Үш жыл "жыр" болған зауыт салына ма?

14829

Техникалық кремний өндірісінің "тағдыры" қоғамдық тыңдауда шешіледі

Үш жыл "жыр" болған зауыт салына ма?

Екібастұз қаласының аумағында кремний шығару мәселесі соңғы үш жыл бойы талқыланып келеді. 2017 жылы  жергілікті ANSA Silicon және қытайлық Xian TCH Energy Technology Co. Ltd компаниялары бірлесіп, қуаттылығы жылына 135 мың тонна болатын зауытқа 38 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлаған еді. Сол үшін мемлекет меншігіндегі 170 гектарға жуық жерді жалға алды. Бірақ қоғамдық тыңдаулар кезінде жаңа өндіріс орындарында қолданылатын қытайлық құрал-жабдықтардың талапқа сай келмейтіні анықталып, зауыт іске қосылмайтын болды.

Жобаның жүзеге аспауына екібастұздықтардың Президентке ашық хат жолдауы да әсер еткен болса керек. 2018 жылдың тамызында тұрғындар зауыттың құрылысына қарсы екенін білдіріп, хатқа 10244 адам қол қойды. Ал өткен жылдың наурыз айында Екібастұз қаласының басшылығы өндіріс орнының салынуына бөлінген жер телімдерін мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстары басталғанын баяндады.

Мұндай жаңалық жергілікті жұртшылықты қуантпай қоймады. Алайда бұл қуаныш көпке созылған жоқ. Былтыр Біріккен Араб Әмірліктерінің Canarax компаниясы  "ANSA Silicon"ЖШС акцияларын сатып алды. Сөйтіп, техникалық кремний шығаратын өндіріс орнын салу мәселесі қайта жанданды.

Canarax Dutch BV басқарма төрағасы Нитин Бхатнагар жаңа жобаның экологияға кері әсер тигізбейтінін айтқан еді.

"Бізді бұған дейінгі инвесторлармен салыстырудың қажеті жоқ. Жаңа өндіріс орны тек  италиялық технология негізінде жұмыс істейтін болады. Қоршаған ортаның қауіпсіздігіне баса мән беріледі", – деп уәдесін үйіп-төккен еді инвестор.

Бірақ бұл инвестордың сөзі де "құрғақ" уәде болып шықты. Жаңа жобада кемшін тұстар жетіп артылады. Экологтар зауыттан шығатын қатты қалдықтардың өңделмеуі, судың көп көлемде пайдаланылуы, зиянды қалдықтарды сүзгіден өткізетін құралдардың аздығы экологияға зиян әкелетінін айтып, дабыл қақты. Павлодар облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Мейір Алпысовтың айтуына қарағанда, шетелдік кәсіпорын бұл ескертулерді назарға алып, жобаға өзгерістер енгізді.

"Экологтар мен тұрғындар тарапынан жобаға қатысты сыни пікірлердің барын жақсы білеміз. Сондықтан инвесторлар жобаға өзгерістер енгізді. Пайдаланылатын су көлемі бірнеше есеге азайып, қосымша сүзгілер қойылатын болды. Қатты қалдықтарды жинап, сақтамас үшін оларды сатып алатын компания табылды", – дейді Мейір Алпысов.

Енді бұл өзгерістерді көпшілік құптай ма, жоқ па? Ол 30 қазан күні онлайн форматта өтетін қоғамдық тыңдау кезінде белгілі болады. Қатысушылар зауыттың қоршаған ортаға әсер етуі жөніндегі алдын-ала болжамын қолдаса, Екібастұз аймағында техникалық кремний өндірісі басталады.  "Canarax Dutch BV" компаниясы бұл кәсіпорынға 35 млрд теңге қаржы құйып, 2023 жылдың соңына қарай іске қосуды жоспарлап отыр.

Ажар Дәулетова


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу