"Ваннаға батырып өлтірмек болды"

1778

Карантиндегі Қазақстанда тұрмыстық зорлық өршіді. 

"Ваннаға батырып өлтірмек болды"

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халыққа арналған есеп беру кездесуі кезінде биліктің отбасын ойрандаушыларға қарсы шаралар қабылдап жатқанын айтты.

"Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – өте өзекті мәселе. Статистика барған сайын өсуде. Тек пандемия басталғалы оның деректері 20–25%-ға артты. Еліміздің Бас прокуратурасының мәліметі бойынша 2017 жылы отбасы мен тұрмыс саласында 446 құқық бұзушылық тіркеліпті. 2019 жылы мұндай оқиғалар саны мыңнан асты. Мәселенің көкейкесті екенін ескере отырып, оны арнайы дөңгелек үстел отырысында талқыға салдық. Оның барысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға қатысты нақты ұсыныстар мен рекомендациялар енгізілді", – деді А.Балаева.

Министр ол шаралар пәрменді жүзеге асуы үшін заңнамада бекітілуі тиістігін жеткізді. 

"Мәжіліс депутаттарының бастамасы бойынша жеке заң жобасы әзірленді. Ол осы салаға жауап беретін мемлекеттік органдардың жауапкершілік аясы мен нақты шараларын анықтайды, қиянатшыл-агрессорларға жаза белгілейді, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлықтың алдын алу жұмыстарын айқындайды. Әрине, бұл – әлемдік проблема. Менің ойымша, ол тек меморгандардың ғана емес, сонымен қатар азаматтық қоғамның барлық институттарының жұмылуын талап етеді", – деп жалтарды министр.

Жалпы, мемлекет үйдегі ұрып-соғуларға қарсы тұру үшін үкіметтік емес ұйымдарға әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс, яғни гранттар беруге, дағдарыс орталықтарының жұмысын қолдауға ниетті. Мұның бәрі – бұрыннан қаржыландырылып келе жатқан ескі шаралар. Оның сонша тегеурінді тиімділік әкеліп отырғаны шамалы. Алайда Ақпарат және қоғамдық даму ведомствосының басшысы ары қарай да негізінен осы шараларға иек артатындарын растады.

Әлеуметтанушылар бұл бағытта балабақшадан тәрбие жұмыстарын жүргізбесе, бәрі бекер дейді. Ал оған жете мән берілмей отырғандықтан тұрмыстық қылмыстар жалғасуда.

"Дорожный контроль" және "Жан Ботанов" құқық қорғаушылар бірлестіктері жергілікті полицейлер қорған бола алмаған жәбірленушілердің қатары көбейгенін айтып, нақты мысал келтірді. Ұйымға Орал қаласының тұрғыны құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне шағым айтып жүгініпті.

"Жас келіншекті күйеуі ұдайы ұратын болған. Ол және жай адам емес, әкімшілік полициясының капитаны. Бірақ ішкілікке салынған жан көрінеді. Бірде ішімдікке сылқия тойып келген Жексенов үйінде 3 жасар қызын бағып отырған әйелін соққыға ала бастайды. Оны аз көрсе керек, қаһарға мінген полицей арықша келген әйелінің шашынан ұстап, ванна жаққа сүйрей жөнеледі. Сөйтіп, жұбайын суға батырып өлтірмек болған. Көрер күні таусылмаса керек, бақытына орай сол күні жөндеу жұмыстары жүргізіліп, су беру уақытша тоқтатылыпты. Судың жоқтығын білген "тәртіп сақшысы" әйелін қолмен-ақ ұрып өлтірмек болады. Ойға алғанын іске асыруға кіріскенде кенет бүлдіршін шыңғырып жылап қоя берген. Қаскүнемнің соған бір мезетке алаңдағанын пайдаланып, бойжеткен сытылып шығып, далаға жүгіреді. Жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері жеткенше көршісінің үйінде жасырынған", – дейді заңгер Александр Павлов.   

Дәрігерлер келіншектің мұрны, жағы сынғанын, бас сүйегі зақымданғанын анықтады. Содан кейін сауықтырудың ұзақ процесі басталды. Оның басы тоқтаусыз ауыратын болған, ұйқысыздық кеселіне ұшыраған.

Әлгіндей сорақы оқиғаға куә болған 3 жасар қыз бала енді тырнағын етіне дейін қанталатып мүжіп тастайтынды шығарыпты.   

"Екеуі ажырасты. Қынжылтарлығы сол, бұрынғы күйеуімен шиеленісті құқықтық өрісте шешу мүмкін болмады. Орал қаласының полициясы жас әйелдің шағымын қарамады. Олар полиция қызметкерімен айқаспаған дұрыс екенін меңзепті. Қылмыстық іс материалдарында бойжеткеннің өзі шалынып құлап, осындай жарақаттар алғаны жазылды. Әділет іздеген ол әлеуметтік желілерге жүгініп, шынайы және жан-жақты тергеу жүргізуді сұрап жүр", – деді А.Павлов.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұл мәселемен таныс екен. Ол құқық қорғау органдары зорлықшыл қызметкерлерін қорғаштамайтынын білдірді.

"Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінің аталған қызметкеріне қатысты шағым қаралды. Қазіргі кезде азаматша Алқанова келтірген тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы дәйектемелерді БҚО полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы қарауда. Қылмыстық кодекстің 115-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ Жексенов теріс себептер бойынша ішкі істер органдарынан босатылды", – деп жазды ІІМ басшысы өз блогында.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу