Утильалым мөлшері тағы да төмендетілсе не болады?

7088

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр "сүйіншісіз" қалған сыңайлы. Себебі көпшілік бірінші вице-премьердің автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасының утилизациялық алымы 50%-ға төмендейді деген жаңалығын қуанып емес, қынжылып қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Утильалым мөлшері тағы да төмендетілсе не болады?

Халық кәдеге жарату алымының мөлшерін 80-90%-ға арзандату қажет деп санайды. Ал сала мамандарының өз уәжі бар.

Сырым Семейбаев, "СарыарқаАвтоӨндіріс ЖШС директоры:

– Утильалымның мөлшері қазіргі деңгейден төмендетілетін болса, ел аумағына қолданыстағы техникалық регламентке сай келмейтін ескі көліктер кіргізіле бастауы мүмкін. Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі және  индустриялық саясат жүргізіп отырған мемлекет ретінде бізде утилизациялық алымның мөлшеріне қатысты бірыңғай саясат болуы керек деп санаймыз.

Кәдеге жарату алымы Қазақстанда өндірілген автокөлікке қолданылмайды. Сәйкесінше отандық автоөндірістің конвейірінен шыққан көліктің бағасы өзгермейді. Ал біздің елде өндірілмейтін автокөліктердің бағасы утильалымның төмендеген құнына сәйкес арзандауы мүмкін.

Анар Мақашева, Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті:

– Ел заңнамасына сәйкес, импорттаушылар мен өндірушілер кәдеге жарату алымын төлеуге тиіс. Бұл қаражат отандық автопаркті жаңарту және ескі автокөліктен арылу инфрақұрылымын дамытуға бағытталуы керек.

Бірер күн бұрын "Жасыл даму" компаниясының утилизациялық алымнан түскен ақшаның 100 млрд теңгесін жеңілдетілген автонесие бағдарламасына жұмсайтыны жарияланды. Іс барысында ел азаматтары алғашқы жарнасыз, 7 жылға 4%-бен автокөлік сатып ала алатыны айтылды. Бұл ретте 100 млрд теңгенің 30 млрд теңгесі автобус паркін жаңартуға бағытталатынын айта кетуіміз керек.

Бүгінгі таңда несиеге рәсімделетін автокөліктің пайыздық мөлшерлемесі шамамен 17-25%, кейбір компанияларда 40% құрайды. Салыстырмалы түрде алсақ, 4% өте тиімді мөлшерлеме. Бұған қоса алғашқы жарна төлеудің қажеті жоқ.

Ермек Ескергенов, "Вираж" ЖШС бас директоры:

– Қазақстанға сырттан келетін автөкөліктерден алынатын кәдеге жарату алымы 50%-ға азайтылды. Өзімізде өндірілетін автокөлік пен техникадан утильалым алынбайды. Осыны ескеру керек.

Көпшілік утильалым бағасының тағы да төмендетілгенін қалап отыр. Мұның экономикалық салдары қалай болатынын есептеу қажет. Зауыттардың жағдайы қалай болатыны назарға алынуға тиіс.

Шетелден автокөлік әкелген азаматтар бір рет утильалым төлейді. Алдағы уақытта утильалым 2 есе қысқартылады. Бұл айтарлықтай жеңілдік болып саналады.

Кәдеге жарату алымының төмендеуіне қарамастан, Қазақстанда шығарылатын тракторлар мен комбайндардың бағасы өзгермейді. Себебі олардың бағасында утильалым жоқ.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу