Ұсақ жанар-жағармай құю бекеттерін қанқақсатқан талап жойылуы мүмкін

3591

Шабан интернет жанармай құю бекеттерін шаршатып бітті.

Ұсақ жанар-жағармай құю бекеттерін қанқақсатқан талап жойылуы мүмкін Фото: Canva.com

Осыдан жеті жылдай бұрын елімізде есепке алудың жаңа түрі пилоттық режимде енгізілді. Оған сәйкес, бірнеше өңірде мұнай өнімдерінің бөлшек саудасымен айналысатын жанар-жағармай құю станциялары (ЖҚС) бұдан былай автокөлік иелеріне қанша бензин, дизель сатқаны туралы әр грамына дейін үздіксіз хабарлап тұруға міндеттелді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты. 

Бұл хабарлау ауызша не жазбаша емес, автоматты түрде жүргізіледі. Осы мақсатта олар "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ның мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін есепке алудың арнайы ақпараттық жүйесіне (СУНП) қосылды. Сонымен бірге ЖҚС-тар есепке алудың бақылау аспаптарын орнатуға тиіс болды. 

Бұған билік неге барды?

Үкімет өкілдері түсіндіргендей, бұл елдегі мұнай өнімдерінің айналымына мемлекеттік бақылауды күшейту және көлеңкелі экономикамен пәрменді күрес үшін қажет болыпты. Өйткені сонда түрлі терактілер ұйымдастырған экстремистік ұйымдар, жат ағындар, ұйымдасқан қылмыстық топтар мұнай мен мұнай өнімдері нарығын "жаулап", өз қолына алуға ұмтылды. Содан құзырлы органдар жанар-жағармай бекеттерінің ресми операторлардан тыс, "бөгделердің" әкелген бензинін жасырын сатуына тосқауыл қойғысы келіпті.

Елде пандемия басталған жылы пилоттық жоба аяқталып, оның талабы барлық ЖҚС-тарға таратылды. 2021 жылғы 1 қаңтарда мұнай өнімдерін сатуды, тиеп-жөнелтуді, тасымалдауды және айдауды тек қана есептеудің бақылаулық аспаптары арқылы жүзеге асыруды талап ететін заңнамалық норма күшіне енді. 

Осылайша, республикадағы 3,2 мыңнан астам ЖҚС есептегіштер орнату міндеттемесін мойнына алды. Оның 1,8 мыңнан астамы – қалалардың ішінде, қалған 1,4 мыңы – ауылдық елдімекендерде немесе жол бойында орналасқан. Сарапшылардың айтуынша, жаңа талап бәрінен де осы соңғыларына қиын соқты. 

Өйткені шалғайда ұшқыр интернет қолжетімді бола бермейді. Ал онсыз "Ұлттық ақпараттық технологияларға" (ҰАТ) деректерді үздіксіз, дәлме-дәл беріп тұру мүмкін емес. Соның кесірінен мәліметтердің берілуінде сәйкессіздіктер табылып, кәсіпкерлерге қомақты айыппұл салынады. 

Қазақстанның бүкіл территориясының жылдам интернетпен қамтылмағанына билік кінәлі, сол үшін бизнесті жазалағаны әділетті ме? 

Проблема аталған бизнес ортада наразылықтың өршуіне ықпал етіп келеді. Шыдамның шегіне жетсе керек, бір апта бұрын батысқазақстандық ЖҚС иелері арыз айтып, мұңын шағып, БҚО-ның Кәсіпкерлер палатасына келді. 

Соның алдында көліктерге бензин мен дизелді отын құю қызметтерін көрсететін бизнес субъектілері жоғарыға ұжымдық шағым жолдаған. 

Кәсіпкерлер бюрократиядан да зардап шегіп отыр: ЖҚС иелері мұнай өнімдерінің айналымы туралы есеп тапсырып тұруға да міндеттелді. Ондағы деректердің шынайылығын тексеру үшін уәкілетті орган декларант, яғни ЖҚС қожайыны ұсынған есепті ақпараттық жүйедегі мәліметтермен салыстырады. Салдарынан "заправкілердің" көбінен қателік табылады. 

Ол қателіктер қайдан пайда болады?

Жалпы, ҰАТ жүйесі де, есептеу аспабы да сала кәсіпкерлерінің "бас ауруына" айналды. Ағаттықтардың мәнісіне жан-жақты талдау жүргізген Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, бақылау-есептеу құралдарының деректері мен ақпараттық жүйе деректерінде айырмашылыққа себеп болатын қаптаған факторлар анықталды. 

Бизнесті шығынға батырған, жанармай құю бекетінен нақты уақыт режимінде деректерді беру бойынша талаптардың бұзылуына соқтырған негізгі факторларға келесілер жатады:

жеткізушілер, дилерлер есептегіш аспаптарды дұрыс орнатпаған;

мұнай өнімдерінің қате параметрлері енгізілген (массаның теріс мәні, тығыздықтың массаға немесе көлемге сәйкес келмеуі);

жанармай станциясы есептеу құралын ретке келтіргенде, 1 санын белгілеген, мұнай өнімдерін жеткізу массасында 0 келіні көрсеткен;

бақылау-есептеу құралдарында "мәліметтің дереккөзі" ағытылып қойылған;

"Су есептеу" және "ОРС жіберу" тетіктері ретке келтірілмеген;

"Мұнай өнімін жанармай бекетіне жекізу" модулі қате реттелген;

бақылау құралын тығыздық өлшемдерінсіз (плотномер) орнатқан немесе статистикалық тығыздықты қоя салған;

бақылау-есептеу құралының өлшеу дәлсіздігі асып кеткен;

бақылау-есептеу құралын калибрлік кесте бойынша қате реттеген;

осы аспапта уақыты мен датаны қате көрсеткен;

ұйым бақылау-есептеу құралын қосу үшін қате тэгтер жіберген.

Бұдан бөлек, мынадай жағдайлар да кездесіпті: аспаптың сыртқы көрсеткіштері бойынша консолі қосылған және резервуарлардың көрсеткіштерін көрсетіп тұрған. Алайда ол ҰАТ-тың ақпараттық жүйесіне дәл сол деректерді шынайы уақыт режимінде беруді іске асырмаған.

Сондықтан ЖҚС иелері деректердің бұрыс жіберіліп жатқанын не мүлде жіберілмей қалғанын анықтап, оны түзетуге тез ден қойып отырса, жөн. 

Жанар-жағармай бекеттерінің иелері жолдаған ұжымдық шағымда айтылғандай, биылғы қарашада олар "суыт" хабар алыпты. Мемлекеттік кірістер басқармалары камералдық бақылау қорытындысында 2022 жылғы қаңтардан 2023 жылғы маусым аралығын қамтитын кезеңде мұнай өнімдерінің айналымына қатысты талаптардың орындалмай жатқанын тапқан екен. Олар өз хабарламаларында бизнесмендерден кемшіліктерді дереу жоюды талап етті. 

"Талаптың сақталмауы "есепке алудың бақылулық аспаптары арқылы сатылған мұнай өнімдерінің көлемі бойынша алшақтықтарға" қатысты деп көрсетілген. Олар мұнай өнімдері айналымының балансы жөніндегі декларацияда жазылған көлемдерге сәйкес келмейтінін ескертті. Біз бұл ескертпемен келіспейміз. Мемкірістер басқармасынан хабарламаларын кері қайтарып алуын сұраймыз", – деді арызданушы кәсіпкерлер. Өйткені құлақтақтырудан кейін айыппұл салынады. 

Кәсіпкерлер қалыптасқан тағы бір тәжірибеге шағымданды: ЖҚС-тар бензин мен дизелді қабылдағанда, есептегіш аспап ақпараттық жүйеге деректерді резервуарға мұнай өнімі құйыла салысымен дереу жібереді. Талап сондай. Бірақ бұл – мемлекеттік стандартқа қайшы көрінеді. Қатты қысыммен лақылдата құйылған сұйықтық біразға дейін бір ернеуден екіншісіне шайқалып, толқынданып тұратыны мәлім. Салдарынан, деңгей өлшегіш құрал (уровнемер) қате көрсеткішті тіркеуі мүмкін. 

Аттарын жариялағысы келмеген ЖҚС иелерінің түсіндіруінше, мемлекеттік стандартқа сәйкес, сұйықтық тынық күйге түсу үшін жазғы уақытта кем дегенде – 2 сағат, қыста 4-6 сағаттай күту керек. Тек содан соң мұнай өнімінің көрсеткіштерін алған жөн. 

Монополист "мүлкін" мемлекетке тегін бере ме? 

Айта кететін жайт, бастапқыда, пилоттық жоба кезеңіне қатысушылар есептеудің ақпараттық жүйесіне тегін қол жеткізетін. 2021 жылдан бері бұл ақылы болды. 

Жанар-жағармай бекеттерінен деректерді қабылдап алу үшін "Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін есепке алудың ақпараттық жүйесі" құрылды. Оның операторы – "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ы. Жүйеге қосылу үшін сонымен келісім бекіту және әрбір аспап үшін абоненттік ақы төлеп тұру міндет. Бұл АҚ сондай-ақ этил спирті мен алкоголь өнімін өндіру мен айналымын бақылау саласындағы есепке алу аспаптарының да операторы.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ҰАТ-тың аталған қызметтерінің тарифтеріне талдау жүргізіпті. Сөйтіп, оның деректер қабылдаудан миллиардтап табыс тауып отырғанын анықтады.

"Операторлық қызмет мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмайды. Қаржыландыру ақпараттық жүйелерді пайдалану қызметтерін ұсыну арқылы жүзеге асырылады. Алайда ақы алуды заңдастырған құқықтық актілер жоқ болып шықты. Соған қарамастан, "ҰАТ" АҚ ақпараттық жүйелерге салған инвестицияларын артығымен қайтарып алды. ҰАТ шамамен 2,2 миллиард теңге табыс тапты. Ал кәсіпкерлік субъектілерінен шағымдар түсуде: олар техникалық талаптарға сәйкес жанар-жағармай бекеттеріне байланыс пен интернетті өз есебінен тартуға мәжбүр. Бұл абоненттік төлем құнына кірмейді, жеке шығынды талап етеді және бизнеске қосымша қаржы ауыртпалығын түсіріп жатыр", – деп мәлім етті антимонополиялық орган. 

Оның мәліметінше, мұнай өнімдерін есепке алудың ақпараттық жүйесін жасауға ҰАТ 46,5 миллион теңге төл қаржысын жұмсапты. 

Ведомствоның түсіндіруінше, бұған қоса, интернеттің тұрақты болмауы, электр энергиясының сөніп қалуы және өзге де техникалық себептер кесірінен операторға қате, өзекті емес, ескірген деректер кетеді. Бұл декларациядағы көрсеткіштердің алшақтығына әкеп соғады. Сол үшін әкімшілік айыппұл салынады. 

Агенттіктің хабарлауынша, нарық субъектілері мен қауымдастықтар оператордың тарифтерінің қымбаттығын мәселе етіп бірнеше рет көтереді. "ҰАТ" АҚ әрбір аспап үшін 4 150 теңгеден абоненттік төлем төлеп тұруды талап етеді. 

"Осы және басқа шығындардың бәрі ақыр соңында тұтынушы есебінен өтеледі. Біздің байламымызша, нарық субъектілерінен, сайып келгенде, тұтынушылар есебінен ақы алу арқылы мемлекеттік бақылау функцияларын орындау – ақпараттық технологиялар қызметтерін мемлекеттік сатып алу талаптарын "айналып өтудің" тәсілі болып табылады. Оның үстіне кәсіпкерлік субъектілерінің ҰАТ-қа төлем төлеуі және онымен шарт жасасуы жөніндегі талаптар заң жүзінде бекітілмеген", – деген қорытындыға келді антимонополиялық агенттік. 

Осының ескере отырып, ведомство Үкіметке ұсыныспен шықты. Ол біріншіден, "ҰАТ" АҚ-тың операторлық қызметін заңнамалық деңгейде алып тастауды ұсынды. Екіншіден, салалық ақпараттық жүйені уәкілетті мемлекеттік органдардың балансына беру керек деп санайды. "Ұлттық ақпараттық технологиялар" өзі салған инвестициясын қырық еседен астамға артығымен қайтарып алды. 

"ҰАТ" АҚ есепке алуға арналған аталған ақпараттық жүйелерін мемлекеттің балансына өтеусіз, тегін беруге дайын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу