сала монополияланады, нарықты алпауыттар жайлайды.

Үкіметке хат жазған "AMANAT", "Ақ жол", "Ауыл", "Қазақстан Халық партиясы" фракциясының депутаттары саладағы ауыр ахуалдың басқа себебін атады. Олардың байламынша, қазақстандық жоғарғы білім қазақ жастарына қолжетімсіз болып қалды.

"Қазір әлемнің озық елдері адами капиталдың сапасын арттыруды басымдық етіп, жастарға сапалы білім беруге, ғылымды меңгеруге барынша жағдай жасауда. Заманауи әлемде елдің қуаты – білім мен ғылым арқылы өлшенетін болды. Жастар терең білім алуы, ғылымды игеруі үшін жоғары білім алуда қиындық көрмеуге тиіс. 2021-2022 оқу жылы 170 мыңнан астам түлек мектепті бітірсе, соның 56 мыңнан астамы (32,9%-ы) мемлекеттік грантқа ие болды. Ал, 2022-2023 жылы 172 мың түлек бітірсе, 73 мыңдай грант бөлінді (қамту – 42,4%). Бұл мектеп бітірушілерді жоғары оқу орындарына бөлінетін грантпен қамтамасыз ете алмай отырғанымызды көрсетеді", – делінген депутаттардың Үкімет басшысы Олжас Бектеновке хатында. 

Сонда былтырдың өзінде мектеп бітірген 100 мыңдай жас сырт қалды. Оларға не ақылы түсуге, немесе шетелге, негізінен, Ресейге кетуге тура келді.

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев жоғары оқу орындарында ақылы білім алуды қарапайым халықтың қалтасы көтермейтінін жеткізді.

Мәжілісмен еліміздің жетекші оқу орындарындағы ақылы оқудың орташа тарифтерін келтірді:

  • Назарбаев университетінде 1 жылдық оқу ақысы 7 миллион 500 мың – 9 миллион теңге аралығында;
  • КИМЭП университетінде (KIMEP University) – 4 миллион 100 мың теңге;
  • Сүлеймен Демирел атындағы университетте – 2 миллион 100 мың теңге;
  • Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде – 1 миллион 600 мың теңге;
  • Мақсұт Нәрікбаев университетінде – 1 миллион 500 мың теңге;
  • Сәтбаев университетінде – 1 миллион 400 мың теңге;
  • Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінде – 1 миллион 400 мың теңге;
  • Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде – 1 миллион 300 мың теңге;
  • Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде – 1 миллион 1 мың теңге;
  • Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар университетінде – 1 миллион теңге дейін төлейтіні белгілі.

"Бұл бұл ма, университеттер талапкермен келісімшартқа отырғанда құжатқа "инфляция деңгейіне қарай оқу ақысы көтеріледі" деген тарау қосады. Бұл тұтынушылардың құқығын шектеумен тең емес пе?! Қыркүйек айында 1 миллион теңгемен келісім жасаған студенттер оқу жылы аяқталғанға дейін тағы 100-200 мың теңге қосып төлеуге мәжбүр болады. Осы уақытта оның ата-анасының жалақысы көтерілсе жақсы ғой! Бірақ ондай үдерісті байқап отырған жоқпыз. Бұл әлеуметтік тұрғыда нағыз әділетсіздік! Ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайына теріс әсер ететін құбылыс", – деді мәжілісмен Қайрат Балабиев.

Депутаттар Саясат Нұрбек басқаратын Ғылым және жоғары білім министрлігінің оқу ақысын қатаң бақылауда ұстай алмай отырғанын сынға алды. Олар бұл министрліктің "оқу ақысы 300-400 мың теңгенің төңірегінде болатынын айтқанын" еске салды. Алайда университеттер оны құлағына да ілетін емес.

Депутаттар студенттердің жетімбұрыш жағалап жүргеніне назар аудартты.

"Университеттерде жатақхана мәселесі өзектілігін әлі жойған жоқ. Орын жетіспейді. 3-4 курс студенттерінің жатаханадан орын алуы тіптен қиын. Кейбір оқу орнында жатақханада бір жыл тұру ақысы 1 миллион теңгеге жетеді! Ақылы оқитындар үшін бұл қалтаға қосымша салмақ. "Миллиондап төлеп университетті байытқанша, шетелде жалдамалы жұмыс істеп, өзіме жұмыс істегенім жақсы" деп, шетелге кетіп қалып жатқан жастар көп", – деді депутаттар.

Осынша қыруар қаржы төлеп оқыған түлектер бітіре сала, мамандығы бойынша жұмыс тапса, құба-құп. Бірақ қымбат ақы алып, байып отырған отандық көптеген университеттің қолақпандай дипломының еш қадір, беделі жоқ. Оларды бітірген жастар кейін ақылы қысқа курстарда оқып, басқа мамандыққа бейімделуге мәжбүр.

Мәжілісмендердің айтуынша, жоғары оқу орындары ақысының қымбат болуы және жыл сайын негізсіз көтерілуі студенттер мен олардың ата-анасының әлеуметтік жағдайын қиындатып, тұрмысын құлдыратуда.

Осыған байланысты Мәжіліс Үкіметтен біріншіден, жоғары оқу орындарындағы оқу ақысын бақылауға алуды, екіншіден, бір оқу жылында білім алу ақысын бірнеше рет көтеруді шектеуді талап етті.

Үшіншіден, жатақханада тұру ақысын қайта қарау ұсынылды.

Үкімет не дейді?

Үкімет депутаттардың ұсынысын қарай келе шешім қабылдады. Ол шешім биыл қазақстандық жоғарғы оқу орындарына ақылы түсуді ойлаған және университеттерде ақшаға оқып жатқан жастар үшін жағымсыз. Өйткені ЖОО-лар ақысын қалай көтеремін десе де, мемлекет оған тосқауыл қоймайтын болды. Бұл суық хабарды депутаттарға Премьердің өзі хабарлады.

"ЖОО-да оқу ақысын бақылауға алуға және бір оқу жылында білім алу ақысын бірнеше рет көтеруді шектеуге қатысты. "Білім туралы" заңына сәйкес, ақылы негізде қызмет көрсететін білім беру ұйымы мен білім алушының өзара қарым-қатынасы, оның ішінде оқуға төлемді бір мезгілде (бүкіл оқу кезеңіне) немесе кезең-кезеңмен төлеуге (жылына бір реттен жиі емес өзгертілуі мүмкін) байланысты соманың өзгеруі шартпен өзара реттеледі", – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Яғни, Үкімет бұл іске араласпайды, жастарға ара түспейді. Ол тек мемгрант аясында бюджет есебінен оқыту ақысын анықтайды.

"Басқаша айтқанда, ақылы оқыту құны мен сомасы тек ЖОО мен талапкер арасындағы шарттық талаптармен реттеледі! Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберіндегі гранттың құны 1 білім алушыны оқытуға жұмсалатын шығыстардың орташа құнын қамтиды. Мемгрант құны оқытудың кредиттік оқыту технологиясын ескере отырып, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес қалыптастырылады", – деді Премьер-министр.

Ол осы әдістемені Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2023 жылғы 10 шілдедегі №311 бұйрығымен бекіткенін еске салды.

Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Президенттің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі жолдауын іске асыру үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қаржыландырудың жаңа моделін кезең-кезеңмен енгізу жұмысы жүргізілуде.

"Бұл жұмыс оқу процесінің сапасын ескере отырып, ЖОО-ларды саралау нәтижелері бойынша олардың арасында орналастырылатын және студенттерге ҰБТ нәтижелері бойынша берілетін білім беру гранттарының мөлшерін саралауды енгізу арқылы да атқарылуда. Аталған шаралар университеттерімізді халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орындарына трансформациялауға, оқытудың нарықтық құнын айқындай отырып, кадрлар даярлау сапасын және олардың бәсекеге арттыруға бағытталған", – деді О.Бектенов.

Яғни, мемлекет оқу ақысының әрі қарай қымбаттауын, құнын құрықтамайды. Тек ЖОО-лар басшыларының сол астатөк қаржыны қалтасына баса бермей, оқу сапасын көтеруге де бағыттауын қарастырады.

Үкімет жатақхана ақысының жоғарылауына да тыйым салмайды. Тек жастардың баспанамен қамтылуын арттыруға күш салады. Премьер кейінгі жылдары жаңа 251 жатақхана іске қосылғанын жеткізді. Бұл колледждер мен жоғары оқу орындарының тағы 62 мыңнан астам студентін жатақхана орнымен қамтуға мүмкіндік берді.

"Бұл жатақханаларда тұру құны пәтер, хостел, қонақүй бағасымен салыстырғанда айтарлықтай төмен және төленетін ақы негізінен айына 10-30 мың теңге шамасында. Ол ақы осы объектілерді күтіп-ұстауға және жоспарлы жөндеуге, сондай-ақ жайлылық жағдайларын ұсынуға байланысты ағымдағы шығындарды өтейді", – деді Олжас Бектенов.

Бірақ жылына миллион сұрайтыны бар екені расталды: Премьердің дерегінше, еліміздегі 2 ЖОО-да – SDU (Сүлеймен Демирел атындағы университет) мен Narxoz University-де тұру құны қосымша ақылы көрсетілетін қызметтер мен жайлылық жағдайларын ескере отырып, айына шамамен 90 мың теңгені құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу