Үрей ұшыратын үй

2386

Жезқазғанда жалғыз емес – жиырма сегіз.

Үрей ұшыратын үй

"Бұл тұрғын үйге топалаң тигелі едәуір уақыт өтті. Бұрын алтыншы кіреберіс алаңдататын, үйдің бүйірінен дүкен мен дәріхананың қосымша құрылысы жүргізгелі үрей сейілді. Қазір бірінші кіреберіс қиындық туғызып тұр. Қабырғаның қиылысқан тұсы жарылған бетте қала әкімдігіне арыздандық. Одан берген уәдеден басқа, қайыр шамалы болды. Зерттеу жүргізген жекеменшік компания "апатты үй" деген қортындыға келді. Өзіміз қалтамыздан қаражат шығарып, қауіпсіздікті уақытша қамтамасыз еттік". Бұл - Жезқазған қаласы Алашахан даңғылы №33 үй тұрғындардың айтқаны.

"2016 жылы қарашада "Жаңа құрылыс" мамандандырылған мекемесі "бірінші кіреберіс апатты жағдайда" деген қорытындыға келді. Оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі жағы темір арқау арқылы бетонмен бекітіліп, қабырғаның сыртқы жағынан шевеллер қойылды.

Тексеру кезінде қазір үйде тұруға болатындығы айтылды. Ал қауіпсіздікті нығайтуға арналған жұмыс жүргізу үшін "Босаға" жекеменшік пәтер иелері кооперативінің өтінімімен "Жаңа құрылыс" мамандандырылған мекемесі сметалық есеп-қисап жасады", - дейді фирма директоры Мұхамбетрахым Әжібаев. Бұған "Босаға" жекеменшік пәтер иелері кооперативінің басшысы Сәрсенкүл Игемберлина төмендегідей пікір қосты: "Бұл үй 1966 жылы пайдалануға берілген. 2000 жылдан бері біздің қарамағымызда.  Кезінде жан-жақты тексеріліп, жарылған жері бітелген. 2012-2014 жылдары ешқандай оғаш өзгеріс байқалмады. 2015 жылы тамызда тағы сызат түсті. 2016 жылы тұрғындар қаланың төтенше жағдай басқармасы мен әкімдігіне мұң-мұқтажын жеткізді. Содан былтыр 20 желтоқсанда жалпы жиналыс өткізіліп, тұрғын үйдің бірінші кіреберісіндегі апатты жағдайдан арылудың жай-жапсары талқыланды. Одан әрі бүлінуді тоқтату үшін панельді нығайтуға бағытталған құрылыс жұмысы атқарылды".

Әрине бұл жағдайдан жергілікті билік жан-жақты хабардар. Қол қусырып қарап отыр деуден аулақпыз. Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Орынбаев былай дейді: "Бұл үйдің бір кіреберісі "апатты" деп айқындалған. Тұрғындардың өтінішімен сараптама жасаған жекеменшік компания сондай қорытындыға келген. Өзім тұрғындармен бірнеше рет кездестім. Үй жекеменшік пәтер иелері кооперативіне қарайды, ол жөндеу жөніндегі сметаға тапсырыс берген.  Күн жылынғасын жөндеу жұмысын бастау туралы  шешім қабылданды. Бірақ тұрғындар оны күтпей, мердігер мекеменің көмегімен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шарасын қарастырды. Бұл — жекеменшік пәтер иелері кооперативі мен тұрғындардың бастамасымен болған іс. Бірақ біз апатты үйде тұруға болмайтынын ескерттік. Оларға басқа баспана тауып беруге мүмкіндік жоқ. Жезқазғанда жалғыз бұл емес, жиырма сегіз апатты үй бар".

Соның бірі – Жеңіс көшесіндегі №11 үй. "3 наурызда түнгі сағат 22:30-да  Жеңіс көшесіндегі №11 үйдің тұрғындары тағы да wattsapp арқылы xабарлама жіберді... Құлайын деп тұрған үйдің төбесі тағы да сыр беріпті. Бүтіндеу тұрған төбеден тағы да жарықшақ пайда болыпты. Шошып кеткен олар кімге xабарласарын білмей отыр екен. "Әкімдікке xабарлас, қабылдау бөлімі тәулік бойы жұмыс істейді" десем, "олар не істейді?" - деп өзімнен сұрайды. Сірә, үмітті үзген.

Келесі күні сол үйде қала әкімінің орынбасары Нұржан Орынбаев, тұрғын үй инспекциясы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автокөлік жолдары бөлімінің басшылары Жомарт Бегаев және Қуанышбек Сансызбаев болыпты. Жағдайды басшылар жақсы біледі. Тек қаржы қол байлап тұр. Шамалы күту керектігін айтқан оларға тұрғындар үміт артып отыр. "Апат айтып келмейді", алайда, бұл апат "айтып" келе жатқанына 20 жыл болды" дейді Жезқазған аймақтық "Сарыарқа" газеті бас редакторының орынбасары Гүлден Жанділдинова.

Әлібек Әбдіраш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу