Қалаларда тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау камераларының болғанына қарамастан, қылмыстық ахуал өз деңгейінде емес. Мәжілісмен Әбілфас Хамедовтың осы мәселені арқау етіп ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Депутатымыздың бұл өтінішіне ауылдағы техникаларды қоспағанда, көлік ұрлығы, мал ұрлығы мен пәтер тонау бойынша көңіл көншітпейтін статистика себеп болып отыр. Көптеген азамат үшін авто тек көлік құралы ғана емес, сонымен бірге бүтіндей бір отбасын асырап отырған табыс көзі. Ал, жалпы алғанда, кез келген адам үшін көлігін ұрлатып алу үлкен шығын екені белгілі", – деп бастады сөзін депутат.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2018-2021 жылдар аралығында 6379 автокөлік ұрланған, оның тек 2776-сы табылып, иелеріне қайтарылған, оның ішінде:
- 2018 жылы – 1910 ұрлық, 1083-і анықталды;
- 2019 жылы – 1493 ұрлық, 814-і анықталды;
- 2020 жылы – 2122 ұрлық, 525 табылды және Гарант-24, Estate Lombard, Profitable Credit сияқты қаржылық пирамидалар мен алаяқтық істер бойынша 1162 көлік тіркелген;
- 2021 жылы - 854 ұрлақ тіркеліп, 354 көлік табылды.
Салдарынан 3603 көліктің қайда кеткені белгісіз. Ел азаматтарына 18 млрд теңгеге жуық шығын келтірілді.
"Осылайша, статистикадан көріп отырғанымыздай, табылған көліктер саны жылдан жылға азайып келеді. Ал бұл ұрланған 10 көліктің тек 3-і ғана иесіне қайтарылады деген сөз, қалғандары белгісіз. Бұл қалаларда тәуліктің кез келген уақытында қарапайым бейнебақылаудан бастап жүргізушілердің тәртіп бұзушылықтарын жоюға дейін камералардың тұтас желісі жұмыс істейтініне қарамастан орын алып отыр. Осыншама бақылау камераларының өзі көмектеспей ме?", – деп сұрады депутат.
Айта кету керек, елімізде жол жүру ережелері бұзылған жағдайда бұл туралы хабарламалар бірден көлік иелеріне жолданады. Алайда көлік ұрлығына келгенде жағдай басқаша.
"Біздің елде полицияға деген сенім онсыз да төмен. Осыған орай Ішкі істер министрлігіне сұрақ қойғым келеді. Көлік ұрлықтарын ашуды арттыру үшін қандай шаралар атқарылуда? Зардап шеккен азаматтардың шығынын кім өтейді?", – деп сұрады Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтан мәжілісмен Әбілфас Хамедов.