Вакцинацияланбаған балаларға балабақшада квота бөлінеді

13649

Бөбектер арасындағы "оппозиция" азшылықта қалды. 

Вакцинацияланбаған балаларға балабақшада квота бөлінеді

Ата-аналардың наразылығынан және ақпарат құралдарының сынынан кейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой профилактикалық екпе егілмеген балаларды мектепке дейінгі білім ұйымдарына қабылдауға рұқсат етті.

ДСМ басшысы бұл шешімін "Мектепке дейінгі ұйымдарға жоспарлы профилактикалық егулер алмаған балаларды және ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейін жіберу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығының жобасы арқылы рәсімдемек.

Әйтпесе, биылғы 7 шілдеде күшіне енген "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне сәйкес, егілмеген балаларды, тіпті медициналық қарсы көрсетілімдері бойынша егіле алмаған бүлдіршіндерді балабақшалар мен мини-орталықтар қабылдаудан бас тартты. Бұл ұйымдардағы медицина қызметкерлері осыны жаңа денсаулық кодексі талап ететінін алға тартты.

Бұйрық "жоспарлы профилактикалық егуді алмаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу тәртібін" және "ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейін айқындау әдістемесін" бекітеді деп жоспарланған.

"Осы қағидалар жұмыс істеу режиміне және болу уақытына қарамастан (толық не толық емес күндізгі немесе тәулік бойғы балалар ұйымдары), сондай-ақ меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қолданылады. Осы қағидалар жаңадан құрылатын мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын ашу және жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі ұйымдарда жаңа топтарды қалыптастыру кезінде қолданылады, жұмыс істеп тұрған топтарға және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қолданылмайды", – делінген құжатта.

Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, егілмеген балаларды вакцина қабылдаған құрбы-құрдастары қорғайды, мұны ұжымдық иммунитет деп атайтыны мәлім. Бірақ ондай иммунитет қалыптасу үшін вакцина қабылдамаған балалар саны аз болуы керек көрінеді.

Бұйрық жобасына сәйкес, тек ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейіне қол жеткізілген балабақшаларға ғана егілмеген балаларды жіберуге мүмкіндік беріледі.

"Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының (МДБҰ) топтарында ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін балаларды жоспарлы профилактикалық егулермен қамтудың шекті деңгейі кемінде 90%-ды құрауға тиіс. Бұл ретте, жоспарлы профегулерді алмаған балаларды МДБҰ-ға жіберу кезінде олардың үлесі 10%-дан аспауға тиіс", – деді Денсаулық сақтау министрлігі.

Меморган нақты кестені де ұсынды, ол бойынша егер балабақша не мини-орталық тобында 10 бала болса, ондағы ұжымдық иммунитетті қалыптастыратын, қарапайым тілмен айтқанда вакцина алған 9 бала болуы міндет. Сонда егілмеген 1 ғана балақай ортаға ене алады.

Егер топта 20 бала болса, тиісінше, оның кем дегенде 18-і – егілген, тек екеуі ғана егілмеген бола алады. Егер елді мекенде балабақшада орын тапшы болып, топтар 25 баладан құралса, бәрібір ол топқа екпеден ата-анасы бас тартқан 2 бала ғана ене алады. Бұл жағдайда ұжымдық иммунитет 92%-ды құрайды.

Осы орайда А.Цойдың вакцинадан ат-тонын ала қашқан ата-аналардың перзентіне әлдебір алапестей жаман көзбен қарайтыны аңғарылып қалды. Мысалы, министр балабақшалардың медицина қызметкерін және тәрбиешілерін егілмеген балалардың әр қадамын бақылап отыруға міндеттемек ниетте: атап айтқанда, әр топтағы балалар аулада бірге ойнағанда, немесе өзара қосылып, бірге тамақтанғанда араға егілмеген көп бала кіріп кетпеуін солар мұқият қадағалауға тиіс болады.

"Топта 10 бала болған, бірақ тамақ ішу, серуендеу немесе ойын кезеңінде балалар бірге болған кезде 2 топқа ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін жоспарлы профилактикалық егулермен қамтудың шекті деңгейін бірге есептеуге жол беріледі (20 балаға 2 бала)", – делінген жобада.

Цойдың бұл "квотасы" пікірталас туғызуда.

"Жарияланған бұйрық жобасында бір күмәнді тұс бар: ол бойынша балабақша басшылығы топтарды қалыптастыру кезінде әлгі квотаны бөледі және тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдердің болуы себебінен егіле алмаған балаларға басымдық береді. Бұл коррупцияны өршітетін норма болса керек. Өйткені біріншіден, ата-аналар баласында ешқандай дерті болмаса да, әлдебір емханадан бармақ басты, көз қысты жолмен "кеселі бар, вакцинациялауға болмайды" деген анықтама алуға тырысуы ықтимал. Сонда басымдық алады. Екіншіден, әр топтағы айналдырған 1–2 орынды бөліске салғанда балабақша басшысы пара дәметуі мүмкін. Бұған дейін де қазақстандықтар мемлекеттік балабақшаға тұру үшін пара беретін. Енді мына құжат ол пара құны қымбаттататынға ұқсайды", – дейді заңгер Нұрбек Жайсаңбаев.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың бір айыбы – халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізбей, шешім қабылдауы болған. Жаңа министр А.Цой да соның қателігін қайталауы ықтимал. Себебі, елде бәрібір вакцинаға қарсы адамдар үлесі көп болып тұр.

"Бірде-бір ана өз баласына жаманшылық ойламайды. Бүгінде біраз ана вакцина өз перзентінің денсаулығына зиян келтіреді деген пікірде. Билік бұған зорлықпен жауап беріп, қыңырларды тізеге салып сындырмақ. Екпеден бас тартушыларды түк түсінбейтін, сауатсыз, надан тобыр деп ойлауын тоқтатуы керек. Оның орнына министрлік алдымен екпе егетін емхана дәрігерлерінің біліктілігін көтерумен айналысуы қажет. Олар тіпті вакцинацияланатын баланың денсаулық жағдайын анықтауды да білмейді. Тіпті дене қызуы жоғары болғанына қарамастан еге салатын салғырттары жетерлік. Балалар дәрігерінен сұрасаң, вакцина қай елде жасалғанын да білмейді. Бұған өзім куә болдым", – дейді қоғам белсендісі Әйгерім Бекжанова.   


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу