Биыл мамыр айында Екібастұз қаласында кремний зауытының құрылысы басталатынын 2016 жылы Павлодар облысының әкімдігі ресми мәлімдеген болатын. Сол кезде Екібастұзда онсыз да ауаға зиянды қалдық шығаратын бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмыс істейтінін алға тартқан қоғам белсенділері жаңа зауыттың салынуына қарсы екендерін жеткізген.
Таяуда мәселе қайта көтерілді. Сол-ақ екен уатсап арқылы: "Шұғыл ақпарат! Достар, бұл ақпаратты бәріне таратыңыздар! Бұл мәселе екібастұздықтардың денсаулығына қатысты. Қытайлықтар 2018 жылдың мамыр айында Екібастұз қаласында кремний зауытының құрылысын бастамақшы. Бұл – химиялық-радиоактивті кәсіпорын. Зауыттан шығатын қалдықтардың құрамында: трихлорсилан, дихлорсилан, хлор секілді адам денсаулығына аса қауіпті әрі соңы қатерлі ісікке алып келетін зиянды заттар бар. Зауыт салынған күнде жергілікті тұрғындардың өмірі 10-15 жылға қысқарады. Соңғы рет Абаканда кремний зауытын салу туралы бастама халық тарапынан қолдау таппағандықтан құрылысты Омбыға көшіру туралы шешім қабылданды. Экологиялық қатерге алып келетін мұндай зауыттан әлемнің барлық елдері бас тартып жатыр...", – деген ақпарат таратылды.
Ақиқатын айту керек, бұл хабарлама екібастұздықтарды бей-жай қалдырған жоқ. Бірден белсенді топ құрылды. Зауыттың құрылысына қатысты қауесет желдей есіп, жақтаушылар мен даттаушылар екіге бөлінді. Ақырында елді екіұдай күйге қалдырған ақпаратқа зауыт иелері – "Ansa Silicon" ЖШС өкілдері ғана тұщымды жауап бере алатыны анықталды. Нәтижесінде қалалық ішкі саясат бөлімі "Ansa Silicon" ЖШС директоры Серғазы Беркінбаевпен, жоба жетекшілері Бауыржан Алтеев және Жақып Күлтайұлымен қоғам белсенділерінің кездесуін ұйымдастырды.
Екібастұздың келешегіне алаңдаған тұрғындар сұрақтарды қарша боратты. Серғазы Беркінбаев кремний зауытына қатысты ақпаратты растады.
"Ansa Silicon" ЖШС ел аумағында заң аясында жұмыс істейтін отандық кәсіпорын. Кремний зауыты құрылысының жобасы аяқталуға жақын. Оған МАЭС-1 және МАЭС-2 станцияларының ортасынан жер берілді. Қазір бұл жер қоршалып, жол салынып жатыр, – деді ол.
Кездесуге келгендер кремний зауытын салуға неліктен Екібастұз қаласы таңдалды деген сұраққа да жауап алды.
Біріншіден, елімізде электр энергиясына деген тапшылық бар. Екі электр станциясы жақын орналасқандықтан, электрқуатын қолжетімді бағаға сатып алуға болады. Ал басқа қалада зауыт салған жағдайда КЕГОК арқылы жеткізілетін электр қуаты қымбатқа түседі. Бүгінде МАЭС-1 станциясы жанынан 70 гектар жер бөлінді. Станцияның сыртқы электрмен қамту жүйесіне қосылуға техникалық келісімшарт жасалынды. Сондай-ақ бөлінген жер шикізат орындарына жақын орналасқан. Кварцит – Қарағанды облысынан, мұнай коксы – Павлодардан, ал ағаш кесінділері Ресейден тасымалданады. Бұл факторлар өнім бағасының бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп үміттенеді сұраққа жауап бергендер.
Екіншіден, жұмыс күшін Екібастұздан тартуға қолайлы. Зауыт іске қосылған жағдайда 800 адам жұмыспен қамтылады. Жоба үш кезеңде жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңін жыл соңына дейін аяқтау көзделуде. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 35 мың техникалық кремний болса, кейін инвесторлар аймағымыздағы инвестициялық қолайлылыққа байланысты жобаның жылдық қуатын 135 мың тоннаға дейін ұлғайтпақ. Жобаға құйылған инвестициялардың жалпы көлемі 38 миллиард долларды құрайды.
Инвесторлар уатсап арқылы таратылған мәлімет шындыққа жанаспайтынын айтты.
"Әңгіме кремний тұрғысында болғандықтан, мына мәселенің аражігін анықтап алайық: біздің шығаратынымыз – техникалық кремний. Бұл өнім Еуропадағы, Жапониядағы, Қытайдағы әлеуетті тұтынушылардың арасында сұранысқа ие. Жасалу технологиясына келсек, көмірқышқыл газын есептемегенде қалдықсыз шығарылады және қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Біз кремнийді шикізат күйінде шығарамыз. Оның құрамында кварцит пен құм ғана бар. Химиялық-реактивті зиянды қалдықтар шикізатта болмайды. Біз дайындаған өнім металлургиялық өнеркәсіптерде қолданылады. Шетелге экспортқа жіберіледі. Шикізатты терең өңдейтін бірінші санатты зауыттар Қытайда, Жапонияда, АҚШ-та орналасқан. Шикізатты терең өңдеу кезінде ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар қоршаған ортаға да, адамдарға да аса қауіпті екені ғылыми түрде дәлелденді. Алып державалардың бірі саналатын Ресей Федерациясында кремнийді күрделі технологиямен өндіретін бір ғана зауыт бар. Ал Қазақстанда мұндай зауыт салынған жоқ. Екібастұзда салынады деп жоспарланған зауыт үшінші санатты зауытқа жатады. Зауыт салынған күннің өзінде қоршаған ортаны қорғау шаралары ескеріледі және қуатты заманауи тозаң тұтқыш құралдар орнатылады. Зауытта 16 пеш жұмыс істейді. Олардың бәрі жоғары технологиямен жабдықталады. Жобада мұның бәрі қарастырылған. Дәл осындай үшінші санатты зауыт Қарағанды қаласында жұмыс істеп тұр. Зауыт қаланың шетінде салынған. Өндірістен қалаға ешқандай қауіп-қатер төнген емес", – деді жоба жетекшілері.
Жиынға қатысқан белсенділер: "Егер Қарағандыда тап осындай зауыт жұмыс істесе, оны қайталаудың қажеті қанша? Қарағанды зауытын кеңейтіп, қуатын арттыруға не кедергі? Әлеуметтік желілерде "Қытай Қазақстанға 51 зауытын көшіреді" деген ақпарат жүр. Екібастұзда салынатын зауытқа қытайлықтардың қатысы бар ма?" – деген сауалдарды төтесінен қойды.
Алғашқы сұраққа серіктестік өкілдері дайын болмады ма, әлде басқа ма белгісіз, әйтеуір олар бірден келесі мәселеге көшті.
"Біздің компанияда Қытайдың үлесі жоқ. Жобалау тобындағылар – өскемендіктер мен қарағандылықтар, зауыт құрылысымен отандық құрылыс компаниялары айналысады. Әйтсе де зауытқа қажетті құрал-жабдықтардың Қытайдан тасымалданатыны рас. Пештерді Қытайдан алдыртамыз. Кейбір бөлшектерді Еуропадан жеткізуге тура келеді. Зауыт іске қосылған күнде шетелдік мамандар бір жылдай біздің мамандарды оқытады, жаңа техникалармен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретеді. Жергілікті мамандар жаңа техниканың тілін меңгерген соң, шетелдіктерді отандарына қайтарамыз", – деп өз уәждерін алға тартты.
Бұдан кейін лауазымды тұлғалар тіпті жылы сөйледі.
"Жоба міндетті түрде экологиялық сараптамадан өткізіледі. Барлығы мемлекеттің бақылауында болады. Экологиялық сараптаманы алсақ, міндетті түрде қоғамдық тыңдау өткізіп, осы мәселеге қайта ораламыз.Тұрғындардың келісімінсіз зауыт құрылысын бастай алмаймыз. Сіздердің пікірлеріңіз біз үшін маңызды", – деді олар.
Дария Ерғазина