Венгрия Еуропа елдеріне сес көрсетіп отыр

4172

Германия және тағы сегіз ел алғаш рет Еуропалық Одақ ішінде шекараларды жабуда.

Венгрия Еуропа елдеріне сес көрсетіп отыр Фото: reuters.com

Euronews хабарлауынша, кейінгі жылдары – Германияда, кейінгі кезде – Венгрияда ушыққан заңсыз миграцияға қатысты ахуал "Шенген аймағының" болашағын бұлыңғыр етті. Салдарынан, 420 миллион адамды біріктіретін және еуроинтеграцияның ең салмақты жетістіктерінің бірі саналатын "The Schengen area" күйреу қарсаңында тұрғанға ұқсайды. Euronews оның қазіргі жағдайын "өлім алдындағы азабы" деп атады.

Өйткені Таяу Шығыстан, Ауғанстаннан, Ресейден, Украинадан, Африкадан бас сауғалап, пана сұрағандар легінің тоқтаусыз артуы Еуропадағы саяси күн тәртібін төңкеріп тастады. Бұрын басым болған ішкі мәселелер жаппай кері шегініп, миграция бірінші орынға шықты. Іс басындағы үкіметтер мен саяси күштер тынышы кетіп, мазасы қашып ашынған, ашуға мінген электоратын сабырға келтіру үшін қысқа мерзімді радикалды шараларға бой ұрды.

Жергілікті тәртіпті, заңнаманы, әдет-ғұрыпты сақтамайтын, тіпті тіл үйренбейтін тілазар келімсектердің теңдессіз ағынына тоқтау салуды алға тартып, Австрия, Венгрия, Словения, Швеция, Дания, Германия сияқты мемлекеттер шекараларда тексерістерді қайта енгізіп жатыр. Бұл Шенген аймағының ішкі бірлігі және еркін қозғалысы туралы қағидаларды деградацияға ұшыратты.

2023 жыл қорытындысында еңбек миграциясын қоспағанда, тек саяси пана ұсыну туралы өтінімдердің өзі рекордтық 1,12 миллион адамға жетті. Олардың саны мысалы, Шенгеннің мүшесі – Мальта елінің бүкіл халқынан екі еседен артық асып түседі!

Нидерландтан Италияға дейінгі көптеген ел босқындарды қабылдау орталықтарының аузы-мұрнынан шыға толғанына шағымданады. Еуропарламентке, ұлттық және жергілікті парламенттерге сайлаулар мигранттарға қатысты қатал курстың және ультраоңшыл, тіпті нацистік партиялардың жақтаушылары күрт өскенін паш етуде.

Бұл ретте "әлемдегі кедей мемлекеттердің үкіметтеріне ақы төлеп, Еуропадағы мигранттарды соларға көшіру" туралы бұрын тым оғаш, радикалды көрінетін идея енді кең таралып, мейнстримге айналды.  

Проблема ушыққан тұста, биылғы тамыздың соңында Германияның Золингенінде пана беру туралы ұсынысы қанағаттандырылмаған Сирия азаматы бейбіт тұрғындарға тап беріп, жолында кездескенін пышақтаған. Салдарынан үш адам құрбан болды. Бұл шабуыл үшін жауапкершілікті "ИГИЛ-Даеш" террористік тобы өз мойнына алды.

Еуропаның көп елінде шұғыл депортациялау тетігі жоқ. Салдарынан әртүрлі заңды (турист ретінде) және заңсыз (мысалы, теңізбен немесе жүк арасына жасырынып) еуропалық елдің аумағына кіріп алған келімсектер пана туралы өтініші қаралғанша, босқындар ұсталатын аймақтарда, немесе қонақүй, тұрғын үй алаптарында айлап тұрады.

Бұған наразы консерваторлар Германия канцлері Олаф Шольцтің федералдық Үкіметіне қаһарын төкті. Одан еуропалық жалпыға бірдей стандарттар аясынан шығатын шұғыл, тегеурінді шешімдерді талап етуде. Қысымға шыдамаған Германия басшысы саясатын қатайтуға уәде етті және елдің құрлықтағы барлық шекараларында тексеріс енгізді. Бұл да "Шенген аймағына" соққы. Бұрын оның бір елінің территориясынан екіншісіне өткенін жолаушылар тек тақтайшалардан білетін. Бүгінде шекарашылар бекет орнатып, орнығуда.

Германия Ішкі істер министрі Нэнси Фезер ханым осы арқылы заңсыз миграцияны азайтуға күш салынып жатқанын мәлімдеді. Ол "қолданыстағы ұжымдық, кешенді шаралардың аясынан тыс шығатын қадамдар ары қарай жасалатынына" анонс жасады.

Польшаның Премьер-министрі Дональд Туск неміс билігінің бұл шешімін "құптауға болмайтын тірлік" деп бағалады.

Оның пікірінше, бұл "кең ауқымда алғанда Шенген келісімінің әрекетін іс жүзінде тоқтатумен бірдей". Бұл мәселе ұжымдық Еуропаның ішіне іріткі салғалы тұр.

Мысалы, Австрия Германия жаққа бет қойған, бірақ ары өте алмаған бір де бір мигрантты өзінде қалдырмайтынын, оны Еуропаның өзге елдеріне қуып тастайтынын жариялады.

Осы елдердің бәрінің басын қосқан Еуропалық комиссия екі оттың ортасында қалды. Ол интеграциялық блоктың темірқазығы саналатын Берлиннің ашуын туғызбау үшін өз түсініктемесінде барынша абай болуға тырысты.

"Шекаралар туралы Шенген кодексіне сәйкес, мүше мемлекеттер салмақты қауіп-қатер туғанда, оны жою үшін ішкі шекаралық бақылауды жүзеге асыруға құқылы. Салмақты қауіп-қатер қоғамдық саясатқа да, ішкі қауіпсіздікке де қатысты болуы мүмкін. Бірақ бақылау ұстамды, сайма-сай болуы керек", – делінген ЕК шешімінде.

Бірақ сарапшылар бұл ұйғарым Шенген аймағының жақын арада тіршілігін тоқтатуы ықтималдығына қатысты алаңдаушылықты сейілте алмағанына назар аудартты.

Оның үстіне проблеманы Венгрия өршітіп отыр. Будапешт заңсыз мигранттарды тегіс Еуропалық Одақтың астанасы Брюссельге (Бельгия) жолдайтынын айтып, доқ көрсетті. Өйткені биылғы маусымда Еуропалық сот келімсектерді қабылдаудан бас тартқаны үшін Венгрияны айыпты деп танып, 200 миллион еуро айыппұл салды. Венгрия сол үшін кек алмақ.

Будапешт айыппұлды төлеуден бас тартты. Бірақ одан өзі ұтылады. Сот қаулысын орындауды кешіктірген әрбір күні үшін 1 миллион еуро өсімпұл төлейді.

Түсініксізі сол, мұсылман және украиналық босқындарға қырғидай шүйліккен Виктор Орбанның үкіметі Мәскеу мен Минскіге іші жыли қалды. Венгрия Батыс тарапынан оқшауланған, тиісінше, виза алуы қиындаған Ресей және Беларусь азаматтарына Шенген аймағына айналма жолмен кіру үшін "ауланың сыртқы қақпасын" ашты. Ресейліктерге және беларусьтерге Венгрияның Ұлттық картасын тарата бастады. Ресей азаматтары үшін Венгрияға виза алу күрделі емес. Будапештке қонған соң ресейліктер бүкіл Шенген аймағында жаппай тарап, еркін жүре алады.

Еурокомиссияның ұстанымынша, осы арқылы Мәскеу еуропалық санкцияларды айналып өтеді және бүкіл Шенген аймағының қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Мамандар визалық қатаң іріктеуден тыс Еуропаға кіріп алған ресейліктердің ішінде диверсанттар, тыңшылар, арандатушылар болады деп қауіп қылады.

Олар сондай-ақ Венгрияда түрлі жалған фирмалар құрып, Ресейге сатуға және экспорттауға тыйым салынған әскери, қосарланған мақсаттағы өнімдердің жеткізілімдері схемаларын жолға қояды деген болжам бар.

Қазіргі кезде ЕО Венгрияның заңсыз мигранттарды Брюссельге әкелуіне кедергі жасаудың "барлық заңды мүмкіндіктерін" қарастырып жатыр. В.Орбан өз елінің шекарасына дейін жеткен мигранттарға Еуроодақ астанасына дейін тегін билет әперіп, автобустарға жаппай отырғызатынын жария етті. Өткен жылдары Еуропаға қарсы мұндай "мигранттық шабуылды" Беларусь ұйымдастырып, көрші Польшамен арадағы шекарасында дағдарысты қолдан жасаған болатын. Ол шекараға мигранттар велосипедпен және жаяу ағылды.

Еурокомиссияның мәлімдеуінше, егер Виктор Орбан қоқан-лоққыдан оны орындаудың нақты қимылдарына кіріссе, онда бүкіл Шенген аймағының тұтастығын быт-шыт қылады.

"Мұндай арандатушылық бүкіл Шенген аймағының қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Заңсыз қоныстанушыларды венгр-серб шекарасынан Брюссельге дейін тасымалдау туралы венгриялық биліктің мәлімдемесі ақылға сыймайды. Осы арқылы ол ЕО заңнамасын бұзады. Сондай-ақ бұл әрекеті адал және лоялді ынтымақтастық қағидаты туралы еуропалық келісімге қайшы. Біз Венгрияның ЕО заңдарын сақтауын қамтамасыз ету үшін қолда бар барлық заңгерлік мүмкіндіктерді пайдалануға дайынбыз", – деді Еурокомиссияның өкілі Анита Хиппер.

Мұның нені білдіретінін, Будапештке қарсы қандай санкциялар салынатынын ЕК өкілі нақтыламады. Осыдан кейін сарапшылар Венгрияның Еуроодаққа мүшелігін уақытша тоқтату тетіктері қарастырылуы керектігін айта бастады.

Қалай болғанда, Еурокомиссияның жаңа түсініктемесіне сәйкес, бұдан былай Шенген келісіміне мүше 29 мемлекеттің кез келгені өз шекараларында уақытша шекаралық бақылау енгізуге, бақылау-өткізу бекеттерінің жұмыс сағаттарын қысқартуға, тіпті оны уақытша және біржақты түрде жауып тастауға құқылы.

Фин халықаралық қатынастар институтының аға ғылыми қызметкері, доктор Сайла Хейникоскидің байламынша, ішкі шекаралық тексерістер Шенгеннің рухына қайшы келеді. Себебі, ол ешқандай паспорттық бақылаусыз ортақ аймақ ретінде құрылған болатын.

Оның ішінде туристер, жұмысшылар және капитал еш кедергісіз еркін қозғалуға тиіс. Бұған дейін солай болды да. Шенген елдерінің тұрғындары және осы аумаққа заңды кірген шетелдіктер өзге серіктес елдерге сапарлау үшін жеке басын куәландыратын құжаттарын да алып жүрмейтін.

Бірақ босқындардың қаптауы салдарынан ортақ сыртқы шекараларды бірлесе бақылау, сөйтіп, ортақ қауіпсіздікті бірге берік ету қағидаты бұзылды.

Мәскеудің серіктестері саналатын Австрия және Венгрия отқа май құйып отырғандай. Олар Еуроодақ сыртқы шекараларды қырағы күзетіп, қорғау міндетін абыроймен атқара алмады деген сынын үдетті, бірлікке сына қақты.

Бұл пропагандаға енді еуропалық өзге елдердің жұртшылығы сене бастады. Өйткені көз алдарындағы сұмдық көрініс соны растайды. Жергілікті тұрғындармен басы қосылмайтын, жергілікті қауымдастықпен кірікпейтін, жат тілде ғана сөйлейтін түрлі мигранттар қаптап барады.

2015 жылдан бері Шенген елдері шекаралық тексерісті енгізу туралы 406 рет ұйғарым енгізіпті. Бұл цифрлар Шенген кодексінде бекітілген, осы аймақта "шекаралық тексеріс тек қана шетін жағдайда енгізілуге тиіс" деген қағиданы жоққа шығарады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу