Үш жыл бұрын миллиондаған қаржыға салынған су құбырларында су жоқ

1134

Жамбылда облысында ауызсу мен ағын судың тапшылығын көрген ауыл тұрғындары мәселені жыл соңына дейін шешіп беруді талап етіп отыр.

 Үш жыл бұрын миллиондаған қаржыға салынған су құбырларында су жоқ Фото: inbusiness.kz

Негізі 2020 жылы Қордай ауданындағы Кенен ауылының су құбыры желілерін қайта жаңартуға 114 248 395 теңгені қаржы бөлінген. Мердігер қызылордалық "Ақмешіт-Мелиоратор" ЖШС тендер жеңімпазы деп танылған.

Құрылыс жұмыстары жоспарға сай, кестеде көрсетілген кезеңде аяқталған. Алайда ауылда ашық су көзін пайдаланылатын болған соң, құбыр су жүйесіне сол күйі қосылмай қалған.

Құрылысы біткенімен, су ақпай тұрған құбырлар да тоза бастаған.

"Барлық мәселе – судың қорын анықталмай жатып, құбырларды тартып қойғандығында. Ауылдан су көзін таппай жатып, ауызсу құбырларын тартып, қаншама қаржыны желге ұшырды. Су жоқ болса, тендерге миллиондаған теңге тігіп, құрылыс жұмыстарын неге жүргізді? Соны түсінбедік? Судың қорын анықтамай жатып, қалайша бұл жобаға қыруар қаржы бөлді? Енді міне, мұнарасы да, құбырлары да сарғайып, шіріп барады", – дейді Кенен ауылының тұрғыны Нұрболат Кәрібай.

Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов су құбырларының іске қосылмауын жерасты су қорының болмауы себеп екенін айтты.

Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша Кенен ауылындағы су қоймасын жаңартып, комплекстік блок-модуль орнату жоспарлануда. Ашық су көздерін жаңартылған су резервуарына біріктіріп, фильтрмен тазартып, ауылдың су құбырына қоспақшы.

Ауылдағы ағайын бұл проблема жыл соңына дейін шешілгенін қалайды. Өйткені елді мекенде тек ауызсу ғана емес, ағын су да тапшы екен.

"Ауламызға көкөніс егейік десек те, тағы да күніміз суға қарап тұр. Құрғақшылық ауыл тұрғындарына ауыр тиді. Тасып ішер ауызсудың мәселесі де әбден жүйкемізді тоздырды. Мердігерлер келіп, құрылыс басталғанда әні-міне суға қарық болатындай қуанып едік. Қазір тамшы суға зар болып отырғанымыз мынау. Ауданымыз шөлейтті аймақ емес, бірақ соған қарамастан, қазған жерлерінен су шықпады деп отыр. Енді бұл мәселені жыл соңына дейін шешіп беруді талап етеміз, – деді ауыл тұрғыны Майра Әлмешова.

2020 жылы Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің "Қордай Су" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны  65 миллион теңгеге жуық қаржыға Кенен ауылындағы су жүйелерін сервистік көрсету желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын да жүргізген екен. Бірақ жерасты су қоры болмаған соң, жүйені қайта салып, қайта жөндегеннен қайыр болмай тұр.

Аудан басшыларының ендігі үміті – Сулысайдағы ашық қайнар көздерінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу