Ұжымдық спорт түрлерінде қазақтар неге аз

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3648

"Қазақ бокс пен күреске ғана бейім" деген жаңсақ ұғым әлі қыр соңымыздан қалар емес.

Ұжымдық спорт түрлерінде қазақтар неге аз

Тәуелсіздік алғанымызға 26 жылдан асып кетсе де, ұжымдық спорт түрлерінде қазақ балаларының саны көбеймей отыр. "Баяғы жартас – сол жартас" дегендей, Кеңес одағы тұсындағы осы бір кемшілігіміз – әлі сол күйінде. Табан тірескен дүлей додада ел намысын қорғайтын қыз-жігіттеріміздің басым көпшілігі – өзге ұлт өкілдері. Одан қалса, сырттан шақыртылған келімсектер.

Апыр-ау, спорттық ойын түрлерінде неге қазақ аз, осы? Аракідік сүйегімізге таңба болған осы сұрақтың жауабын қазбалап, осы мәселенің түйінін іздеп қоятынымыз да бар. Ондайда әр түрлі себептері айтылады.

Соның бірі һәм негізгісі, біз қазақтар ұжымдық ойын түрлеріне "мүлде жоқ" екенбіз. Кеңес Одағы тұсында солақай саясатты ұстанғандар бұл проблеманың шешемін бізге осылай, оп-оңай "тауып берген". "Сіздер, қазақтар, күрес пен боксқа бейімсіздер. Бұл екеуі сіздердің болмыстарыңызға, мінез-құлықтарыңызға жақын. Ал ұжымдық спорт түрлеріне келіңкіремейсіздер. Жаратылыстарыңыз солай" деп аузымызға құм құйған-ды...

Ал біз, соған мәз болдық. "Ойбай, біз бокс пен күреске болмаса, қалғанына жоқпыз" ғой деп, іліп әкеттік. Әрі бұл пәлсапаны түрлендіріп, түлетіп те жібердік. Тіпті мұны мақтаныш та көрдік. Бір ғасыр болмаса да, жарты ғасырдан асты, осы пәлсапаға имандай иланып жүрміз. Оу, сонда Алла тағала, Жаратушы күш әр спорт түрін әрбір ұлттың маңдайына, пешенесесін жазып қойып па?

Әлде қазақ доп ұстауды білмей ме? Ел қатарлы жүгіре алмай ма? Мергендігіміз қайда қалады? Қайсарлығымыз бен қажырлылығымызды неге кәдеге жаратпаймыз? Әлде қазақтың неше жылдық тарихында ұжымдық спорт түрлері болмаған ба? Болғанда қандай! Қазақтың ұлттық ойындарының ішінде көкпар деген сайыс бар. Білмесеңіздер, біліп қойыңыздар, көкпар – ұжымдық ойын! Осындай ұлттық ойыны бар қазақты ұжымдық ойынға жолатпауымыз қалай?

Сонда қалай? Өмірде қазақ – көпшіл, қонақжай. Жылы-жұмсағын өз бала-шағасының аузынан жырып, қонағына береді. Ол кезде өзін де ойламайды. Ал спортқа келгенде, қалай ғана өзімшіл бола қалады? Қалай ғана тек қара басының қамын ойлайды? Сонда қазақ ойын үстінде өзгеге пас бермей ме?! Түсіне алар емеспін.

Ал қазақ неге бокс пен күрес түрлеріне ғана үйір, осы? Себебі бұған дейін қазақтың дені ауылды жерлерде тұрды. Ал шалғайдағы ауылға ешкім де хоккей ойнайтын мұзайдын, теннис кортын, су спорты бассейінін, футбол және жеңіл атлетика стадионын және т.б. салған жоқ. Ауылды жерлерде тек бокс және күрес түрлері қол жетімді болды.

Енді заман өзгерді. Қазақтар да ауылдан қалаға ойыса бастады. Бірақ ұжымдық ойын түрлерінде қазақтар саны күрт көбейіп кеткен жоқ. Бірақ қозғалыс бар, алға жылжу байқалады. Десек те, көңілдегідей емес. Себебі қазіргі бапкерлер жетістікке төте жолмен жетуді ойлайтындай. Шүмектетіп тер төгіп, жас баланы жастайынан дайындағаннан гөрі, шет елден дайын спортшы ала салғанды жөн көре ме, түсініксіз.   

Спорттың қымбат түрлерінде қазақтардың көбеймей отырғандығының тереңде жатқан тағы бір себебі бар. Ол – тіл мәселесі. Алайда бұл жабулы қазан күйінде, әлі ашылмай отыр. Бәрі де тіл мәселесіне тіреліп тұрмағанымен, негізгі кінәратының бірі – осы. Өйткені сонау заманнан бері біздегі бапкерлердің басым көпшілігі – орыс тілді мамандар.

Ауылдан келген қазақтардың немесе мемлекеттік тілді отбасының балалары жаттықтырушының айтып тұрғандарын түсінбей, бірте-бірте шетке қарай ығыса береді. Өзінің айтқанын, түсіндіргенін ұқпайтын спортшыны қай бапкер жақтыра, ұната қойсын? Сөйтіп бапкер мен шәкірт арасы суи береді, суи береді.

Осылай, табиғатынан сүйктеріне сіңген ұяңдық пен ұялшақтықтың кесірінен қаншамасы спортты тастап кетуге мәжбүр болады. Спортта қазақ балалары көбейсін десек, мемлекеттік тілді мамандар санын көбейтіп, ана тіліміздің мәртебесін көтеруіміз керек. Қазақ тілінің беделін өсіру керек. Тілдің құдіреті мен киесінің асқақтығын түсінетін кез баяғыда келді.  

Айтпақшы, "қазақ бокс пен күреске ғана бейім" дейтін данышпандарға айтар датымыз да бар. Қазақстан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпиондары осы екеуінен емес, ұжымдық спорт түрлерінен шықты. Ерлер арасындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы – баскетболшы Әлжан Жармұхамедов (1972 жыл). Ал әйелдер арасындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы – биатлоншы, эстафетада алтынмен апталған Динара Әлімбекова (2018 жыл).

Екеуі де балуан да, боксшы да емес. Өкініштісі, екеуі де Қазақ елінің намысын қорғап, чемпион болған жоқ. Әлжан аға КСРО құрамасы сапында, ал Динара қарындасымыз Беларусь елінің құрамында асқақ армандарына жетті.  Не деген дархан жүрек, кең пейіл Қазақ едік... Сонда қалай, өзіміз Олимпиада чемпиондарын шығара алмаймыз ба? Әлде шетелдік спортшыларға әуестігіміздің сазайын тартып жүрміз бе?! Жоқ, әлде "қазақ командалық спортқа жоқ!" деген білгіштердің сөздерін жоққа шығару үшін Жаратқанның өзі осылай қиюластырып отыр ма?!

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу