В.Соарес: "Ертіс" қазақ футболының мақтанышы

2596

Қазақстан футболының алғашқы жарқын парақтары "Ертіс" футбол клубымен байланысты. Павлодарлық команда Азия чемпиондар лигасында үздік төрттік қатарына кіріп еді. Сол кездегі "Ертістің" негізгі ойыншысы болған бразилиялық Валденилдо Соаресті жанкүйерлер әлі ұмыта қойған жоқ деп ойлаймыз.

В.Соарес: "Ертіс" қазақ футболының мақтанышы

- Валденилдо, 2001 жылы "Ертіс" командасы Азия чемпиондар лигасына қатысып, үздік төрт команданың қатарына кірді. Сол құрамда өзіңіз де болдыңыз. Ол кезде телекөрсетілім де болмады. Павлодарлық клубтың ойындары есіңізде ме?

- Әлбетте. Барлығы да есімде. Біз алғашқыда Түркменияның "Ниса" деген командасын оңай жеңдік. Сосын жеребе бізді Тәжікстанның "Варзоб" деген командасына қарсылас қылды. Біз оларды да жеңдік. Қос матчтан тұратын теке тірестің екеуін де жеңдік. Соның арқасында топтық кезеңге өттік. Тобымызда Сауд Арабия елінің "әл-Хилал", "әл-Иттихад" деген екі командасы, сосын Иран елінің чемпионы "Персеполис" деген командасы болды. Топтық кезеңнің барлық ойыны Тегеранда өтті. Алғашқы матчта "әл-Хилалмен" тең түстік. Екі команда да гол соға алмады. Екінші ойында алаң иелері "Персеполиспен" кездестік. Бұл ойында да қарсылас қақпасына гол соғу мүмкін болмады. Дегенімен, "Азади" стадионына келген жанкүйерлер ойыннан ләззат алды деп ойлаймын. Сосын соңғы шешуші матчта біз "әл-Иттихадпен" кездестік. Бұл матчта міндетті түрде жеңіске жетуіміз керек еді. Ойынның 14-минутында Нилтон Мендес гол салды. Көңіліміз көтеріліп, одан сайын алға шықтық. 25-минутта Нилтон екінші голды соғып, жағдайымызды жақсартып қойды. Кейіннен арабтар да бір гол салды. Бірақ, біз жеңісті есепті сақтап қалдық. Осы жеңістің арқасында 5 ұпаймен өз тобымызда екінші орын алдық.

- Иә, бұл ойындарда Сіздің отандасыңыз, марқұм Нилтон Мендес жарқырап көрінді ғой. Екеуіңіз алаңда да, өмірде де дос едіңіздер...

- Нилтон менің ең жақын досым еді. Негізі менің "Ертіске" ауысуыма сол себепші болды. Мен ол кезде Бразилия біріншілігінде ойнайтынмын. Нилтон мені шақыртып, "Ертіспен" келісімге келдім. Ол нағыз бомбардир болатын. Қазақ жанкүйерлері оны әлі ұмыта алмай жүр. Футболдан бөлек, адамгершілігі де керемет жігіт еді. Соның екі голының арқасында біз Азия чемпиондар лигасының жартылай финалына шықтық.

- Жартылай финалда ақтық сынға өтетін мүмкіндік болды ғой. Сол матчта финалға жолдама алу үшін не жетіспеді?

- Матч Оңтүстік Корея елінің Сувон деген қаласында өтті. "Джубило Ивата" Жапонияның дүркін-дүркін чемпионы болатын. Өте атақты команда. Құрамында Еуропадан келген легионерлер ойнайтын. Жергілікті жапониялық ойыншылары да ұлттық құрамада жарқырап жүретін. Оларға қарсы ойнау оңай болған жоқ. Десе де, біз қорғанысты мықтап ұстап, аракідік шабуылдап отырдық. 90 минутта есеп ашылмады. Негізі біздің ойын көбінесе қорғаныс арқылы екенін байқаған шығарсыз. Үнемі 0-0 ойнайтынбыз. Бұл жолы да солай болды. Қосымша минутта біз қақпамызға гол жіберіп алдық. Ал үшінші орын үшін болған матчта тобымызда қарсылас болған "Персеполиспен" ойнадық. Бұл матчқа көңіл-күйсіз шықтық. Қатарынан екі гол жіберіп, жеңіліп қалдық. Дегенімен, Қазақстан клубтары үшін бұл алғашқы жетістік болатын.

"Джубило Ивата" (Жапония) — "Ертіс" (Павлодар) 1:0 қос.уақ (0:0, 0:0)
Гол: Каназава, 104 (1:0)
"Ертіс": Новиков, Суродеев, Мазур, Горячев, Клишин, Кротов (Коноваленко, 57), Вороговский (Барсуков, 77), Хамидуллов (Карпович, 88), Киров, Мендес, Соарес

- "Ертістегі" кездерді жақсы есте сақтапсыз, сосын өзге чемпионатқа ауысып кеттіңіз ғой.

- Жалпы "Ертіс" мен үшін Әлемге ашылған есік болды. Өйткені оған дейін мен тек Бразилияның ішінен шықпаған болатынмын. Павлодардағы жемісті жылдардан соң мен Сауд Арабиясының біріншілігіне ауыстым, артынша Оңтүстік Кореяда және Аустриячемпионаттарында да доп тептім. Кейіннен Гватемалада бағымды сынадым. Жас біразға келген соң, отаныма қайттым. Жалпы, футболдағы мансабымның осылай өрілгеніне еш өкпем жоқ. Осының барлығы "Ертістің" арқасы дер едім.

- Қазір немен шұғылданып жүрсіз?

- Біз өмірімізді футболға арнаған адамбыз ғой. Қазір жаттықтырушымын. "Куритиба" командасының 18-жасқа дейінгі жастарының бапкерімін. Бар білгенімді жастарға үйретіп жатырмын. Қазақстанның бір командасын барып баптасам ба деген ойым да жоқ емес. Сондықтан да, әртүрлі командаларға хабарласып көремін. Қазақ футболын жақсы білемін. Ол жақтағы адамдардың өмір-салтынан хабарым да жоқ емес. Орыс тілін де жақсы білемін.

- Сұқбатыңызға рахмет!

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу