Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектың айтуынша, Германиядағы, Швеция мен Финляндиядағы серіктестермен бірлесіп, ел өнеркәсібіне Индустрия 4.0 элементтерін енгізу жұмыстарының дайындығына тексеру жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша цифрлық технологияларды енгізуге қатысты тиісті шаралар бекітілген.
Осылайша, биыл 7 фабриканы цифрландыру жұмысы басталады. Олар – Кентау трансформатор зауыты, "Карлскрона", "Химфарм", "Еуразиан фудс", Алматы вентилятор зауыты, "Қазақмыс" корпорациясы және "Қазхром" кәсіпорындары. Сонымен қатар, жүйе құраушы кәсіпорындарға Индустрия 4.0 технологиясын енгізу жобалары жүзеге асырылатын болады. Былтыр бұл бағытта үш жоба жүзеге асырылса, биыл тағы да үш жобаны қолға алу жоспарланып отыр.
"Бүгінде өнеркәсіпті цифрландыру әлемдік трендке айналды. Сондықтан индустрияландырудың үшінші бесжылдығы цифрлық дәуірге арналатын болады. Үшінші бесжылдықтың тұжырымдамасы жыл соңына дейін әзірленбек", – деді Жеңіс Қасымбек инвестициялар және даму министрлігінің алқа мәжілісінде.
Министрдің сөзіне сенсек, жоспарланған дүниелерді жүзеге асырудың нәтижесінде 2018 жылы өңделген экспорттың құны өткен жылмен салыстырғанда 10,3%-ға артатын болады. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінің еңбек өнімділігі 6%-ға, өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестиция 1 трлн теңгеге ұлғаяды деп күтілуде.
"Индустрияландыру бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде 2017 жылы өңдеу өнеркәсібі 5,1%-ға өсті. Негізінен өндіріс көлемінің өсімі металлургия (+5,9%), азық-түлік өндірісі (+4,1%), мұнай өңдеу (+5,0%), химия өнеркәсібі (+7,2%), фармацевтика (+41,8%), жеңіл өнеркәсіп (+7,3%), машина жасау (+5,6%), құрылыс материалдары өндірісі (+ 3,7%) есебінен артып отыр", – деді министр.
2017 жылдың 11 айында өңделген өнім экспорты 22,1%-ға артып, 14 млрд АҚШ долларын құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестиция 4,7%-ға өсті (981,6 млрд теңге).
"Былтыр индустрияландыру картасы аясында 1,5 трлн теңгенің 120 жобасы іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Биыл жалпы сомасы 1 трлн теңге болатын 150-ден астам жобаны іске қосып, 15 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр", – деді Жеңіс Қасымбек.
Министрдің мәліметінше, Қазақстан өз өнімін 122 елге экспорттайды. Ал ірі эспорттаушы елдер арасында 53-ші орында тұр. 2017 жылдың 11 айында экспорт 31,6%-ға өсіп, 43,1 млрд АҚШ долларын құрады. Импорт көлемі 15,8%-ға артып, 26,4 млрд АҚШ долларына тең болды. Қазақстан нарығындағы экспорт үлесінің 50%-ы Еуропалық одаққа тиесілі. Сонымен қатар, экспорттың 12%-ы Қытайға, 11%-ы Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, 5%-ы Орталық Азия елдеріне жөнелтіледі. Қазақстан мыс, титан, ферроқорытпа, сары фосфор, ұн, мақта майы, бидай, зығыр тұқымын жеткізу бойынша әлемде көш бастап тұр.
"Биыл инвестиция тарту мәселесі күшейтілетін болады. Жалпы индустрияландыру қолға алынған 8 жылда өңдеу секторына 28 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. 2017 жылдың 9 айында өңдеу өнеркәсібінің тікелей шетелдік инвестициядағы үлесі 24%-ға дейін өсті", – деді Жеңіс Қасымбек.
ҚР инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Склярдың баяндауынша, 2018 жылы жолға қатысты 23 жобаны іске асыру жалғасады. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар 4,2 мың шақырым автожол қайта қалпына келтіріледі.
"Биыл қайта қалпына келтірілген 528 шақырым автожол қозғалысын ашу жоспарланып отыр. Республикалық автожолдардың техникалық жағдайын қамтамасыз ету үшін биыл 179 шақырым жол учаскесін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Оның 104 шақырымы және 32 көпір пайдалануға берілмек", – деді Роман Скляр.
Биыл жол саласындағы ірі жоба – Алматы үлкен айналма автомобиль жолының құрылысы. Құрылыс жұмыстарын бірінші жартыжылдықта бастау жоспарлануда. Осы жылдың екінші тоқсанында Астана-Теміртау (132 шақырым), Алматы-Қапшағай (42 шақырым) және Алматы-Қорғас (295 шақырым) учаскелеріндегі жалпы ұзақтығы 469 шақырым болатын автожол учаскелерінде ақы алу жүйесін сынақтан өткізілмек.
"Биыл республикалық және жергілікті бюджеттерден паритеттік негізде қосымша 60 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл шараларға 4 мың шақырымнан астам жол жөнделеді. Осылайша, 2025 жылға қарай жергілікті жолдардың 85%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетеді", – деді Роман Скляр.
Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың сөзінше, былтыр құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 3,7%-ға өсіп, 440 млрд теңгеден астам соманы құрады.
"11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 100 мыңнан астам отбасы жаңа тұрғын үйге қол жеткізді. Бұл – өткен жылдың рекордтық көрсеткіші. Яғни, 2016 жылмен салыстырғанда, 6,2%-ға артық. Жылдық жоспарға орай жалпы тұрғын үйлерді пайдалануға беру 111%-ға орындалды. Тұрғын үйлерді тапсыру бойынша Астана және Алматы қалалары, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары көш бастап тұр", – деді Қайырбек Өскенбаев.
Фархат Әміренов